«Kaztraffic-2026» көрмесі аясында Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің 51-ші отырысы өтті. Оған қатысушылар ТМД елдеріндегі автомобиль жолдарын дамыту, халықаралық көлік дәліздерін өркендету, инновациялық технологияларды енгізу және ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қазақстан жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобаларын таныстырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жазды.

18 қарашада Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің (ЖҮК) 51-ші отырысы өтті. Оған ТМД мемлекеттерінің жол басқармалары, салалық ведомстволары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, ТМД Атқарушы комитеті мен халықаралық салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мақсат Қалиақпаров қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде автомобиль жолдарының көлік қатынасын қамтамасыз етудегі, экономиканы дамытудағы және мемлекеттер арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Автомобиль жолдары саласын дамыту Қазақстанның басым бағыттарының бірі болып қала береді. Біз жол желісін жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және сапаны бақылауды күшейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. ТМД мемлекеттері арасындағы тығыз ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу көлік инфрақұрылымын дамытудағы ортақ міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Мақсат Қалиақпаров.
Отырыс барысында Төлеген Абдуллин Қазақстанның автомобиль жолдары саласының дамуы, жол желісін жаңғыртудың негізгі бағыттары және перспективалы инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады.
Атап айтқанда, «Арал – Каспий» көлік дәлізін салу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін реконструкциялау, республикалық және жергілікті жол желісін дамыту, сондай-ақ жол бойындағы сервисті жетілдіру жобалары таныстырылды.
Қатысушылар ТМД елдеріндегі халықаралық автомобиль жолдарының жай-күйі мен даму перспективаларын, көлік қатынасын жақсарту және жол саласына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін де талқылады.
Сонымен қатар IX халықаралық автожүріс қорытындылары және 2027 жылы өтетін X мерейтойлық автожүріске дайындық мәселелері қаралды. Ұзындығы шамамен 5,5 мың шақырым болатын маршрут Қырғызстан, Қазақстан және Қытай аумағы арқылы өтеді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жол саласын ұйымдастыруға және Достастық мемлекеттерінің көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті сала қайраткері Шәміл Бекбулатовтың атындағы Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің естелік медалін тағайындау туралы шешім қабылданды. Медаль жол шаруашылығын дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан мамандарды марапаттау мақсатында беріледі.
Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің отырысы жол саласының өкілдерін, жабдық өндірушілерді, сарапшылар мен бейінді ұйымдарды біріктірген «Kaztraffic-2026» халықаралық көрмесі аясында өтті.