1.09.2020, 17:07
Оқылды: 159

Асыл тұқымды малды өсіру жайы талқыланды

Өткен ғасырдың сонау 30-жылдары бір топ ғалым 20 жылдай жүйелі еңбектеніп, қазақ, қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы етті бағыттағы жаңа тұқым шығарды. Биыл сол әйгілі қазақтың ақ бас тұқымының бекітілгеніне 70 жыл толып отыр. Орал қаласындағы аграршылар үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. 

Asyl tukymdy mal (3)

 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жиынды ашып, облысымызға ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қайрат Мұтаевтың, герефорд және қазақтың ақ бас тұқымды республикалық палаталарының атқарушы директоры Дәурен Матақбаевтың жұмыс сапарымен келгенін, соған орай  асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын дамытудағы түйткілді мәселелерді талқылауға шешім қабылданғандығын айтты.

-Биыл қазақ ақбас сиырының тұқым ретінде бекітілгеніне 70 жыл толмақ. Күзде көрші елдердің ғалымдарының қатысуымен кеңейтілген республикалық іс-шара өткізу жоспарланған болатын. Алайда әлемдегі пандемияға байланысты алқалы жиындар өткізілмейді. Осы басқосуға қатысып отырған Дәурен Аманжолұлы сізді және басшылық жасайтын палата ұжымын, қазақтың ақбас тұқымын өсіруші тауар өндірушілерді 70 жылдықпен құттықтағымыз келеді. Баршаңызға мықты денсаулық пен жемісті еңбек тілейміз. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешені – облыс экономикасының негізгі секторларының бірі. Мал шаруашылығының барлық салаларының ішінде етті мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Бүгінде облыста 58 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал бар. Ақ Жайық өңірі қазақтың ақбас тұқымының отаны болғандықтан, облыстағы асыл тұқымды ірі қара малдың 80%-ын қазақтың ақбас тұқымы құрайды. Асыл тұқымды малдың жалпы мал басына шаққандағы үлесі ірі қара мал 10%, қой 3,5%, жылқы  5,4%, түйе 11,9% болады, – деді Мұхтар Манкеев.

Asyl tukymdy mal (2)

Кеңесте айтылғандай соңғы үш жылда облыстың мал шаруашылығын дамытуды қолдауға мемлекеттік бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлінді. Облыстың тауар өндірушілері отандық және шетелдік асыл тұқымды 19,8 мың бас ІҚМ, 11,6 мың бас қой және 427 жылқы сатып алды.
Етті мал табындарының өнімділік және асыл тұқымдық сапасын жақсарту бойынша жұмыс ұрпақтарының сапасы бойынша және өз өнімділігі бойынша сынаудан өткен "Сәбит", "Айсұлу", "Дөнгелек", "Бақыт" шаруа қожалықтарының тұқымдық бұқаларын пайдалану жолымен жүргізілуде. Бұл шаруашылықтар жыл сайын бірінші санаттағы 400-ге жуық асыл тұқымды бұқаларды өнімділік мақсатта өткізеді.

Облыс шаруашылықтармен жыл сайын облыс ішінде және одан тыс жерлерде 5 мыңнан астам ірі қара малды сатады. Сондай-ақ 4 мың бас асыл тұқымды қой мен 400 жылқы сатылады.
Жиында облысымыздың асыл тұқымды мал шаруашылығын, атап айтқанда, қазақтың ақбас тұқымын дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды. Герефорд және қазақтың ақбас тұқымының республикалық палаталарының атқарушы директоры Дәурен Матақбаевтың айтуынша, алдағы уақытта асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарды стандартты талаптарға сай келетін төрт класқа бөліп, топтау ұсынылады. Өйткені көптеген шаруашылықтағы жағдай асыл тұқымды деген мәртебеге сай келе бермейді. Малдың есебін жүргізу, техникалық жағынан жабдықтау жағы кемшін. Енді алдағы жылдың шілде айынан бастап 4-класқа жататын шаруашылықтар малдың аналығын да, аталығын да сата алмайды. Ал 3-кластық шаруашылықтар малды палатаның рұқсат еткен шамасында ғана, 2-кластық шаруашылықтар 1,2-санатты бұқашықтарды, 1-кластық шаруашылық асыл малын сұранысқа қарай өнімділік мақсатта сата алады.

Asyl tukymdy mal (1)
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Нәметовтың баяндауынша, биыл Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті STR әдісімен асыл тұқымды малдың І санатын алу үшін асыл тұқымды малға молекулярлық-генетикалық зерттеулер (ДНК-паспорттау) жүргізе бастады. Аталған ДНК-паспорттау облысымыздың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін оң нәтиже береді деп күтілуде. Ректор малмен жұмыс істейтін зоотехник мамандығына оқуға түлектердің келмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Жиынға қатысқан өңірдің тауарөндірушілері қазақтың ақ бас тұқымын өсіру мәселелерін ортаға салып, ой-пікірілермен бөлісті.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале