15.10.2021, 10:56
Оқылды: 221

Бізге карикатура керек пе?

Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке қарағанда карикатура – өмірдегі  жағымсыз құбылыстарды, жеке адамдардың бойындағы кемшіліктерді әшкерелеу мақсатында әзіл-оспақ, сын-сықақ, әжуа-мазақ, шарж, гротеск құралдарын қолданатын көркем бейнелеу тәсілі. Қазақстанда бұл сала негізінен газет-журналдардың шыға бастауымен бірге дамыған. Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік саяси идеологияны насихаттауда карикатура жанры зор рөл атқарды. Қоғамда орын алған келеңсіздіктер мен кемшіліктерді карикатурашы әжуалай салған сурет түрінде бейнелеп, ол оқырмандар арасында үлкен резонанс тудырды. Әсіресе 1956 жылы республикалық «Ара» - «Шмель» сатиралық журналының шығуына байланысты карикатура жанры белсенді дамыды.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 10.53.28

 

Аталған журналда қазақтың ұлттық әзіл-оспағы мен уытты шешендігін арқау қылған А.Ахметов, П.Бейсенов, Е.Қалиасқаров, Ж.Қанапиянов, Н.Казанцев сынды карикатурашылар өсіп жетілді. Еліміздің қоғамдық өмірінде барлық жетістік пен кемшілікке үн қосатын карикатура суретшілерінің әр түрлі тақырыптағы көрмелері өткізілді. Мысалы, 1988 жылы Алматыда бүкілодақтық «Карикатура – қайта  құру қаруы» атты көрмесі ұйымдастырылып, оған 250 көркем туынды қойылды. Онда суретшілер бюрократтық іс-әрекеттерді, парақорлықты, тамыр-таныстықты және тоқырау кезеңінің басқа да жағымсыз құбылыстарын батыл сынға алды. Кеңес одағында баспасөздің таралымы, оқырмандарының көп болуына байланысты карикатура саласы да өрлеп, өркендеді. Тек жалғыз «Ара» журналында емес, «Арай», «Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" сияқты басылымдарда карикатура жиі басылды. Кешегі тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да «Караван», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде бұл іс қарқынды жүргізілді.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 10.53.28 (1)

Бүгінде сол карикатура жанры мүлдем тоқырап қалғандай. Өзіндік тарихы бар сала қазір өлместің күнін көріп жатыр десек те болады. Орал қаласының тұрғыны, жиһаз жасаумен айналысатын жеке кәсіпкер Берік Шадығалидың мамандығы –
сурет  және сызу пәнінің мұғалімі. 1997-2001 жылдары М. Өтемісов атындағы гуманитарлық университетте оқыған. Мектепте және университетте оқып жүргенде газеттерге карикатуралық суреттер салумен айналысқан. Ол карикатурашылардың қа-зіргі жағдайының сын көтермейтінін айтады.

карикатура5

– Карикатурашылардың живопись, портрет салатын суретшілердей картиналарын сатуға мүмкіндігі болмайды. Сөзге жүйрік, көркем тілмен жазатын журналист, ақын, жазушылар сияқты сөз сата алмайды. Бұрынғы карикатураның орнын ешқандай эмоция шақырмайтын, сүреңсіз, компьютерлік арзанқол коллаж басты. «Ара» секілді журналдардың бұл күнде аты ғана қалды. Қазір сайттар мен журналдарда карикатурашы етіп штат ұстамақ түгілі, карикатураны сатып та алмайды. Фотошоппен талғамсыз коллаж жасай салған немесе интернеттен тегін көшіріп алған әлдеқайда тиімді. Таралымы көп жеке немесе мемлекеттік газет-журнал басшылары карикатурашыларға тілшінің жалақысын қимайды. Штатқа алған күнде де «нанын адал жеп отырғаныңды дәлелдеу» үшін редакцияның барлық қара жұмысына жегіліп, шет-шегі жоқ версткаға дайындау секілді шаруада жүргенде шығармашылық іздену, даму дегенің жай сөз болып қалады. Осындайды әріптестерден естіген сайын «жалпы осы карикатура бұл елге керек пе өзі?» деген көкейде үлкен сұрақ тұрады, - дейді ол.

Берік айтса айтқандай, өнердің осы бағытында жүріп, мол қаржы табу, болашақта атақ-даңқыңды асқақтату дегенің қиял болып қалады. Бұл салаға маман даярлап, арнайы оқытпайды. Өнер мектептері мен жоғары оқу орындарында арнайы бөлім, кафедра деген жоқ. Тіпті, еш ұстаз қасына алып, шәкірт үйретпей-ді. Жалпы, карикатурашылық жүзден немесе мыңнан бір адамға жұғысты өнер. Әр суретші осы өнерге бағыттаған аға буын өкілін өзіне ұстаз санап, шығармаларын шырағдан тұтады. Үйрене, тәжірибе жинай келе, өзінің карикатурашылық стилі, қолтаңбасы қалыптасады. Шынын айтқанда, мұндай суретшілердің саны бұрыннан да аз еді. Ал қазір олардың қатары тіптен сиреп қалды. Осындай өрісті өнердің мән-маңызы төмендеп, ешкімге керек болмайтындай күйге жетуі  алаңдатады.

Нұрым Нұрманов,

карикатуралардың авторы:

Берік  Шадығали

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале