1.12.2021, 9:16
Оқылды: 113

Біздің де айтарымыз бар

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған күннен бастап консультативтік-кеңесші құрылым ретінде жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдері арасында саяси-экономикалық  және әлеуметтік мәселелерге белсене араласуда. Құрылым ел саясатының өзекті  мәселелері бойынша  ұсыныстар  жасап, бірқатар іс-шараларды өткізуде. Олардың барлығында жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірлері  ескерілген. Осыған байланысты маңызды  стратегиялық проблемалар бойынша  жоспарлы жобалар дайындалуда.

18

Президент аталмыш кеңестің негізгі мақсаты – барлық салаларды реформалау емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған ұсыныстар екендігін баса көрсетті. Осы орайда атқарылған және жүзеге асырылып жатқан өзекті мәселелердің нәтижелі жақтарын айта келе кеңес мүшелеріне бірқатар ұсыныстар жасады. Бұл ұсыныстар қоғам өміріндегі көкейтесті мәселелер болып табылады.

Мемлекет басшысы мәселені ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіруден бастады. Осыған байланысты кеңес мүшелерінің ұсыныстары да айтылды. Реті келіп тұрғанда біз де өз тарапымыздан бірді-екілі ұсыныстарымызды айта кеткенді жөн көрдік. Біздің ойымызша, әкімдікке ұсынылатын азаматтар мен азаматшалардың сайлау науқанына дейінгі атқарған қызмет түрлерін, олардың жеке басының адами тұрғыдағы қасиеті есепке алынуы қажет. Сонымен қатар бұрынғы қызмет орындарындағы жеке басының қабілетінің арқасында сол ұжымды дамыту барысында жеткен жетістіктері  толыққанды ескерілуі тиіс. Сондай-ақ қаралатын қаржыны үгіт-насихатқа бөлінгендей, халықтың санына қарай бөлсе дейміз. Қаржы тұрғысында ауыл әкімдері аудан әкімдігіне қарап қалуда. Мысалы, аудан әкімдігі ауданнан бөлінетін қаржыны ауылдық округ халқының саны 4000 немесе 30 000 болса да тең бөлуге тырысады. Осы орайда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемінің ара салмағы диференциалды түрде жүргізілгені жөн болар еді. Әр ауылдық аймаққа бөлінетін қаржы өз есепшоттарына түсіп, ауыл әкімдерінің сайлаушылар алдында есеп беруі арқылы жүзеге асырылғаны дұрыс болады деп есептейміз. Сонда олардың мүмкіндіктері мен ортақ жұмысты атқаруға деген ынта-ықыласы сөз жоқ артар еді. Сонымен қатар ауыл әкімшіліктері жергілікті тұрғындар арасынан білімге құштарлығы бар үміткерлерді өздері таңдаса деген ой айтамыз. Оларды оқу орындарына жібере алатындай мүмкіндіктері болса, көптеген салалар бойынша шешімін таппай отырған мәселелер оң шешімін табар еді. Демек, жоғары оқу орындарымен тікелей меморандумдар жасап, белгілі көлемде жеңілдіктер алып, өздеріне қажетті мамандарды өздері анықтай бастағанның ауылды дамыту бағытында тигізер  септігі  мол.

Келесі кезекте білім беру саласы бойынша орынды сұрақтар қарастырылды. Атап айтқанда, қауіпсіздік жүйесіне қойылатын талаптар, орын тапшылығы, әр сыныптағы оқушылар санының 25 баладан аспауы, мектептердің санын көбейту және инфрақұрылым жайттарын ескеру, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге бөлінетін қаржының бөліну тәртібі, мемлекеттік әлеуметтік нысандардың жеке тұлғалар меншігіне өтіп кетуі сияқты өзекті мәселелері айтылды.

Дейтұрғанмен бүгінгі таңда мектеп қабырғасында берілетін жоба-жоспарларды егжей-тегжейлі сараптамадан өткізу қажеттілігі туындап отыр. Көп жағдайларда кейбір пәндер бойынша берілетін тапсырмаларды мектеп оқушылары түгілі, ересек адамдардың түсінуі қиындау. Демек, оларды құрастырушы субъектілерге қойылатын талаптарды да қайта қарау қажеттілігі бар. Сонымен қатар болмысымызда ауыз әдебиетімен ерекшеленген халықпыз.

Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасында қазақ тіліне бөлінетін сағаттарды көбейту және төртінші-бесінші сынып оқушыларының қазақ тілі мен әдебиетінің жоспарына «Батырлар жыры» туралы дәрістер енгізілсе дейміз. Мұның өзі бұғанасы қатпаған балғын балалардың бойына балдай сіңері анық. Олардың сана-сезімдеріне елжандылық, ұлтжандылық  қасиеттердің орнығуына себеп болар еді. Ал жоғары оқу орындарына келсек, мұнда да дәріс беру пәндерін жоспарлауда көптеген олқылықтар орын алған. Мысалы, дәріс пәндерінің берілуінде қажетті кезектілік ұстанымдар сақталмай қалуда. Соның салдарынан берілетін хабарларды қабылдау қабілеттілігі төмендейді. Көп жағдайларда негізгі пәндер мен қосалқы пәндерге бөлінетін сағаттар санының теңестірілуі нәтижесінде қажетті пәндер жеткілікті көлемде игерілмей, оқу ісін жүргізу ақсауда. Сондықтан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілетін жоспарды әр сала бойынша жоғары оқу орындарындағы білікті мамандарды тарта отырып, қайта қарастыру  қажеттілігі  бар.

Кеңесте үшінші қатардағы мәселе ретінде  цифрлық технологияны барынша енгізу туралы сөз болды. Осы орайда Президент «бұл үрдіс барлық саланы қамтуы тиіс» деп кесіп айтты. Электронды ақпараттық базалардың арасындағы байланыстың жоқтығы салдарынан азаматтардың әлеуметтік көмек, төленетін жәрдемақылар туралы жайттан хабардарлығы аз екені  айтылды.

Төртінші санатта банктердің кепілдік саясатын жетілдіру және бағалау қызметтерін реттеу қарастырылды. Бұл жерде қоғамда орын алып жатқан олқылықтар туралы айтылып, оларды жетілдіру іс-шараларына көңіл бөлінді. Кепілге қойылған мүліктің пайызының өсуі және оларға берілетін мерзімнің ұзартылуы мен мүліктің бағамдық құнын қасақана төмендетуге жол бермеу сияқты мәселелер өте маңызды.

Біздің қосарымыз, банктердің келісімшартпен қаралған несиелік пайыздарына тоқтатуы туралы ережелерді сақтамауы, дер кезінде сотқа жүгінбеуі  шартпен қарастырылған айыппұл өндіру ережелерін шамадан тыс мөлшерде көбейтуі, кепілге өз мүліктерін қоюшыларға ескертпей сатуы, сонымен қатар борыштарды коллекторлық компанияларға сатуы сияқты әрекеттеріне тыйым салынуы керек. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда банк қызметкерлерін жауапқа тарту туралы ережелер енгізілуі тиіс. Қазіргі кездегі қалыптасқан жүйе екінші деңгейдегі банктерді бағалаушылармен, коллекторлық компаниялармен, сатып алушылармен, тіпті кей жағдайларда сот құрылымдарымен ымыраға келіп, терісқақпай шешім шығаруға итермелейді. Сондықтан осы мәселелерді түбегейлі реттеп отыратын ережелерді енгізу арқылы қатаң  қадағалауға  алу  қажет.

Бесінші кезекте бюджет саясатының тиімділігін арттыру қаралып, орынды ұсыныстар айтылды.

Алтыншы кезекте адам құқығын қорғау жүйесін нығайту мәселесі қаралып, бірқатар ұсыныстар жасалды. Мәселен, өлім жазасы туралы атқарылып жатқан жұмыстар, ана мен баланы қолдау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық тәрбие, білім, мәдениет туралы сұрақтар қаралып, талқыланды.

Аталмыш мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке талқылау арқылы жетілдіру қажеттілігі бар. Өйткені көп жағдайларда бұл сұрақтарға толыққанды жауап беретін заң-ережелер болғанымен қолданылуы (атқарылуы) ақсап жатыр. Сондықтан тиісті көлемде қайта қарау және қадағалау тетіктерін күшейту қажет. Сонымен қатар айта кететін көкейтесті мәселенің бірі – тіл мен жер мәселесі. Өкініштісі сол, бұл туралы сөз жоқ. Бұл мәселелер аталмыш кеңестің басты мәселесіне айналуы тиіс. Себебі біздің ойымызша, тіл мен жер мәселесі алдыңғы орынға шығарылмайынша қоғамда даму үдерісі  алға баспайды.

Еліміз егемендік алғалы 30 жыл өтсе де, тіл мәселесі бастапқы кезеңмен салыстырғанда көңілге қуаныш толтыратындай жетістіктерге қол жеткізді деп айта алмаймыз. Осы тұрғыдан мемлекетіміздің лауазымды тұлғаларына қойылатын талапты күшейту қажет. Бұған халық қалаулылары мен министрліктердегі лауазымды тұлғалардың буындап, ежіктеп сөйлеген  сөз саптаулары тайға таңба басқандай болып отыр. Тіліміздің еңсесін көтеретін бірқатар шараларды қолға алу ауадай қажет. Бұл басқа ұлт өкілдерінен судыратып тұрып, қазақ тілін үйреніп алуды талап ету емес, дегенмен мемлекет деңгейінде жасалатын әрекеттердің қазақ тілінде өткізілуін талап ету. Мысалы, барлық ресми құжаттарды таза қазақ  тілінде рәсімдеу, салықтық есеп беруді қазақ тілінде жүргізу, тағы да басқа негізгі және қажетті әрекеттерді мемлекеттік тілге көшіру арқылы тіліміздің дәрежесін арттыруды қолға алу.

Жер мәселесіне келгенде жиі айтыс-тартыс туындайтыны жасырын емес.

Себебі ауыл шаруашылығы жерлерінің категориясындағы жерлерді басқа категорияға ауыстыру барысы немесе қажетті іс-шаралар аяқталғасын оларды қайтадан ауыл шаруашылығы жері категориясына ауыстыру жұмыстары барынша бюрократияланып кеткен. Мұның өзі ешқандай мемлекеттік құрылым (орган) өз жауапкершілігіне алғысы келмейтін мәселелер санатында. Сол сияқты қалалық немесе ауылдық жерлердегі жер телімдерін алу тәртібі барынша қиындап отыр. Соның ішінде мектептерге, балабақшаларға, мешіттерге берілетін жер телімдерінің берілу тәртіптерін жеңілдететін ережелер енгізу қажет. Сондай-ақ елді мекендердегі құрылыс нысандарын нақтылап жоспарлау жобасын қайта қарау сатыларында ымыраға келуді тежейтін тетіктер көп. Осы мәселелер шешімін таппаса, жерге қатысты дау-дамай өрши түсуі әбден ықтимал.

Анархан Құттығалиева,

Қазақстанның инновациялық және

телекоммуникациялық жүйелер  

университетінің ОӘЖ жөніндегі проректоры, PhD докторы,

 Қанат Шокенов,

заң ғылымдарының кандидаты,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале