8.06.2023, 10:30
Оқылды: 76

Баптистер заңға неге бағынбайды?..

Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жиында қоғам белсенділері өңірдегі діни ахуалды және облыс әкімдігі-нің мемлекеттік қызмет, білім, балық шаруашылығы, су шаруашылығы мен су айдындарындағы жаппай демалыс, туризм және спорт нысандарына қатысты қаулыларына енгізілген бірқатар өзгерісті талқылады.

d6754f00-7198-4cb9-acd5-fbd187c4fa9b
Қоғамдық кеңес отырысында Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов өңірдегі діни ахуал мен өзі басқаратын мекеменің қоғаммен байланысы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, жалпы облыста діни ахуал тұрақты.
Қазіргі таңда өңірде 8 конфессияға қатысты 86 діни бірлестік жұмыс істейді. Облыста 9 миссионер (4 – Польша, 1 - Филиппин, 1 - Қазақстан Республикасы, 3 – Ресей Федерациясының азаматы) қызмет етуде. Облыс аумағында 83 ғибадат үйі (53 мешіт, 18 православие шіркеуі, 2 католик шіркеуі, 9 протестанттық ғибадат үйі, 1 Ехоба куәгерлерінің патшалық сарайы) тіркелген. Өңірде діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 7 арнайы стационарлық орындар белгіленген. Бұдан басқа 4 намазхана және 2 православие шағын шіркеуі (часовня) бар.
– Облыс аумағындағы дін саласындағы мемлекеттік саясатты және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы жұмыс істейді. Клубтың мүшелері ислам, православие, католицизм елуіншілер, інжілдік христиан баптистері, жетінші күн адвентистері, буддизм конфессия өкілдерінен тұрады. Клуб отырыстары жылына 3-4 рет өткізіліп, облыс деңгейіндегі барлық діни бірлестік өкілдерінің басын қосуға, өзара пікір алмасуға мүмкіндік жасалады. Буддистік діни бірлестіктің ғибадат үйінің болмауына байланысты құлшылықтар жүргізілмейді. Интернет-кеңістіктің мониторингі барысында деструктивті сипаттағы 11 858 материал анықталып, 234 сілтеме бұғатталды. 2022 жылы азаматтарға теологиялық және психологиялық кеңес беру бағытында 1335 адамды қамтыған 2324 жеке кездесу өтті. Биыл 304 адаммен 335 жеке кездесу өткіздік. Аталған бағыттағы жұмыстардың субъектілеріне басқармадан бөлек қала және барлық аудан әкімдіктері де кіреді. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 35 адам дәстүрлі дінге оралып, 80 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді. Жыл басынан бері 19 адам дәстүрлі дінге бет бұрып, 20 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді, – деп атап өтті Мақсат Раманқұлов.
Отырыста белгілі болғанындай, өңірде дін саласында 106 адамнан тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. 2022 жылы ақпараттық түсіндіру тобымен
бірлескен 71 114 адамды қамтыған 4428 іс-шара өткізілген. Биылғы қаңтар-мамыр айы аралығында түрлі форматтағы 964 іс-шара ұйымдастырылған.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық дін істері басқармасының қызметіне қомақты қаржы бөлінетінін, алайда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы көңіл көншітпей отырғанын айтты. Әсіресе, үй ішінен үй тігіп, туған ауылынан бөлініп, бөлек ауыл тұрғызып алған діни қауымдастықтар, заңға бағынбайтын баптистер, жаназа-садақаларда о дүниені насихаттайтын имам-молдалар да қоғамдық кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бірнеше сұрақты дін істері басқарма басшысының назарына ұсынып, өңірде тіркелмей жұмыс істеп жатқан баптистердің жағдайы алаңдататындығын алға тартты.
– Баптистер екі топқа бөлінеді. Олардың біріншісі, ресми тіркеліп, жұмысын істеп жатыр. Екіншісі, тек Құдайдың алдында ғана тіркелеміз, адамның жарлығының алдында тіркелмейміз дегенді желеу етіп жүргендер. Бұл мәселе тек бізде ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша солай. Біз өз тарапымыздан 20 шақты айыппұл салдық. Қазіргі таңда олар тіркелмеген күйі жұмысын жалғастыруда. Біз оларды тіркеліп, ресми жұмыс істеуге шақырғанымызбен, әзірге нәтиже жоқ. Өкінішке орай, айыппұл салынып, сот қаулысы шыққанымен, олар айыппұлды көп жағдайда өтемейді. Олардың құқын халықаралық ұйымдар қорғайды. Ашығын айтқанда, жоғары жақтан «Ондай бағытта айыппұл салуды доғарыңдар!» деген де нұсқау бар. Бірақ тіркелмеген баптистер біздің жіті бақылауымызда, – деп жауап берді М. Раманқұлов.
Осы тұста ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген ұсыныс-пікірін ортаға салды.
– Өзім облыстағы дін істері басқармасының басшысын бірінші рет көріп тұрмын. Теолог деген мамандарыңыздың түрі қандай болатынын білмейді екенмін. Білетінім, дін саласында оқымаған біліксіз молдалар көп. Жаназа-садақаларда діни білім-білігі төмен молдалар келіп уағыз айтады. Айтатындары: «Мына өмір уақытша, ана дүние керемет» деп сайрай жөнеледі. Оның орнына ғибратты, тағылымды бата берсе, қандай жарасымды болар еді. Адам қайтыс боп жатқанда ағыл-тегіл уағыз айтуды доғарған дұрыс, – деді Мақсот Қабышұлы. Осындай бағыттағы пікірін кеңес мүшесі, медицина саласының ардагері Қашура Әжіғұлова да білдірді.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы жоғары білімді имамдардың аздығы – бүгінгі күннің басты мәселесі екенін жасырмады. Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы 53 мешітте 97 имам қызмет етеді, оның 18-інің ғана жоғары теологиялық білімі бар. Қалған имамдардың білімі арнаулы орта немесе қысқа мер-зімді курстарда оқыған.
Осы бағытта 2017 жылы ғана 16 грант бөлініп, соның нәтижесінде бұл салаға жоғары білікті мамандар тартылған. Сондай-ақ отырыста Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Облыс әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Батыс Қазақстан облысы және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстық атқарушы құрылымдар», «Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің тізбесін бекіту туралы» мәселелер талқыланды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева 2023-2024 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды тамақтандыру құнын өтеу туралы айтты.
– Экономика саласын техникалық және кәсіптік білім беретін кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігінің «Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Оған сәйкес, келесі оқу жылына 55 мамандық бойынша кадрлар даярлауға 4 000-нан астам грант бөлінген. Осы қаулының жобасы қабылданып, қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын ұлғайту талап етілмейді, – деп атап өтті Айгүл Әділгерейқызы.
Облыс аумағында 200-ге жуық өзен-көл және 40 су қоймасы бар. Олар демалыс, балық аулау үшін пайдаланылады. ҚР Су кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес, халықтың, әсіресе, жаз мезгілінде жаппай демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ облыстың су айдындарында жазатайым оқиғаларды азайту, адам өлімінің алдын алу және санитарлық тазалықты, экологиялық талаптарды сақтау, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің қаулысы қабылданып, өңірде су айдындары мен су шаруашылығы нысандарында жаппай демалу, туризм және спортпен айналысуға арналған 36 орын анықталған. Аталмыш орындарды одан әрі дамыту аудан әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде айқындалып, облыстың уәкілетті құрылымдарымен келісіледі.

Гүлжамал Кенжалиева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале