26.05.2017, 15:32
Оқылды: 40

Биыл Оралда 1152 пəтер пайдалануға беріледі

Биыл облыстағы елді мекендерде «Өңірлерді дамыту-2020» жəне «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында 5 637 млн теңгеге 33 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жайында Орал қаласында ҚР Парламенті Мəжілісінің экономикалық реформа жəне өңірлік даму комитетінің сəулет-құрылыс қызметі саласындағы бақылау жəне қадағалау жүйесін жетілдіру мен сумен жабдықтау мəселелері бойынша өткен көшпелі отырысында айтылды.


Аталған комитет төрағасы Нұртай Сабилянов жиында өңірде автожолдарды жөндеу жəне елді мекендерді сумен қамтамасыз ету өте өзекті екенін айтты.

"443 елді мекеннің 164-і немесе 37 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 275 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Төрт ауыл ауыз суды сырттан тасымалдайды. 2017 жылы бұл бағыттағы мəселені шешуге 7 млрд теңге бағытталған", - деді Н. Сабильянов.

Көшпелі отырыста Парламент депутаты Бақтияр Мəкен "100 нақты қадам" Ұлт Жоспарының 46-49 қадамдарын, ҚР Инвестициялар жəне даму вице-министрі Роман Скаляр сəулет жəне қала құрылысы саласына қатысты реформалар жөнінде кеңінен баяндады. Жиында Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиев 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 11,1 млрд теңгеге шаһарда 8 үй тұрғызылып, 1152 пəтер пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар жергілікті құрылыс комбинаттарының басшылары сөйлеп, сəулет-құрылыс қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыста құрылыс саласына  қатысты заңнамалық актілерді жетілдіру, соған байланысты əкімшілік кедергілердің туындауы, құрылыс сапасы төмендеп, мерзімінде тапсырылмауы жəне мемлекеттік портал арқылы құжат рəсімдеуге қатысты кездесетін мəселелерді Мəжіліс депутаттары кеңінен талқылады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале