31.05.2022, 10:15
Оқылды: 83

Балаларға базарлық!

1 маусым  –  Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай Ғ.Тоқай атындағы саябақта балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізіліп, балалар әдебиетінің соңғы жаңалықтары таныстырылмақ. Сондай-ақ сол күні балаларды қалалық мәдениет және демалыс саябағында концерттік бағдарлама күтіп тұр. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен С.Ғұмаров пен Е.Пугачевтің мұражай-үйлерінде көрмелер ұйымдастырылмақ.

AFCC725E-424A-4BAC-A4C8-0F250DE6130F

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиевтің айтуынша, өңірімізде 360 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, онда 16 051  оқушы өзіне ұнайтын іспен айналысады. Орал қаласында 14 аула клубы, «Жас ұрпақ» кәмелетке толмағандарды дамыту әлеуметтік орталығы, Гагарин атындағы балалар кинотеатры оқушылармен жұмыс істейді. Нашар көретін балаларға арналған «Бойтұмар» және есту қабілеті нашар балаларға арналған «Ақниет»  балалар  клубы бар.

– Облыс бойынша 4-18 жас аралығындағы 3552 баланы қамтитын 74 тегін шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Биыл мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 332 миллион теңгеден  астам қаржы бөлінді. Дегенмен барлық баланы қамту мақсатында  520 миллион теңгеге қосымша қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер берілді. Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің жанынан би, спорт, поэзия, драма, вокал және хор, журналистика, қолөнер, домбыра мен гитарада ойнауды үйрететін 87 үйірме жұмыс істейді, – деп атап өтті.

«Қазіргі уақытта 10 мыңға жуық бала 25 түрлі спорт секцияларымен тегін қамтылған»  деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Қазымов.

F5CE7A70-BB13-4167-A163-85A812156359

Биыл балалардың тегін секцияларымен қамтамасыз ету үшін 350 миллион теңге бөлінген. Ат спортына қызығушылықты арттыру мақсатында 1 маусымнан бастап әр айдың екінші жұмасында (сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін) облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша спорт мектебінде 30-ға жуық  балаға атқа міну тегін ұйымдастырылады. Балаларды қорғау күні аясында спорт нысандарының іргесінде орналасқан алаңда жақын маңда тұратын ұл-қыздардың қатысуымен түрлі жарыстар өтеді. Мерекеге орай 5 маусым күні П.Атоян атындағы стадионда балалар жарысы  ұйымдастырылмақ.

Спикердің айтуынша, БҚО қысқы спорт түрлері бойынша жасөспірімдер спорт мектебі де балаларды (50 адамға дейін) жаппай коньки тебуге белсенді түрде тартып жүр. «Жайық самалы» бассейнінде әр сәрсенбі сайын сағат 11.45-12.45 аралығында балаларға (40 адамға дейін) жаппай  суға түсу тегін ұйымдастырылады.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова мүмкіндігі шектеулі балалардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Өңірде 18 жасқа дейінгі  2866 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды анықтау, оларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сандық отбасы картасын әзірлеуде.

– Мүмкіндігі шектеулі балалар протездік-ортопедиялық құралдарымен және мүгедектер арбаларымен қамтамасыз етіліп,санаториялық-курорттық емделумен қамтылған, – деді  Ділдәш  Ысқақова.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале