26.08.2026, 17:00
Оқылды: 9

Тілсіз жау баспанасыз қалдырды

Тамыздың 20-сында Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында тұрғын үйлер мен қора-қопсы өртенді.  Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл хабар «112» пультіне сағат 16:27-де түскен. 

жп мамандар галериясы өрт сөндіруші (3)

«Ауыл ең жақын өрт сөндіру бекетінен шамамен 20 шақырым қашықта орналасқан. Бөлімшелер келген кезде Жастар алаңы көшесінде орналасқан екі екіпәтерлі тұрғын үйдің, шаруашылық құрылыстардың және үйлердің бірінің ауласында сақталған шөптің жанғаны анықталды. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы құрылымдардың, ҰҚК Шекара қызметі мен облыстық полиция департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомстводан.

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовтің айтуынша, өрт сөндіру бөлімшесі оқиға орнына сағат 16:59-да жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша өрт жеке тұрғын үйлердің ауласында орналасқан жалпы салмағы 89 тонна, яғни 3 720 бума шөптің жануынан басталған.

– Өрт салдарынан Жастар алаңы көшесіндегі №12/1 және №12/2 екі пәтерлі тұрғын үйлер, Жаңа құрылыс көшесіндегі №5/1 және №5/2 тұрғын үйлер толығымен өртеніп кеткен. Сондай-ақ бірқатар шаруашылық құрылыстары мен гараж зақымданды. Өрт оқиғасы кезінде адам шығыны мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Оқиға орнында 80-нен астам адам мен арнайы техника жұмыс істеді. Өрт сағат 21:27-де оқшауланды. Оқиға орнына барған аудан әкімі Тимур Шиниязов тұрғындармен кездесті. Зардап шеккен азаматтардың жағдайымен танысып, олардың мәселелерін тыңдады. Тұрғындарға қажетті көмек көрсету және баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды, – деді Жаннұр Бекбауұлы.

Жергілікті атқарушы құрылымдар өрттен зардап шеккендерге уақытша тұруға арналған баспана қарастырды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Өрттің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталуда. Аудан әкімдігі жағдайды бақылауда ұстап, зардап шеккен тұрғындарға  қажетті  көмек көрсетуді жалғастыруда.

Айна Имашева,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале