17.07.2020, 17:58
Оқылды: 136

Бір бие – үйдің асы, екі бие – елдің асы!

Белгілі атбегі, қырдың қазағы Мүтәлі Төреғалиев Аралтөбенің маңында бие байлап, қымызхана ашыпты дегенді естіп, жолға шықтық. Ауызымыздың салымы бар екен, таңғы сауынның үстінен түстік. Жазғы қымызхананың ішінде саумал ішуге келген біраз адам бар екен. Ортасында – Мүтәқаң! Жылқы жайлы, оның сүтінің пайдасы жайлы әңгімені жіберіп отыр. Бір қарағанда, халыққа саумал ғана емес, Мүтәлінің әңгімесі де шипа болып дарып жатқан сияқты.
99CA1094-D860-433E-B65A-D41147E39B39

Біз барып, мекен иесімен амандық саулық сұрасып жатқанда, қарына шелегін ілген сауыншы күйеуімен бірге қораға қарай кетіп бара жатты. Қорада екі бие тұр екен. Ер адам құлынын айырып тұрды, жеңгей болса екі биені әп-сәтте күмпітіп сауып алды. 5 литрлік шелек ортадан асып шыға келді.  Таңғы ырыздығын қымызханадан ішуге келгендер, саумалын ішіп рахметін айтып, үйлеріне кетті. Біз болсақ, бір-бір кесе түнемелі қымызды сіміріп алдық та, Мүтақаңның әңгімесін тыңдауға кірістік. Бір жақсысы, сөзінің кіріспесін үнемі адуынмен бастайды. Сосын жіктеп, жіліктеп тұрып сөйлейді. Артық сұрақ қойып та қиналмайсың. Керегіңді түріп алып отыра бересің. Бұл жағына Мүтәлі ағамыз қамшы салдырмай шабатын жүйріктерге қатты ұқсайды.

Міне, сұхбатты да біз емес, өзі бастады.

- Мен 3-сыныпта оқып жүргенімде бәйгеге шаптым. Торықұнан деген атым болды. Дархан даланың самалын алғаш соның үстінде отырғанда сездім. – деді. Бұл біздің «Жылқыға деген махаббатыңыз қалай оянды?» - деген сұрағымызға дәл жауап болды.  

B31EB38C-4933-4378-939F-61E0D8D3ACE8

Иә, Мүтәлі Төреғалиев – аттың жалында өскен ауылдың баласы. Біраз жыл ауылшаруашылық саласында, кейін партиялық қызметтерда болды. 1991 жылы аудандық кеңес ұсынған қызметке қарамай, ауылға сұранып, қазіргі Аралтөбе ауылдық округінің, бұрынғы «Жымпиты» совхозының директоры болды. Азаматтың Аралтөбеге келіп ат байлағанына да ойдай 30 жыл болыпты.

Қайбір жылы Мүтақаң қалаға көшті. Бірақ, қалада тұрады деген аты болмаса, жер қарадағы уақыттың бәрін ауылда, жайлауда өткізіп жүрді. Бізге ол Оралға тек қыстау үшін баратындай көрінетін.

Мүтәлі туралы айтып, жылқы туралы айтпай кетсек, мешітті айтып, молданы айтпағандай, мектепті айтып, мұғалімді айтпағандай боламыз. Жылқы – елдің айбыны, ердің қанаты ғой. Ол, біздің ағамыз үшін жылқы – тұтас бір мектеп. Ол тұлпардан паңдық пен тектілікті, намысына от түссе күркіреп, жұлқынып, жер дүниені қопара жаздайтын адуын мінезді қабылдады.  

Мүтақаңның қолынан көп жүйрік өтті. Құнанында Жымпитыда бәйгеде шапқанын көріп, Қаратөбенің Төленіне арнайы іздеп барып, Сарыгүлге «құда түскені» бар. Сарыгүл деп отырғанымыз - Төреғалиевті танытқан жүйрік. Балқы Базардың «Мен тайымда оздым құнаннан» дегеніндей, құлынында тайдан, тайында құнаннан озған Сарыгүл Мүтәлінің қолына түскесін, нағыз сары даланың сәйгүлігіне айналды. Сырымның тойындағы бас бәйгені ұтты. Жаңақаладан «Ford» атты шетел көлігін қанжығаға байлап, ауылдастарының төбесін көкке көтеріп қойды. «Жүйрік аяқтан кетеді» - деген рас. Сарыгүл де Бұлдыртыдағы бәйгеде тобығын қайырып алып, жарыстан қалды.

Қазір атқорада «Қызғалдақ» деген жүйрік тұр. «Қызғалдақ» деген қандай тамаша есім деп таңдандық! Ағылшын биесіне ол атты аты алашқа танылған атбегі ару, Аралтөбенің қызы Айгерім берген екен. «Қызғалдақтың» маңдайындағы ақ сурет қызғалдаққа да, домбыраға да ұқсайды. Бұл жерде «Көкдауыл» атты жүйрік пен кейінгі жылдары көп бәйгенің басынан көрінген, бір жылда үш бәйге ұтқан «Хантөренің» «Тәуилә» деген тұяғы бар екен. Оларды Айгерім, Фазыл деген жаттықтырушылар бағып, баптауда.

Жүйрік жарату – жанның ісі. Ал жылқыға ғашық, тұлпарға үйір жастарды табу, олардан қазақтың ұлттық өнері – ат спортының сайыпқырандарын, соның ішінде бәйге деген бекзада өнердің өкілдерін тәрбиелеу – ардың ісі. Айгерім де, Фазыл да – Мүтәлінің ауылдан тапқан «брилианттары». Күнінде жүйріктің жалында жүрген олар тұлпар жаратып, шабандоз баулитын деңгейге жетіп, ұстаздарының жұмысын жеңілдетіп жүр.

- Дәстүрлі әнге эстрада араласты, айтыс шоуға айналды деп дабыл қағып жүрміз ғой. Ол зауал бәйгенің де басына келді. Бәйге бизнеске айналып барады – деді Мүтәлі ағамыз ашынып.

- Бұрында аттар бәйгесі – ұлттың ұлы дәстүрі, халықтың жанының құмары емес пе еді? Қазір байлардың қызығына, ермегіне айналды. Ауқатты азаматтар 5 – 10 миллионға ат сатып алады. Қарапайым халықтың оған дәрмені жоқ. Сонда, бәйгенің бәрін шетелдің жылқысы алып, жабылар шетте қала бере ме? Менің жан дауысымды шығарған да – осы мәселе.

Байлар шетелден сатып алған, дайын аттарын шаптырып, өздері мәз бола берсін. Бізге, қосалқы бәйге ұйымдастыру керек. Жабылар бөлек, дербес шапқаны дұрыс. Соңғы уақытта солай жасаймын деп көп адамға жеккөрінішті болып жүрмін. Талай бәйгеде шатыс сәйгүлікті жарыстан шеттеттім. Мейлі, мен өзім үшін емес, қазақы жылқының мәртебесі түспесін, құны құламасын деп шырылдап жүрмін. Олардың әрқайсысын өзіміз сияқты ауылдың қарапайым қазақтары баптап, қосады. Кім қандай аттан жүйрік жаратты? Кім бабын келтіріп баптады? Кімнің жүйрігі бағын қуып жетті? Бәйгенің қызығы сол емес пе? Нағыз бапкерлердің, Күреңбайдай сыншылардың қолы байлаулы. Қайталап айтамын, бәйге біріншіден – аттың рахаты, атбегінің мерейі және халықтың қызығы! Осы үш киесін жоғалтса, құны кетеді.

Қазіргі «Аламан бәйгенің» ұзақтығы - 21 шақырым. Ағылшын аттарға өте ыңғайлы қашықтық. Мәреге жақындағанда жылдамдық қосады да, бірінші келеді. Қаратөбеде «Тико» деген қазақы жабыдан шыққан жүйрік бар. Қалмай шауып, қанды аттарға лайықты қарсылас болып жүр. Біздер «Тико» сияқты жүйріктерді көбейтуіміз керек.

Мысалы, қазақы аттар қай жағынан алсаң да мықты ғой. Жарату оңай әрі олардың аяқтары көп кетпейді. Олар тебінде болады, керек дәруменді, керек шөпті өзі тауып жейді. Табиғи тұрғыда жетіледі.  Солай болуы керек. Аттың бабына медицина араласып жатады. Қанды аттарды егумен жаратып жатады. Махамбеттің «Мінгені Исатайдың Ақтабан – ай, Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны – ай!» - дегеніндей, аттың терін алып, сұлысын беріп баптаса ғажап қой.

Ат баптаушылар біледі. Ақпан айын олар «шілделік» деп атайды. Атты оймен – қырмен жүргізеді. Күртікке салынған аттың сіңірі қатаяды. Аязда жүрген аттың өкпесі таза болады, демалысы жақсарады. «Шілделіктің» пайдасы бәйге науқанында білінеді. Ат 1 – 2 аптада бабына келеді. Әйтпесе, қыстай күтілмеген жылқыларды жарысқа шығу үшін 2 - 3  ай жаратуға тура келеді. Атқа жаттықтыру керек, шабандоз керек. Шабандоз да атпен бірге жаттығуы тиіс. Бір-бірінің сырын біледі, ол шабыс үстінде өте керек. Мен де сол, ат ұстаймын, оның жем-шөбі бар, жаттықтырушысы бар, шабандозы бар. Шабатын болса, тасымалдау мәселелері бар. Мұның бәрі мені шығынға батырмаса, пайдаға кенелтпейді. Ат ұстамай, бәйгеге қоспай тағы отыра алмаймын. Мен атпен ауырамын ғой. – деп күліп жіберді ол.

Бәйгені басқаларға байлап, қалай шыдап отырсын? Амал жоқ, Мүтақаң жылқы селекциясымен, яғни қолтумамен айналысуға бел буыпты. Ағылшын биесі «Қызғалдақтың» қасына американ мен дағыстандық жылқының будан айғырын алып келіпті.

- Қолтума жаратуға жеңіл болады. Көбіне ағылшын мен жабының қоспалары, жарты қандылар жаратуға ыңғайлы әрі нағыз пырақ солардан шығады, – дейді ол.

Жаздың таңында қымыз сораптап отырып, осылай біраз әңгіме айтылды. Енді, қымыз – саумал туралы бірер сөз болсын. Мүтәлі Төреғалиев қаладан қайтадан ауылына көшіп келді. Өршіп тұрған індеттен ел сақтансын, сәл де болса үлес болсын деген ниетпенен, қымызхананың жұмысын қайтадан қолға алды. Қазір 2 биеден күніне 13 – 15 литр сүт алады. Сауылған саумал ішуден ауыспайды екен. Аралтөбеліктер саумал ішуге әбден үйреніпті. Қазір қымызханаға күніне 50 шақты адам барып, ұлттық сусын ішіп жүр.

- Вирустан сақтанудың, емделудің жолы – саумал ішу деп бәрі айтып жатыр. Оны қазақ баяғыдан білген. Саумал - иммунитетті көтереді. Бірінші пайдасы – сол. Қойдың сорпасы да мың да бір шипа! Бұл ауру біреуге жеңіл, біреуге ауыр тиеді. Рух пен саулық болса, бәрінен құтылуға болады.

Жылқының сүті – қан қысымы бар, аллергиялық аурулары бар адамдарға өте пайдалы. Өкпе ауруларының басты емі – қымыз. Құрт ауруына сәл ащылау қымыз керек. Ащытылған қымыз – мама қымыз, бесті қымыз – бес күн ашыған қымыз. Құнан қымыз – үш күн тұрған, түнемелі қымыз – сауылып, бір түнетілген қымыз. Түнемелі қымыз бен саумалды ағзасын дұрыстағысы келген, дерттен қашқан адам ішуі керек. Ысталған күбіге құйып, пісіру керек деп айтып жатамыз. Иә, қымыздың сапасына піспегінен. Дұрыс қымыз – мың мәрте пісілген қымыз. Қымыз бабына келу үшін тағы бір әдіс – сапыру! Сапырылмаған қымыз ірмек-ірмек болып кетеді. Қоюы астына тұнып, сұйығы бетінде тұрған сусын кімнің тәбетін тартады? Бір бие – үйдің асы, Екі бие елдің асы!» - деген сөз бар. Жазғы қымызхананың жұмысы басталғанына 1 айдай болды. Шүкір, халық емге пайдаланып жатыр. Әр аулада бие байланса, балалар саумал ішсе, қандай керемет болар еді, – дейді Мүтәлі Төреғалиев.

Мүтақаң ауылға келіп үйге байланып, қымыз ішіп жайланып жатқан жоқ. Ізім қалса, елге жәрдемім тисе деп жүр. Аралтөбенің қайғысы мен қуанышына куә болған ескі асхананы кеңейтіп, 300 қонақ сиятын мейрамхана етіп жатыр екен. Мейрамханының бір ерекшелігі – қабырғасы толған сурет. Қыз Жібек те, Махамбет пен Исатай да, ауылдың табиғаты, жан – жануары, бәрі-бәрі – кенепке майлы бояумен салынып, тамаша картина болып ілініпті. Елге келген меймандар тарихпен танысып кетсін деп жасап жүргені ғой кейіпкеріміздің.

Мүтәлі Төреғалиев ескі субұрқақты қалпына келтіріп, ауылға алма бағын отырғызып, оны күнінде бірге күрескен досы, құрдасы Өскенбайдың атына беруді де ойлап жүр! Бақтың орыны таңдалып, биыл жері жыртылмақ. Қымызханадан қымыз ішкеніміз сияқты, Алла жазса, сол бақтың ішінде алма жеп отырайық, Мүтақа!

 Бауыржан Ширмединұлы,

Аралтөбе ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале