19.12.2023, 17:45
Оқылды: 25

Баспалдақтар...

«Тәуелсіздік!» деп айта салғанда оңай, ал бірақ ақтарып қарасаң – батпан жүк. Бәрі бар ол жүктің ішінде. Алғашқы соқпақтар. Қиыншылық. Тағы да қиыншылық. Жалақы, зейнетақы дегендер ұшты-күйлі жоқ (есепте бар, қолда жоқ, себебі, ақша болмай жатыр қазынада деп түсіндіретін). Балалық, студенттік шақтары сол кезеңге тап болған буын бастан кешкендерін еш бүкпесіз айтып жүреді осы күні, несін жасырсын, ортақ хәл еді ғой баршаға. Баспалдақтар еді ол жылдар. Тәуелсіздік баспалдақтары.

муштанова

...«Парасат» орденінің иегері, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қаза драма театрының актрисасы Нұрлыгүл Жұбатованың мына екі әңгімесі мені де естеліктер өлкесіне,  баспалдақтар өлкесіне еріксіз жетелеп әкетті:

Кір  сабын

2003 жыл. Шілде. Гастроль. Шыжыған шілде айының қапырық күндерінің бірі. Ауыл аралап жүрміз. Бір ауылдың мәдениет үйінің алдына ке  ліп тоқтадық. Кімнің шекесі қызып тұр дейсіз. Қарсы алушылар да әйтеуір зорлықпен қуанған түр көрсетіп, қош келдіңіздерін айтып жатыр. Топтағы үш қызды сол мәдениет үйінің бір қызметкері (әйел адам) үйіне алып кетті. Жол бойы танысып келеміз. Есімі Клара екен.

– Ауылда мені бәрі радио Клара дейді, – деп күліп алды.

Қарапайым ғана отбасы екен. Біз де үй иесі қысылмасын деп тез араласып, күліп-ойнап, шай әзірлесіп жараса қалдық. Шай үстінде апай өзінің әңгімесін айтты:

– Үлкен қызым мектеп бітіріп, оқуға түсті. Енді оны қалаға шығарып салуға түк қаражатым жоқ. Ауыл түгел жұмыссыз. Жұмыстағылар мен пенсионерлердің де ақша алмайтын уақыты ғой. Содан әбден қысылдым. Сататын да ештеңем жоқ. Үйде екі кір сабыным бар еді. Соны алып, қаламен екі орта  ға жүріп жүрген жалғыз кө  ліктің  шопырына  бардым.

– Барым осы аға. Осы жолы қызым бара алмай қалса, он  да оқуды түсінде де оқи алмайды-ау, – дедім. Шопыр ағай  үнсіз  тұрды  да:

– Жарайды, Клара. Сабыныңды қызыңа бер. Қалада оған көбірек қажет болар. Ал мен тегін жеткізіп тастайын, – деді. Өмірімде тап бұлай қуанбаған шығармын. Құлап, сүрініп үйге қарай ұш  тым. Ағыл-тегіл жылап келемін. Бірақ оны қызыма көрсеткім келмейді.

– Қызым, ақаң сені тегін алып кететін болды. Жинал тез. Қызымның қуанған түрін көрсеңдер ғой. Содан қызыма бар берерім екі кесек кір сабын.

– Жаным, мынау қолымдағы барым. Қалада сатып, алғашқы күндеріңе септігін тигіз. Барым осы. Жолың болсын алтыным. Жағдайды көріп келесің ғой. Әйтеуір Аллаға аманатсың. Оқуыңа түс  сең, әрі қарай бір жөні болар, – деп қызымның чемоданына екі кесек кір сабынды салып аттандырдым.

Шүкір. Қызым оқуына түсті. Стипендиясына ілікті. Үйден бір тиын ақша сұратпай, өз жолын тауып тұрмысқа шықты. Артындағы сіңлісі  не де көмектесті...

Қанша жыл өтсе де, қолыма кір сабын түссе, осы оқиға тап кеше айтылған әңгіме  дей есіме оралады. Қандай мықты әйелдер, қандай мықты қыздар сол 90-жылдары өмір сүру үшін күресті.

