27.08.2026, 11:00
Оқылды: 11

«Бір ананы ембесек те, бір шаңырақтың астында ғұмыр кештік»

Достық үйінде «Жүректе сақталған шаңырақ» атты Орал қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектерінің форумы өтті.  Оны облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен «Нұр» балалар үйі мен мектеп-интернаттары түлектерінің Батыс Қазақстан одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева, балалар үйінің түлектері мен тәрбиеленушілері және ардагер ұстаздар қатысты.  Сонымен қатар шақалақ кезінен анасының мейірімі мен әкесінің қолдауынан айырылған балаларды қолдап, көмегін аямаған атымтай жомарт жандар атсалысты.

WhatsApp Image 2026-08-17 at 09.36.18 (2)

«Нұр» балалар үйі мен мектеп-интернаттары түлектерінің Батыс Қазақстан одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәлік Наурызғалиев балалар үйінен түлеп ұшқан, бүгінде қоғамға қызмет етіп жүрген жандар мен қазіргі тәрбиеленуші жас жеткіншектердің басын қосып, мерекелік көңіл күй сыйлап, алда да мәселелерді шешуге бағытталған форумның жалғасын табуына тілеулестік білдірді. Облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева балалар құқығына бейжай қарамай, қоғам болып атсалысуға  шақырды.

– Бүгінгі жиын өте ауқымды өтпек. Біз балалар ауылының басшысы Рәзия Сүйіншалиева, «Нұр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәлік Мақсотұлымен бірге ақылдаса отырып, келешекте тәрбиеленушілерді еңбекке, қосымша кәсіпке баулитын арнайы курс ашуды ұйғардық.

Жоспарымызды облыстық білім басқармасына және қолғабыс етуге ниет білдірген дархан азаматтарға жеткіздік. Айта кететін жайт, бүгінгі форумға қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаты, меценат Сержан Серікұлына мың алғыс. Президент ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев бала құқығын қорғау негізінде маңызды реформа қабылдап, тоғыз кодекс, алты заң және 56 заңнамалық актіге өзгеріс енгізді, – деді Афиза Болатқызы.

Облыстық «Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Дарина Телағысова форум болашақта үлкен істің бастауы болатынына сенім білдірді.

– Ата-анасының қарауынсыз қалған балаға білім беріп, тәрбиелеп, қала берді төрт құбыласын түгендеп, баспана алып беруге болады. Бірақ кішкентай кезінен жалғыз өскен жеткіншек үнемі қасына тірек болар адамды іздейді. Сондықтан балалар үйінен түлеп ұшқан түлектер Мәлік Мақсотұлы сияқты тәлімгерлікке мойын бұрып, «Тәлімгер институты» құрылса, игі іс болар еді. Балалардың жанында болып, өмірдегі түрлі кедергілерден сүрінбей өтуге ақылын айтып, бағыттап отыратын адам болса жақсы деп ойлаймын. Бүгін өтіп жатқан іс-шара – Мәлік Наурызғаливтің жеке қызығушылығынан, қажымай еңбек етуінің арқасында туған жоба. Осындай қоғамдық ұйымның негізгі мақсаты – балалар үйінің тәрбиеленушілерінің мәселесін тыңдап, түсіне білу, түсіндірме жұмысын жүргізу, түлектерді қоғамға бейімделуге көмектесу, тәлімгерлікті дамыту, жұмыс берушімен ресми қарым-қатынас орнату секілді мәселелерді қарастырады, – деді Дарина Шаумұратқызы.

Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі, «Тәлімгер институтын» құруды қолдаған Сырым ауданы Абай мектеп-бөбекжай кешенінің директоры Гүлмира Еркетілеуова сөз сөйлеп, көптен жүздеспеген бауырларын көргендегі толқынысын, қуанышын жасырмады.

– Бүгінгі форум жай ғана кездесу емес, біздің балалық кезімізге саяхат деп ойлаймын. Барлығымыз бір ананы ембесек те, бір шаңырақтың астында ғұмыр кештік. 1974 жылы үш бауырыммен бірге Круглоозерный балалар үйіне түстік. Біз келгенде тіпті руымызды да білмедік.  Өсіп, өніп 1984 жылы түлеп ұштық. Сол кезеңде балалар үйінің директоры мені тәрбиеші етіп алып қалды. Форумда тәлімгерлік туралы сөз қозғалуда. Мен оны қос қолдап қолдаймын. Екі жылдан кейін зейнетке шығамын. Қауырт жұмыстан қолым босай сала, осы шаһардағы балалар ауылына қызметке келіп, өзім сияқты ерекше балалардың жыртығын жамап, материалдық көмек көрсете алмасам да, ізгілікке тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды насихаттағым келеді, – деді Гүлмира Жолайқызы.

«Хаймат» неміс мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Геннадий Франк 2013 жылы «Нұр» қоғамдық бірлестігін құруға бір кісідей атсалысып, ұйымды 10 жыл басқарғанын айтып өтті. Геннадий Артурович өзі де бұрын Киров атындағы №1 балалар үйінде тәрбиеленген. Сондықтан қамқорсыз қалған бүлдіршіндердің тағдырына бейжай қарамай, үлкен жобаның басы-қасында жүріп, көптеген іс-шара ұйымдастырған. Балаларды кәсіпкерлікке, өндірістік еңбекке үйрету үшін оқыту әдісін жүргізгенін айтты. Мәлік Наурызғалиев және Геннадий Франк аталмыш жобаға қолғабыс еткен жомарт адамдардың атын атап, түсін түстей отырып, оларға алғыс айтты.

Форум тақырып аясында пікір алмасуға ұласты. Бұл алаңда бұрыннан қордаланып, әбден беріштеніп, без болған ауқымды мәселелердің түйінін тарқатып, ортаға нақты ұсыныс тасталды.

Круглоозерный балалар үйінің бұрынғы түлегі Бауыржан Таубағұлов балалар үйінен тәрбиеленіп шығатын жасөспірімдердің ересек өміріне алаңдап, баспана мәселесіне тоқталды. «Балалар үйінен шыққан жеткіншекке үй алу үшін мемлекет тарапынан қандай мүмкіндік қарастырылған? 10-15 жыл «Шаңырақ» үйін паналап жүрген, несие алуға мүмкіндігі жоқ адам не істемек керек?» деген сұрақтарға «Отбасы банк» АҚ-ның бизнесті дамыту бөлімшесінің басшысы Дана Габдуллина жауап берді.

– 2025 жылы 24 мамырда біз баспанаға мұқтаж адамдардың тізімін алдық. Бүгінгі күнге дейін 14 санаттан тұратын әлеуметтік осал топқа (ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар) үш бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіледі: 1) жалға алатын пәтерді субсидиялау. Яғни жалдамалы пәтерде тұрса, мемлекет пәтерақының 50%-ын төлейді; 2) пәтерді жалға (аренда) алу. Ол үшін жергілікті атқарушы билік бізге тізім жолдайды. Әрі қарай біз оны саралаймыз. 2026 жылы Орал қаласы бойынша 53 пәтердің 12-сі (20%) жетім балаларға берілді; 3) несиеге алатын баспана. Бұл бағдарламада арыз беру міндетті. Айтып өткенімдей, жергілікті атқарушы билік осы бағыт бойынша пәтердің тізімін жібереді. Біз соған сәйкес байқау өткіземіз. Тізім бойынша бірінші тұрған адам өтіп, несиені төлеуге мүмкіндігі тексеріледі. Отбасы банктің құзыретінде мемлекеттің заңына сәйкес әзірге осы үш бағыт қарастырылған. Басқа жоба туралы соған жауапты мекемеден сұрау керек. Біз банк болғаннан кейін, тек жалға және несиеге алуға болатын пәтер бойынша сұраққа жауап береміз, – деді Дана Айымжанқызы.

«Жас дәурен» балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Бауыржан Сейітқалиев ҚР заңнамасына сәйкес, балалар үйіне түскеннен кейін алты айдың ішінде тұрғын үй кезегіне қойылмай, содан бері әлі күнге дейін өзінің құқығын қорғап, сотқа жүгініп жүргенін айтып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы заңға сәйкес қорғалмай жатқанын  айтып  өтті.

– Біз кішкентай кезімізде өз құқығымызды білмедік, сәйкесінше мемлекет жағдайымызды ескеріп, заң бойынша тұрғын үй кезегіне қойған болар деп ойлап жүрдік. Тек 2016 жылы балалар үйінен түлеп ұшқаннан кейін әлеуметтік осал топ бойынша ешқандай есепте тұрмағанымызды білдік. Сол жылы тұрғын үй кезегіне шамамен 1400-ші болып тұрдым, арада 11 жыл өтті, тізім бар болғаны 200 адамға ғана алға жылжыған. Тиісінше, ер жетіп, есейген соң сотқа арыз жазып, құқығымды қорғауға тырыстым. Бірақ әзірге іс нәтижесіз. Мен сияқты адамдар қаншама?.. Сол себепті өзімізге тиесілі дүниеге ие болып, құқығымызды қорғау үшін бізге заңгерлердің көмегі ауадай қажет деп ойлаймын. Еститін үкімет деп күнде айтады. Бізді де естиді деген үміттемін. Енді бітіріп шығатын балаларға айтарым, құқықтарыңызды қазірден бастап білу үшін оқыңыздар! Отанды жақсы көріп, елге қызмет етіңіздер, – деп Бауыржан Сейітқалиев көп жылдан бері меселі қайтып, шешілмей жатқан мәселесін көтерді. Форумға қатысып отырған заңгерлер заң жағынан ақылын қосып, көмекке дайын екендіктерін білдірді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева соңғы уақытта ел Президентінің тиімді саясатының арқасында балалар үйінің азайғандығын айтып, статистикаға тоқталды.

– Қиындыққа қарамай өмірде өз орнын тапқан жандар арамызда көп екен. Оған біз бек қуаныштымыз. Соңғы 10 жылда балалар интернат-үйі 116-дан 90-ға дейін азайды. Өйткені мемлекет белсенді түрде ата-анасыз қалған балаларды толық отбасының қолына беруге көңіл бөліп келеді. Бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы асырап алған отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Біздің ата-бабамыз жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған. Қоғамда балалар үйінің болуы – қазақ халқының өмір салтының өзгергендігін көрсетеді. Соған қарамастан мемлекеттік саясат ілгері басып, балалар үйі азайып келеді, – деді Гүлжанар Болатқызы.

Форум соңында балалар үйінен түлеп ұшқаннан кейін, өмірдің түрлі иірімінен өтіп, білім алып, еңбек етіп, бүгінде өнегелі толық отбасыға айналып, үбірлі-шүбірлі болып отырған жандарға алғысхат пен сыйлық табысталды. Үлгілі отбасы қатарында Салихов, Құспанов, Мұқажанов, Шишков, Исағалиев, Бекетовтер отбасылары аталды. Мәдина Өтепқызы, Үмітай Байзоллақызы, Сағидаш Сапарқызы секілді балалар үйінің ардагер ұстаздары да марапатталды. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ниетте Әлібек Бақтыгерейұлы, Василий Вячеславович, Вера Ивановна сынды балалар үйіне қамқор болып жүрген атымтай жомарт жандар да ескерусіз қалмады. Іс-шараға жиналғандар осындай тағылымды, мазмұнды жобаның жалғасын табуына тілеулестік білдірді.

Форумға Ресейдің сонау Ярославль қаласынан арнайы келген Сәулеш (Соня) Мақсотқызы бала кезде бір шаңырақта тұрған бауырларына, ұстаздарына алғысын білдірді.

– Мен қазір зейнеткермін. 30 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Балалар үйінде тұрғанда егістік, бау-бақша алқабы (плантация) болатын.

Сонда біз ала таңнан қара кешке дейін еңбек еттік. Үмітай апам мен жездеме алғыс. Ата-анамыздан айырылып, алтаумызды балалар үйіне алып келді. Қасымызда болып, бізді қорғап, қолпаштап жүрді. Осы кісілердің арқасында тазалыққа, тәртіпке, біреудің ала жібін аттамауға, еңбек етуге үйрендік және өмірде оны кәдеге жараттық. Мен ешкімге алақан жаймай, өзім ширақ қимылдап, оқып, білім алып, институтқа түстім. Өзім және сіңліме пәтер алып бердім. Жақсы адамға тұрмысқа шығып, елден артық та, кем де емес өмір сүріп жатырмыз. Залда отырған үлкен өмірге қанат сермеуге ұмтылған жастарға айтарым, керенау, жалқау болмаңыздар. Еңбек етіп, білім-ғылымға құштар болыңыздар. Бойыңызды күтіп, денені шынықтырып, көп саяхаттыңыздар! – деді көрші елден келген  отандасымыз.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале