ҚР Бас прокуратурасы ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын Қырғызстаннан экстрадициялады.

Фото: istockphoto.com
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2007-2008 жылдары Алматы қаласында ҰҚТ басшысы болып, отандық банктердің бірінен қайтарымсыз несие рәсімдеу арқылы 183 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған. Ұрланған ақша топ мүшелерінің жеке мақсаттарына жұмсалған. Қылмыс ашылғаннан кейін сыбайластарының бір бөлігі сотталғанымен, топ жетекшісі бой тасалап үлгергендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Көп жыл бойы жасырынып жүрген күдікті биылғы ақпан айында Бішкекте ұсталып, еліміздің Бас прокуратурасының сұрауымен Қазақстанға жеткізілді.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Заңға сәйкес, оған тағылған қылмыстық айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.