Бір  пәшке  шай

... Бір топта кілең ауылдан келген, артында тіреп тұрған ешкімі жоқ жандар оқыдық. Ішімізде еті тірілер базарға шығып, ол жердің тыныс-тіршілігімен танысып, бізді де базарға шығуға көндірді. Содан  сататынымыз шай, банан, қолдан шешендер жасайтын мұз кәмпит. Бастығымыз – Айжамал. Кеште не сатып, қанша пайда түсірге  німізді санап мәзбіз. Нанымыз бен майымызға жете  ді. Сосын бірінен-бірі аумайтын киім аламыз қыркүйекке жақын. Бұл жұмысымыз тек жазғы каникул кезінде жасалатын шаруалар. Тамағымыз бен киімімізді өзіміз табуға амал жасап жүрген

17-20 жас арасындағы студенттерміз. Табысымыздың бір бөлігі базаркомға, бір бөлігі сол заманның рекеттеріне де кететін кездер болып қалады арасында. Олардың  тілінде (жаргон) сөйлеуді де үйрендік.

Бір күні базарға сауда жасап кураторымыз Айман апай келе қалмасы бар ма. Біз өзімізше ірі саудагерлерге ұқсап, сөмкесіне алдымыздағы барымыздан бірдеңелер  салып жіберіп жатырмыз. Апайымыз азар-безер болып ақша ұсынады. «Жо-о-қ...» деп алмаймыз. Түрімізді кәнігі саудагерлер сияқты жасап алғанбыз. Біздің топта бәрі ақ  көңіл. Әсіресе, Тәкең (Талиғат). Сатып тұрған шайының бір пәшкесін апайдың сөмкесіне болмай сүңгітіп жіберді. Бәріміз мәзбіз, талай жылы қабағын танытып, қор  ғап-қолдап жүрген Айман апайымыздың бір кәдесіне жарадық  деп.

Кеште алған тауардың ақшасын тапсырып, пайдамыз  ды санасақ, Тәкеңде бір теңге пайда.

– Қалайша? Сен  неше пәшке шай саттың бүгін?

–  48 пәшке...

–  Қаншадан алдың?

– 47 теңгеден.

Бәріміз санап келіп кеттік, бір контейнер шай сатқандай. Сөйтсек, 47 теңгеден алып, үстіне бір теңге қосады екен. 48 теңгеге сатады екен. Сондағы  пайдасы бір пәшке шай екен сонша саудадан. Оны Айман апайдың сөмкесіне салыпты. Таңнан кешке дейінгі тапқан табысымыз сондай дүние ғой – 50 теңгенің айналасы (ол кезде теңгенің құны бар). Содан бәріміз тапқанымыздан бөлісіп тамақ, суымызды алып қайттық-ау, улап-шулап. Бұл да бір әде  мі естелік болып қалды қазір.

Мектеп

Ал менің есіме түскен оқиға мынау:

Оралдың солтүстік-шығысындағы 6-ықшамауданда жаңа мектеп салынып басталды да,  біраз жыл «сақалды құрылыс»  болып табандап жатып алды. Сақиған бетон бағандары арсиып, терезелері үңірейіп, қысы-жазы тұратын да қоятын құрылысқа «мынау неғып тұр?» деп қарамақ қайда, «лә» деуге жәй жоқ, әркім өз жайымен кетті. Содан әупірімдеп елдің бе ті бері қарай бастағанда әлгі құрылыс жандана бастады. Ішкі миграция күшейіп, ауыл қазақтарының қалаға жаппай көшіп келіп жатқан кезі, көбі 6-ықшамаудан жаққа орналасты және. Ал бұл жақта қазақша түгілі, орысша мектеп жоқ. Балабақша ғимаратын ыңғайластырып құрап қойған 28-мектепке неше бала сыйсын, 4-ықшамаудандағы 24-мектептің жанынан қазақша кластар ашып, қысылдырып-қымтырылдырып ұйымдастырған болып жатты білім саласының басшылары. Жалпы Оралда, оның төңірегіндегі ауылдар да қазақша мектептер мүлдем жоқтың қас және қазақ тіліндегі оқу орнының ашылуы үлкен кедергілі мәселе еді... Сонымен, жаңа мектептің құрылысы ептеп  жүре бастағаннан енді оның қай тілде оқытатынына алаңдаушылық пайда болды ел арасында. Бірі «қазақ мектебі болсын» деп, екіншісі «орыс мектебі болсын» деп өзара дай-дай тартысқа кірісті. Хат жазып, қол жинап, оны әкімшілікке тапсырып сай-селміз.  Екі жақ та белсенді. Екі жақтың да шегінетін ойлары жоқ. Жаз шыға «майдан» тіпті қызды,  «саржалақ»  бас пасөздер ұйтқытып одан сайын «отқа май құяды»...Алдында шіркеуді тұрған ор нынан көшіру мәселесінде «қол жинаудан» жеңіліп қалғаны бар, әкімшіліктегі «шүй делілерге» сенбестік пен күмән һәм қорқу да бар, Оралдың тіл жанашырлары  кішкене қобалжулы, дегенмен күрес жалғасып  жатты.

...Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы. Депутат болған соң, оның үстіне мынадай жауапты кезеңде әлденеден қауіптеніп, жиналыс, отырыс атаулыдан  қалмаймын, «ана жақтың» депутаттары да солай. Бір-біріміздің көзімізді, сөзімізді бағып, аңдысып жүргелі қашан...

Сессия тып-тыныш өтті, мектеп жайлы, халықтың екі айырылып қол жинап жатқаны туралы түк әңгіме болған жоқ. Сонымен жиын бітіп, шығуға беттедік. Қарасам, президиумда отырған  облыс әкімі Қабиболла Жақыпов ентелеп, менімен қапталдаса жаныма кеп қапты. Тоқтап, жол берейін десем, «жүре бер» дегендей болды да, сөйткенше, «Неғып жүрсіңдер, аналардың хаты көбейіп барады»  деп күбірлеп, аса берді. Қарасам, құлағы қып-қызыл болып алаулап барады, намыс па, сыртынан баққандардың  арасынан байқатпай жол табудың қиындығынан ба... Әкімшіліктің ішінде де тырп етке  нін жібермей, «қазақ қазаққа жақ болып қоймасын» деп аңдып отырғандардың бар екені белгілі...

Шыққан бойда істі жандандырдық: үйдегі қол машинкаммен, копировкамен хатты тағы көбейтіп басып, таныстарға бестен, оннан таратып бердік. 6-ықшамаудандағы үй-үйді, базарды аралап жүріп, аты-жөні, мекенжайымен қол жинаймыз, үгіттейміз келіп. «Еділ-Жайық» қазақтар қауымдастығының мүшелері, өнер адамдары мықтап атсалысты. Бес қабатты үйлердің ең жоғарғы қабатына дейін көтеріліп, есік қағамын деп итке де тала  нып қалуға қалған оқиғалар болды. «Жоғарғы қабатта қазақтар тұрмайтынын білесіңдер, көтерілмеңдер» дей тін болдық сосын. Сөйтіп жүргенде, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев келеді деп естідік мектептің ашылуына.

Бір күн бұрын жергілікті интеллигенциямен кездесуі болатын көрінеді Н.Крупская (қазіргі Жұбан Молдағалиев) кітапханасында. Кешке таман Қатимолла қоңырау шалып тұр, даусы ренішті. «Әбіш ағамен кездесуге бізді шақырмапты мына әкім шіліктегілер,  сонда біз ағамыз келіп тұрғанда сәлем де бере алмай қаламыз ба, мектепті айтып қалады деп сақтанып отырғандары болар...»  дейді. Сонымен ақылдасып, айнала қоңырау шалып,  өйтіп-бүйтіп тізімге де ендік, кездесуге де келдік. Отырмыз. Әбіш аға әңгімесін айтып, сұрақтарға кезегімен жауап беруде. Бір кезде шеттен бір жапырақ қағаз-хат келе қалды. Бауыржан Ғұбайдуллин жазыпты Әбіш ағаға бәріміздің атымыздан. Даулы мектептің жағдайын мәлімдеп,  ертең ашылғалы тұрса да, әлі қазақша не орысша болатыны  шешілмей, «шеге  сі солқылдап»  тұрғанын, осыған алаңдап бір топ өнер адамдары мен журналистер арнайы келіп отырғанын, және сол «шегені бүгін, нақ қазір нықтап бекітіп беруін өтініп сұрайтынын» жазып, өзі бастап қол қойып жіберген. Дереу бізде қолымызды қойдық та, Кекілбаевқа асырдық.

Ол кісі дауыстап оқыды, сосын Жакуповқа бүкіл кеудесімен ошарыла бұрылып:

«Дұрыс. Ал  бекіттім!» деп салмақпен үн қатты жымия. Әкім қызарып кетті екі езуі құлағына жетіп, басты изеп-изеп жіберді  сол арада «маған да керегі осы сөзіңіз ғой» дегендей дүр етіп, қол соқты отырғандар. Сонымен, таң атты. 1996 жылдың 1 қыркүйегі, ұмытпасам. Мектептің түсаукесеріне жиналған халық шарбақтың ішінде, ал сыртында анадай жерде «Школу! Школу!» деп қолдарына қағаз ұрандарын көтерген  ашулы топ айғай салып  тұр. Салтанатты жиын басталғанда айқай-шуды тіпті күшейте түсті. Іште тұрған қазақ жігіттерінің кейбіреулері шамданып, шытынай бастады. Айғайшыларға қарап бірдеңе  дегендерді мундир кигендер бағып тұр. Жағдай шиеленісіп кетеме деп шын қауіптене бастадық. Осы кезде аспан асты гүрілге толды да кетті. Бір шөкім бұлт жоқ зеңгір көкте алыстан нүкте болып көрінген үштік  ұшақ біздің ықшамауданға қарай туралап келеді. Манёвр  мен айналып ұшып жүр төбемізде. Бір кезде бірінен,  одан кейін екіншісінен, сосын үшіншісінен парашютистер секірді. Халық жердегіні ұмы  тып, жапырыла көкке қарап қалған. Парашюттардың шатыры ашылып, қалықтай бастады, енді бір сәтте құттықтау вымпелі, шарлар көрінді парашютшылардың қолынан. Әдемі-ақ! Ілкіде сәл үркіп қалған көпшілік мұның салтанатты шара сценарийінің бір бөлігі екенін енді  түсініп, қиқулап жіберді қуаныштан.  Көңіл көтерілді әп сәтте, музыка күшейіп, мерекенің шырайы енді.  Тік  ұшақтар  ұзап,  ел назары жердегілерге ауғанда манағы ұрандатқандар «жынынан айырылған бақсыдай»  мең  зең болып, ал оларға қарап құлақтарын қайшылағандар тынышталып қалған еді. Біраздан кейін құрметті қонақтар мектептен шықты, қастарында «Парашютистер» идеясының ауторы күлімсіреп бірге келеді жүзі алаулап... Ашулы топтың екпінін басу, халықтың көңілін аудару үшін әскери бөлімшеден тікұшақ пен парашютшілерді шақырып, әзірлеп қойған әкімнің өзі екен. Жүйеде жүріп-ақ жүйелеп жұмыс істеуге болатынын көр сеткен сол бір күн жадым нан шықпайды. Содан бастап мен шенді-шекпендіге бір өлшеммен қарауды доғарып, жанарларына үңіле, бажайлап қарайтын болдым: жылт болса, жанбай қалмайды, болмаса, жоққа амал да жоқ...

Р.S. Қазір 6-ықшамаудан Д. Қонаевтың атында, осындай күшпен қазақша болып ашылған №44 мектеп те Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназия болып дүрілдеп  тұр.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР  Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале