Департамент басшысының орынбасары Руслан Ихсановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қаралған өтініштер нәтижесінде тұтынушыларға 35 млн 521,274 мың теңге қаражаты қайтарылды.
Руслан Серғалиұлының сөзіне қарағанда, шағымдардың басым бөлігі (285) немесе 65,8 пайызы бөлшек сауда саласына тиесілі. Көбіне тауарды қайтарудан немесе алмастырудан бас тарту, сапаға қатысты мәселелер тіркелді.
Электронды сауда бойынша 42 өтініш түсті (9,8 пайыз). Негізгі мәселе — тауар сипаттамасының сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы және ақшаны қайтарудағы қиындықтар.
Тұрмыстық қызметтер саласында — 41 өтініш (9,6 пайыз). Бұл жиһаз дайындау, жөндеу, құрылыс, сұлулық салондары мен тұрмыстық қызмет көрсету сапасына қатысты.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 24 өтініш тіркелді. Негізгі шағымдар тарифтердің өсуі мен коммуналдық қызметтердің сапасына байланысты болды.
Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру, туризм және байланыс салалары, білім беру, медициналық, қаржылық және көліктік қызметтер бойынша 75 өтініш қаралды.
Оған қоса департаментке түскен 118 өтініш өзге уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде қарауға жолданды. Атап айтқанда, бұл салық және қаржы заңнамасының бұзылуы, тұтынушыларды алдау деректері, тұрғын үй қатынастары, байланыс, туризм және көліктік қызметтер салаларына қатысты.
Департамент дерегіне сәйкес жыл басынан бері 73 әкімшілік шара қабылданып, 20 бизнес субъектісіне 1 млн 525 мың 562,5 теңге айыппұл салынды.
— Тұтынушылар сондай-ақ электронды сауда және Instagram желісі арқылы басқа қалалардан тауар мен қызметке тапсырыс беруде. Осы ретте олардың құқықтарының бұзылу жағдайы жиі кездеседі. Мұндай шағымдар сатушылар, орындаушылардың мекен-жайы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне жолданады. Алайда көбіне тұтынушылар тауарға тапсырыс бергенде, сатушылардың мекен-жайы мен байланыс ақпаратын алдын ала білмейді, яғни тауар мен сатушы туралы ақпаратқа мән бермейді. Соның салдарынан тауар сапасы немесе оны қайтару мәселелері бойынша наразылықтар туындап, бұл процестер кейде қиындықтарға алып келеді әрі интернет-саудада алданып қалу қаупі бар, — дейді Р.Ихсанов.
Оның айтуынша, тұтынушыларға тауар немесе қызметке тапсырыс берер алдында сатушының мекен-жайы мен байланыс телефондарын, тауар немесе қызметтің сапасына қатысты пікірлерді алдын ала тексеріп, сатушыдан немесе орындаушыдан сол туралы толық ақпарат алу қажет. Қысқаша айтқанда, тұтынушы өз тарапынан қажетті ақпаратты алуы керек. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндіктер бар. Интернет арқылы өздеріне қажетті ақпараттармен таныса алады.
