4.09.2023, 11:45
Оқылды: 58

Биыл өңірде қайтарымсыз гранттар үшін 137 миллионнан астам қаржы бөлінген

Өз кәсібімді ашып, жұмысты алға жүргіземін дегендер үшін мемлекеттік  қолдаудың түр-түрі бар. Солардың ішінде мемлекет беретін қайтарымсыз гранттар көп адамның жолын ашқаны рас. Бүгінгі кейіпкеріміз де қайтарымсыз гранттың қайырын көргендердің бірі. Біз «Текемет» қолөнер шеберханасында болып, этностильдегі өнер туындыларын тамашалап қайттық.

қолөнер жп1

Бұрын жарнама саласында табысты еңбек етіп келген қос қыз Салтанат Қоспаева мен Тоқжан Бабиева ойлана келе осы этностильдегі шеберхана ашуды ұйымдастырады. Этностильдегі шеберхана ашу туралы алғашқы ой сонау Италяға сапар кезінде пайда болған.

қолөнер ЖП

– Қасымдағы серіктесім Салтанат Қоспаева Италияға барды. Сол кезде сыйлыққа бір этностильдегі картина жасап алып кеткен еді. Италиядағылар картинаға қатты қызыққан. Шетелдіктердің біздің өнерге деген қызығушылығы бізге Орал қаласында «Текемет» қолөнер шеберханасын ашуға түрткі болды, - дейді Тоқжан Бабиева.

қолоөнер жп 3

Ол 2015-2016 жылдары екен. Содан бері қолөнер шеберханасы Астана, Алматы қалаларындағы ірі көрмелерге қатысып, біраз танымал болып алды. Бүгінде ол шеберханада 5 адам жұмыс істейді. 2020 жылы мемлекеттен 5 млн теңгенің қайтармысыз грантын алған.

– Біздер ұлттық стильдегі картиналар жасаймыз. Шежіре жасаймыз. Оралда шежіре жақсы өтеді. Оған сұраныс көп. 2020 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алдық. Сол қаржыға заманауи құрылғы сатып алып, орнаттық. Қазір сонымен іскерлік әлеміне қажетті сыйлықтарды басып шығарамыз. Ал, таза шығармашылық жұмыстың бәрі қолмен жасалады, - дейді Тоқжан Бабиева.

қолөнер жп 2

БҚО-да биыл қайтарымсыз гранттар үшін 137,7 млн теңге ақша бөлінген. Осы ақшаға жоспар бойынша 30-ға жуық адам қайтарымсыз грант алады деп күтіліп отыр.

«Грантты кез-келген адам ала алады. Бастысы жаңашыл идеясы болуы керек. Және кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2-3 адамды жұмыспен қамтуы қажет», - дейді БҚО Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мирам Қабдығалиев.

«Текемет» қолөнер шеберханасы Дубайда өткен фестивальге қатысқан. Болашақта Өзбекстан мен Түркияда көрме өткізуді жоспарлап отыр.

Қолөнер шеберханасында дайындалатын картиналардың бағасы 15 мыңнан басталып 600 мыңға дейін барады.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале