21.04.2022, 20:11
Оқылды: 171

Бес өрт сөндіру бекеті құрылмақ

Жыл басынан бері облыс аумағында үш жерде табиғи жану болған. От жалыны Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында 12 гектар жерді шарпыған. Табиғи өрт тіркелген жоқ.

WhatsApp Image 2022-04-21 at 21.01.15

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов брифингте мәлім етті. Спикердің сөзінше, былтыр өрт қауіпті кезеңде өңірде 238 табиғи жану болған. Тілсіз жау 8897 гектарды шарпыған. Сондай-ақ жалпы ауданы 9,5 мың гектардан астам 48 табиғи өрт тіркеліпті. Ол табиғи өрт азайғанмен,  орман өртінің 68,4%-ға артқаны байқалады деп атап өтті.

 – Сәуірдің 28-де өтетін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында өрт қауіпті кезеңге дайындық талқыланады. Өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін жою жоспарына түзетулер енгізілді. Облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізу мақсатында дала және орман аймақтарында жану нүктесін дереу анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамымен 6,5 млн теңгеге шарт жасалды. Департаменттің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендердің өрт қауіпті маусымға дайын еместігі туралы 324 (85%) ескертпе табыс етті, – деді Ернұр Сапарұлы.

Айта кетсек, облыста 379 елді мекен бар.

Спикердің сөзінше, ауылдық елді мекендердің айналасына ұзындығы 2123 шақырым минералдандырылған жолақтар салу жоспарланған. Бүгінде оның 82,5 шақырымы жүргізіліпті. Биыл 6,7 млн теңгеден астам сомаға 150 аспалы өрт сөндіргіш сатып алуға шарт жасалған. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде аудан әкімдіктеріне 800-ден астам аспалы өрт сөндіргіш сатып алыныпты. «Мобильді топтар жүргізген  32 рейд барысында  өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 3 адам жалпы сомасы 627 915 теңгеге жауапкершілікке тартылды. Табиғи өрт пен жанудың алдын алу, сөндіру үшін елді мекендерде 2759 адамнан тұратын 152 ерікті өртке қарсы құралым құрылды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестік нысанында 13 ерікті өртке қарсы құралым тіркеуден өтті. Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес биыл 5 өрт сөндіру бекетін құру көзделіп отыр», – деді Ернұр Сапарұлы брифингте.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале