23.08.2022, 18:11
Оқылды: 173

Әскери оқу-жаттығудан бас тартқандар 1 млн. теңге айыппұл төлейтіні рас па?..

Соңғы апта редакциямызға хабарласып, "Әскерге барған ұлымды, күйеуімді қайтадан шақыртып жатыр. Бармасаңдар 1 млн. теңге шамасында айыппұл төлейсіңдер депті. Осы қаншалықты рас" деген мәндегі қоңыраулар түсті. Оқиғаның мән -жайын білмек болып Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына хабарластық.

WhatsApp Image 2022-08-23 at 15.26.54

Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Амангелді әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жұмыстарына шақыртылып жатқаны рас деді. Оқу-жаттығу жұмыстарына бармағандарға ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қарастырылған. Ол кезде азаматтарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады деп түсіндірді бізге.
Осы күзде Орал қаласы бойынша жалпы саны 80 әскери міндетті азамат пен 26 запастағы офицер оқу-жаттығу жұмысына қатысады деп жоспарланған.

Оқу-жаттығу жұмысына әскерде болған, денсаулығы жарамды, бұрын сотталмаған, (Тергеу ісі жүріп жатқан не қылмыстық іс қозғалған азаматтар шақыртылмайды) діни теріс ағымда есепте жоқ азаматтар алынады.

Оқу -жаттығу жұмыстарын 1 – 30 қыркүйек аралығында қорғаныс істері жөніндегі басқарма мамандары жүргізеді. Ал 12 -22 қыркүйек аралығындағы 10 күндік оқу-жаттығу жиынын ҚР ҰҚК шекара қызметі өткізеді дейді мамандар.

Оқу-жаттығу жұмыстары Алматы қаласында да өтеді. Оған Орал қаласынан 15 запастағы офицер қатысады. Оқу-жаттығу 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтеді.

Оқу-жаттығу жұмысына 18 бен 50 жас аралығындағы әскерде болған әскери міндеттілер шақырылады.

Әскери оқу-жаттығу жұмысынан төмендегі санатқа жататын азаматтар босатылады. Мемлекеттік, Азаматтық және эксперименттік авиация персоналы, ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылық техникасын жөндеу ұйымында жұмыс істейтін адамдар егіс және егін жинау жұмыстары кезінде босатылады. Бұдан бөлек күндізгі ауысымда оқу, білім алатындар (студенттер, бакалавр, магистратура, доктарантура оқып жатқандар) Әскери міндетті әйелдер, әскерге барып келгеніне екі жыл толмағандар және 18-ге толмаған үш немесе одан да көп баласы барлар әскери оқу-жаттығу жұмысынан босатылады. Бұл тізімде депутаттар да бар. Иә, ҚР Парламенті немесе жергілікті өкілді органдардың депутаты болып сайланған әскери міндеттілер де оқу-жаттығу жұмысына қатыспайды.

«Вахталық ауысымда жұмыс істейтіндер соңғы алты айдағы жалақысын көрсететін анықтама тапсыруға міндетті. Ол жерде жалақы мөлшері 230 мыңнан жоғары болуы керек. Егер одан төмен болса оқу-жаттығу жұмысына қатысуға міндетті. ҚР Президенті бастамасымен әрбір облыс өз деңгейінде оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу керек деген бастамасына сәйкес біз оқу-жаттығу жұмысына шақырамыз. Оқу-жаттығу жұмысы кезінде біздің сарбаздар бұрын әскерде үйренген, қолданған әрекеттерін шыңдайтын болады. Әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен лауазымдары сақталады әрі орташа көлемде жалақы төленеді»,- деді ҚР Қорғаныс министрлігі Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлімше басшысы Қуаныш Амангелді.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Сурет newsroom.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале