28.04.2022, 18:32
Оқылды: 191

Альпинист өзі білім алған университетте болды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері Ақ Жайық өңірінде туып-өскен елімізге танымал альпинист Мақсұт Жұмаевпен кездесті.

IMG-20220428-WA0102

ҚР Альпинистер құрамасының капитаны, ҚР альпинизм бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық деңгейдегі спортшы Мақсұт Сағынтайұлы – университетімізді 1998 жылы «ветеринар дәрігер» мамандығы бойынша бітірген табысты түлектердің бірі. Қадірменді мейманды алдымен университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қабылдап, ыстық ықылас білдірді. Бұдан әрі оқу орнының үлкен залында студенттермен жылы жүздесу ұйымдастырылды. Студенттерге арналған көпшілік дәріс «Жеңіс формуласы» деп аталды.

Жазық далада өссе де, биік тауларға құмартқан қазақ альпинисімен кездесу Жәңгір хан университетінің білім алушылары үшін қызықты әрі әсерлі болды. Кездесуде сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов кеш қонағын таныстырып, бұл іс-шараның жаңалыққа құштар жастар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.

Студенттерді әсерлі әңгімесімен ұйытқан альпинист өзінің өмір жолы, заңғар биіктерді бағындыруда бастан кешкен оқиғалары, өзінің әскери саладағы қызметі жайында айтып өтті.

– Адам баласы ең бірінші өз ісін сүюі тиіс. Алдыңа қойған мақсатыңа жету үшін батыл қадам жасау керек. Биік тауларға шығу да үлкен тәуекелді талап етеді. Бұл – қорықсаң немесе басқа жоспарларыңмен орта жолдан қайта салатын сапар емес. Менің тауға шығатын әрбір сәтім отбасым үшін де үлкен сынақ, олар менен бетер алаңдап күтеді, – деген Мақсұт Сағынтайұлы өмірлік жары да альпинист екенін айтты.

Кездесу барысында студенттер де спорттың ерекше түрімен айналысатын мейманға өздерін қызықтырған сауалдарды қойды.

БҚАТУ медиа орталығы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале