5.02.2025, 11:30
Оқылды: 128

«Бала күнімде журналист болуды армандадым...»

Студенттік шақ ­­– адам өмірінің қызық та қимас кезеңі. Өмірге аңғал көзбен қарайтын, дүниенің қулығы мен сұмдығынан ада кездер. Біздің бүгінгі мақаламыз осы ғажап кезеңді басынан өткеріп жүрген Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ студенті, ҚР Президент шәкіртақысының иегері Асылай Ермағамбетова хақында.

WhatsApp Image 2025-01-10 at 13.54.26

Ол 2003 жылдың 13 желтоқсанында Теректі ауданының Ақжайық ауылында жарық дүние есігін ашқан. Үйдің кенжесі. Алдында әпкесі мен ағасы бар. Балалықтың бал дәмін ауылда татқан ол, сайын далада бұрымын желге таратып, еркін өскен. Ақжайық ЖОББМ-да алғаш білім нәрімен сусындап, әріп таныған. Мектепте өткен 11 жылы оның білімге деген құштарлығын арттырып қана қоймай, өмірге деген көзқарасын қалыптастырды. Ұстаздарының қамқорлығы мен кеңестері Асылайдың болашағына бағыт-бағдар берді. Сол еңбектің арқасында ол мектепті «Алтын белгіге» тәмамдады. Бұл ­жетістік – оның қажырлы еңбегі мен талпынысының көрінісі.

WhatsApp Image 2025-02-05 at 12.17.29

– Ұлттық бірыңғай тестілеуден 127 балл жинадым. Алдымда «Қандай оқу орнына түсем?» деген сұрақ тұрды. Ойлана келе М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың химия-биология мамандығын таңдадым. Грант иегері атандым. Бұл мамандықтың қанша қиын екенін сезсем де, өзімді қамшыладым. Адам өсуге талпыну керек, оңай жол іздемеуі керек деп ойлаймын. Қазір 4-курста оқып жүрмін. Студенттік алтын шақтарым көз алдымнан өтіп барады, ­– дейді кейіпкеріміз.

Десек те, Асылайдың бала арманы журналист болу екен. Мектеп қабырғасында жүріп, түрлі көркемсөз оқу сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрген ол өзінің оқушы кезде әдебиетке жақын болғанын айтады. Бүгіндері химия мен биология деген күрделі салалардың жілігін шағып жүрген кейіпкеріміз университеттегі біліммен шектеліп қалмақ емес.

WhatsApp Image 2025-02-05 at 12.16.41

– Жоғары оқу орнын тәмамдағасын, білімім мен біліктілігімді шыңдап, оқуды жалғастырғым келеді. Шетелдік оқу орындарын қарастыру да ойда бар. Қосымша хореография бағыты бойынша өзімнің орталығымды ашқым келеді. Университет өсу, даму жолында ешқандай шек қоймай, барынша қолдау білдіруде. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық олимпиадада бақ сынап, алғысхат иегері атандым. Оқумен қатар университет қабырғасында белсенді студент ретінде түрлі шараларға қатысамын. Белсенді студенттермен бірге шаралар ұйымдастырамыз. Әдістемелік идея жәрмеңкесі, үздік ғылыми-зерттеу жобасы, онлайн олимпиада т.б. шараларда бақ сынадым. Және би бағыты бойынша сахнада өнер көрсетіп жүрмін. Яғни, қосымша бимен айналысқанды ұнатамын, – дейді жан-жақты студентіміз.

Ертеректе мектеп оқушылары арасында «Химия – қиын, ашиды миың. Оқымай келсең, екілік – сыйың» деген тақпақ айтылушы еді. Мұндай екінің бірі алып кете алмайтын мамандықты меңгеруде кездескен қиындықтар мен қызықтарымен Асылай былай деп бөлісті:

– Химия пәніне деген қызығушылығым бұрыннан жоғары еді, бірақ университет қабырғасында бұл құштарлық одан әрі артты. Түрлі эксперименттер жасау, олардың нәтижелерін бақылау – мен үшін нағыз зерттеушілікке жол ашқан сәттер болды. Әрбір реакцияның нәтижесі, формулалар мен теңдеулердің шешімдері – ғылымның терең сырларына бойлатты. Әсіресе, зертханалық жұмыстар кезінде жаңа нәрсе ашып жатқандай әсерде болатынмын. Ал биология пәні маған табиғаттың керемет әлемін жақын танытты. Өсімдіктерден кеппешөп дайындау, микроскоп арқылы жасушаларды зерттеу, әрбір практикалық сабақ – тек білім беріп қана қоймай, ерекше шабыт сыйлады. Әр сабақ сайын жаңа нәрсе үйреніп, өзімді дамытып отырғанымды сезінетінмін. Бүгінгі күнге дейін осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. ­Еліміздегі химия ғылымына сүбелі үлес қосқан ғалымдардан өзіме Еділ Ерғожин, Ерден Әзірбаев, Батырбек Бірімжановтар ұнайды. Олардың еңбектерін өз тәжірибемде қолдануды көздеймін. Жалпы, бұл ғылымдардан алған білімім болашақта үлкен жетістіктерге жетелейтініне сенімдімін, – деді ол.

WhatsApp Image 2025-02-05 at 12.29.02

Асылай өзін 10 жылдан кейін білімі мен ақылы толысқан, химия пәні бойынша үздік оқушылар дайындайтын білікті ұстаз ретінде көреді екен. Тек республикалық емес, халықаралық деңгейде білім бере алатын өз ісінің маманы болғысы келеді. Сондай-ақ Асылай қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. Ағылшын тілін жетілдіріп жүр. Таңдаулылар ғана іліге алатын ҚР Президенті атындағы шәкіртақы иегері болу да оңай емес екенін айтады. Бірақ еңбегіңнің ақталары сөзсіз.

– Бұл шәкіртақының иегері болу – мен үшін үлкен мәртебе. Ең алдымен, білім деңгейіне үлкен талап қойылады, яғни барлық пәндер бойынша үздік деген баға болуы шарт. Одан кейін тек біліммен ғана шектелмей, белсенді студент болу керек. Яғни, қоғамдық өмірде белсенділік танытып, шаралардың басы-қасында жүрген студент болу маңызды. Гранттың және Президент шәкіртақысын қосқанда ай сайын 151 200 теңге аламын, – дейді Асылай.

Еліміздің білім саласына оң өзгерістер әкелетін ұстаз болуды арман еткен талантты да талапты жасқа біз де сәттілік тіледік. Ел болашағы – білімді де білікті жастардың қолында. Алған білімді тек өз пайдаңа ғана емес, ұлттың игілігіне жұмсай білу – әрбір азаматтың парызы әрі адамдық борышы.

Ерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Қосымша ақпарат:

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттер мен магистранттардың стипендиясын арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы студенттер мен колледж оқушыларының стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,75 есеге артады.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап:

  • Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 52 372 теңгеге дейін көтеріледі;
  • Педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін – 84 000 теңгеге дейін;
  • Магистранттар үшін – 117 098 теңгеге дейін;
  • Докторанттар үшін – 262 500 теңгеге дейін болады.

Сонымен қатар:

  • Интернатурада оқитын студенттерге – 94 862 теңге;
  • Резиденттерге – 134 664 теңге стипендия төленеді.

Арнайы санаттарға қосымша төлемдер

Белгілі бір санаттағы студенттерге стипендияға қосымша төлемдер қарастырылған:

  • Көру немесе есту қабілеті бұзылған, жоғары, кәсіби, кейінгі орта немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып жүрген студенттер үшін:
  • Бакалавриат студенттері – 94 651 теңге;
  • Магистранттар – 204 921 теңге;
  • Докторанттар – 459 375 теңге алады.
  • Жарақаттар немесе сырқаттар салдарынан мүгедектік алған студенттер үшін:
  • Бакалавриат студенттері – 78 558 теңге;
  • Магистранттар – 175 647 теңге;
  • Интерндер – 142 293 теңге беріледі.
  • Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар немесе жетім балалар үшін стипендия мөлшері 30%-ға ұлғаяды:
  • Бакалавриат студенттері – 68 083 теңге;
  • Магистранттар – 152 227 теңге;
  • Интерндер – 123 320 теңге алады.**

Мемлекеттік стипендиядан бөлек, үздік студенттерге, олимпиада, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар жеңімпаздарына Президенттік стипендия тағайындалады. Оның көлемі – 104 744 теңге.

Президенттік стипендияны 3-курс студенттері мен 2-курс магистранттары ала алады. Бұл стипендия мемлекеттік грантта оқитындарға да, ақылы негізде оқитындарға да беріледі.

Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале