25.02.2024, 17:47
Оқылды: 26

«Асыл арман» аншлагпен өтті

23 ақпан күні «Атамекен» өнер ордасында «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасы аншлагпен өтті. Қойылым Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналды.

DSC03743

Айта кетейік, қойылымның авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі драматург-жазушы Мадина Омарова болса, қоюшы режиссері – «Асанәлі» сыйлығының иегері Гаухар Адай. Ал қоюшы суретші және киім суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина.
Шыны керек, аталмыш қойылымды Ақ Жайық өңірінің асыл жұрты асыға күткен болатын. Себебі ел-жұрт ескен желдей Ескендірі мен есті әндерін сағынғаны анық. Иә, қателеспеппіз. Ауқымды «Атамекеннің» ат шаптырым залына жиналған халықтың қарасы мол болды. Ескендір ағамыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекен Қаратөбе ауданынан да бір қауым ел келді. Сонымен қатар Е.Хасанғалиевтің асыл жары Дарико Сопыжанқызы, баласы Біржан Хасанғалиев, немересі Зере және мәдениет майталмандары әрі танымал театр сыншылары, зиялы қауым өкілдері құрметті қонақ ретінде қатысты. Бұған қоса, шалғай аудандардан да осы қойылым үшін алтын уақытын арнап келген ақ жүректі ағайынды көзіміз шалды.
Әлқиса, 1 сағат 15 минутқа жоспарланған қойылым көрерменді түрлі көңіл-күйге бөледі. Мәселен, Ескендірдің балалық шағы, жігіттік кезі, арман қуып Алматыға келуі, өнер көгінде шолпан жұлдыздай жарқырап көрініп, дара самғауы – шебер берілген. Образдар – шынайы, оқиғалар – ойлы. «Атамекен» Жастар музыкалық театры сахналаған қойылымда, әртістер жас болса да әр рөлді кәсіби орындап, мыңнан аса көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

DSC03763
«Жақсыны көрмек үшін...» дегендей, келген көпшілік біртуар тұлғаны қойылымда әр қырынан танып, эстетикалық түрлі әсерлер алды. Қысқасы, жұп-жұмыр дүние болды. Ешкімді жалықтырмады. Керісінше, дүйім жұрт құныға қарап, әртістердің өнеріне тәнті болды.

DSC03824
Қойылымда Ескендірдің рөлінде Құралбек Қатшаев ойнаса, Дариконы Гүлфаризат Нұрсейітова, анасын Хорлан Шәмелова, көрші әйел образын Эльмира Мақашева сомдады. Және БҚО «Атамекен» эстрадалық-симфониялық оркестрі жанды дауыста сүйемелдесе, «Атамекен» кәсіби би ұжымы, вокальдық-эстрадалық ансамблі атсалысты. Сонымен қатар музыкасын оркестерге өңдеген және дирижеры – ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Хасанов. Көбіне көп адам біле бермейтін жарық қоюшы, дыбыс режиссерларының да еңбегі бір төбе.
Премьера соңында ел атынан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйледі.

InShot_20240225_174444538

- Бүгін «Атамекен» өнер ордасында көңілден шыққан қойылымның куәсі болдық. Даңқты жерлесіміз, қазақ халқының біртуар талантты тұлғасы, Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі композитор-әнші, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ескендір ағамыз Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасын тамашап, рухани азық алып, «Атамекен» жастар музыкалық театры ұжымына, соның ішінде өңіріміздің өрімдей жастарының өнеріне риза болып тұрмыз.
Ескендір ағамыздың асыл жары – «Құрмет», «Шапағат» ордендерінің иегері Дарико апамыз Сопыжанқызы бастаған құрметті қонақтарымызға жағалай тал Жайық бойына қош келдіңіздер дейміз.
Жерлес ағамыз Ескендір Хасанғалиев – қазақтың ән өнеріне зор үлесін қосқан сазгер. Оның репертуарындағы төл туындылары ел жүрегінен ойып тұрып орын алған. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы болды. Өмірін өнерге арнаған Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндерін білмейтін қазақ жоқ.
Халқына деген ізгі махаббатын әнмен жеткізген Ескендір Хасанғалиевтің есімі – ел есінде.

DSC03733 (1)
Елінің жүрегінен ерекше орын алған Ескендір ағамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасы менің ғана емес, көптің, дүйім жұрттың көңілінен шықты әрі жүрегінің төрінен орын алды деп есептеймін. Мұның бәрі маңдай тер, жанкештілік, өз ісін сүю және ерен еңбектің нәтижесі деп білемін.
Сөзімді қорыта келе, «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиоллаға, «Атамекен» жастар музыкалық театрының көркемдік жетекшісі әрі қоюшы режиссері Гаухар Адайға және барша қойылымға қатысқан өнерлі жандарға жаңа қойылымды жоғары деңгейде Жайық жұртшылығына ұсынғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! – деп Бақытжан Хаберұлы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхатпен қойылымның қоюшы режиссері Гаухар Адайды, қоюшы суретші және киім суретшісі Гүлдана Алина және «Атамекен» жастар музыкалық театрының бас суретшісі Мұрат Мәмбетовты марапаттады.
Сәулелі сәтте Ескендір Хасанғалиевтің отбасына Ақ Жайық жұртшылығы атынан сый-сияпат табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

429660957_3695309044077870_7655192002658604681_n (1)
Қойылым соңында «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев сөз алып: «Бүгін керемет қойылымының куәгері болдық. Мен осы мюзиклге атсалысқан қоюшы режиссері Гаухар Адай бастаған барша басшыларға, өнерпаздарға, актерларға алғысым шексіз. Спектакль жоғары деңгейде өтті. Жастарға шығармашылық табыс тілеймін. Әкеміз қандай биікті бағындырса, Ақ Жайық елінің жастары да сондай алып асулардан көрінсін. «Атамекен» өнер ордасының сахнасы болашақта «Киелі сахна» деп аталсын, халықтың жүрегінде солай сақталсын деп тілеймін», - дей келе, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құттықтау хатын «Атамекен» Жастар музыкалық театрының көркемдік жетекшісі әрі қоюшы режиссері Гаухар Адайға табыстады.

428623651_3695309250744516_8941461314193743921_n
Қойылым соңында көрермендер өнер ұжымына дүркін-дүркін қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лаураеты, «Құрмет» орденің иегері, ҚР Жазушылар одағы басқармасының хатшысы:
- Орал шаһарында өнерге, руханиятқа деген құрмет ерекше. Көпшілік көрерменге жол тартқан «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасын «Тарихи спектакль» деп ауыз толтырып айтуға болады. Және осынау Жастар театрының болашағы зор деп санаймын.
Соңғы жылдары еліміз бойынша жер-жерде Жастар театрлары ашылуда. Дегенмен, жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқан театрды бірінші рет көріп тұрмын. Жалпы, «Атамекен» жастар музыкалық театрына өте талантты жастар жиналған екен. Заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза өз сөзінде: «Театр көбейсе, түрме азаяр еді» деген болатын. Шындығында қай дәуірде болмасын, мәдениет пен өнердің ұлт руханиятынан алар орны ерекше. Әсіресе, театр өнерінің замана келбетін танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білуімен, дәуір адамының пайым-парасын биіктете алуымен қашанда үлкен маңызға ие. Чеховше айтсақ, «Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер». Осындай үлкен миссияны арқалаған аталмыш театр ұжымына толайым табыс тілеймін.
Назгүл Қарабалина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы:
- Бұл менің елім, жерім деп, жанкүйер болып келдік. Гаухар Адайды талапшыл, еңбекқор режиссер ретінде ерекше бағалаймын. «Асыл арман» музыкалық қойылымының кәсіби деңгейі жоғары болды. Бірауыз сөзбен айтқанда, қойылым қатты ұнады. «Атамекен» жастар музыкалық театрына ақжол тілеймін. Бағындырар белестері мол болсын!

Рита Сұлтанғалиева, М.Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к:
- «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасын көрермен ретінде асыға күткеніміз рас. Туынды көрермен сенімін ақтады деп білем. Сендіре білді. Бұл – музыкалық спектакль. Шеберлік сөзден де, саздан да күтіледі. Атауының өзі ерекше қойылған. Мазмұны да толық ашылды... Режиссерлік ізденіс те айқын көрінді. Басты рөлді сомдаған актердің образды ашуға талпынған ізденісін, шеберлігін ерекше атар едім. Орындалған әр әннің тарихына да, тағдырына үңілгендей болдық. Бір ғана «Атамекен» әнінің өзі айтары тереңде екенін сездірді. Елге деген, туған жерге деген, Отанға деген махаббатының озық үлгісін көрсетіп, әнмен ескерткіш орнатқан Ескендір ағамыздың ерлігі – нағыз патриотизмнің көрінісі.

Алтынбек Ермекқалиев,
«Атамекен» өнер ордасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале