26.08.2026, 16:45
Оқылды: 9

Елу әскери міндетті оқу-жиынға аттанып кетті

Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылында жұмылдыру дайындығы мен аумақтық қорғаныс бағыттарын қамтыған кешенді оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

IMG-20260825-WA0075

Жаттығу барысында түрлі жағдайларға арналған бірқатар практикалық тапсырмалар орындалды. Атап айтқанда, белгісіз ұшу аппараты құлаған кездегі әрекет алгоритмі, аумақты оқшаулау, қаруды залалсыздандыру, аудан аумағына сырттан келген азаматтарды қабылдау және орналастыру, олардың қажеттіліктерін зерделеу, медициналық әрі психологиялық қолдау көрсету жұмыстары көрсетілді.

Шараның жалғасы ретінде аудан орталығында Теректі ауданында өтетін әскери жиынға қатысатын әскери міндеттілерді шығарып салу рәсімі өтті.

Бұл жиын әскери міндеттілердің бұрын алған білімдерін жаңғыртып, практикалық даярлығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Оқу барысында олар тактикалық, саптық даярлықпен қатар, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану бағытындағы машықтарын шыңдайды.

IMG-20260825-WA0059 (1)

Әскери міндеттілерді шығарып салу рәсіміне аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, салаға жауапты мамандар, әскери қызметшілер және жиынға аттанатын азаматтар қатысты.

Аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы өз сөзінде:

«Отан қорғау – әр азамат үшін қасиетті парыз. Осындай жиындар әскери міндеттілердің даярлығын жетілдіріп қана қоймай, ел қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттырады. Жиын барысында алған тәжірибелеріңізді тиімді пайдаланып, жүктелген міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін», – деді.

IMG-20260825-WA0071

Жиын кезінде әскери міндеттілер әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтап, белгіленген оқу бағдарламасы бойынша даярлықтан өтеді. Бұл олардың шұғыл жағдайда ұйымдасқан түрде әрекет етуіне және әскери машықтарын жетілдіруіне жол ашады.

Ауданнан әскери жиынға 50 әскери міндетті аттанды.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы,
суретке түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале