28.09.2022, 11:15
Оқылды: 242

БҚО әкімдігі: Ресей мен Қазақстан шекарасы аумағындағы ахуал толық бақылауда

Ресей Федерациясы мен Қазақстан шекарасы аумағындағы ахуал толық бақылауда. Барлық күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет етуде. Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім етті.

22

«Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан Қазақстанға өтетін шекара пункттерінде тәуліктік патрульдеу жүргізіліп отыр.

«Сырым», «Шаған», «Тасқала», «Теплый» шекара бекеттерінде тәулік бойы үздіксіз полиция департаменті қызметкерлері жұмыс істеуде. Орал қаласы бойынша патрульдік полиция мен жаяу нарядтар көбейтіліп, барлық қоғамдық орындар бақылануда.

Одан бөлек еріктілерден құрылған 5 топ (25 адам) облыс орталығындағы алаң, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде», - деді Бақытжан Хаберұлы.

БҚО әкімі орынбасарының айтуынша, облыстағы еріктілер Ресейден келген азаматтарға жиналу орындары мен көмек көрсету орындарын (теміржол бекеті, автобекет, «Дина» супермаркеті) белгілеп, қолұшын беруде.

«Тасымалдаушылармен шекарадан облыс орталығына және одан әрі жеткізу орындарына дейін келісілген бағада (1 адамнан 700 рубль) тасымалдау жүргізілуде.

Облыс еріктілерінің бастамасымен «Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында 330 орынға келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда аталған қабылдау пункттерінде уақытша тұру және тамақтану қызметтері ақылы түрде көрсетіліп жатыр (уақытша тұру + тамақтану ақысы – 5000 теңге).

Ресейден келген азаматтарға және біздің тұрғындар үшін түйткілді мәселелерді шешу мақсатында 109 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болатындығын айта кеткім келеді.

Сонымен бірге әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы құны туралы ақпараттарды орналастырдық.

Қалыптасқан жағдайға орай апта күндерінде алмасып күніне 1 рет және күніне 3 рет жолаушылар автобусы Атырау қаласына қатынауда.

Сонымен бірге барлық пойыз бағыттарына қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде сұраныстар бойынша тиісті министрлікпен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін жеке штаб құрылатын болады. Облыс әкімі азық-түлік тапшылығына жол бермеуді және тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сол себепті азық-түлік бағасын тексеру және делдалдарды анықтау мақсатында мониторингтік топтар жұмыстануда.

Желіде тарап жатқан қауесет хабарларға ермей, тек ресми ақпаратқа сену керектігін естеріңізге саламын. Тағы да қайталап өтейін, біз үшін ең алдымен жерлестеріміздің қауіпсіздігі маңызды. Алаңдауға еш себеп жоқ, облыс бойынша қоғамдық-саяси ахуал тұрақты», - деді Бақытжан Нарымбетов.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале