11.11.2022, 18:01
Оқылды: 29

Батыс Қазақстанда 31 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр

Батыс Қазақстан облысында 31 498 адам тұрғын үй кезегінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

17

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 11 470-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар санатына жатады. 3 246-сы – көп балалы отбасылар.

Оның сөзіне қарағанда, 2019-2021 жылдары тұрғын үйге мұқтаж тұрғындарға 1430 пәтер берілді.

Биыл жыл басынан бері барлығы 282 пәтер берілсе, соның 251-іне аз қамтылғандар, 72-сіне көп балалы отбасылар қоныстанды.

Басқарма басшысының айтуынша, 2020 жылдан өңірде азаматтарға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін мемлекет тарапынан тұрғын үй сертификаттарын ұсыну басталды.

2020-2021 жылдары 99 азамат 49 759,0 мың теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алды. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 199,5 млн теңге бөлінді. Күні бүгінге дейін 50 адам 29 989,4 мың теңгенің сертификатына ие болды.

«Биылғы бір жаңалық, қазан айында облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттары толықтырылды. Атап айтқанда, мынадай санаттағы азаматтар тұрғын үй сертификаттарын алуға өз өтінішін бере алады: 1) мүгедектігі бар балалар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; 2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар; 3) толық емес отбасылар; 4) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады; 5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; 6) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар; 7) тиісті дипломы болған жағдайда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларында еңбек қызметін жүзеге асыратын қажетті мамандар», деді М.Нұртазиев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сонымен қатар биылдан бастап халықтың аз қамтылған топтары үшін тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау да жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 270 265,0 мың теңге қарастырылды. Күні бүгін «Отбасы банк» АҚ деректеріне сәйкес 852 өтінім келіп түсті, оның ішінде 243-і мақұлданды және 42 азаматпен жалдау шарты жасалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соғып, екі қолынан айырылған баланың ата-анасына пәтер берілгенін жазған болатынбыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале