25.08.2022, 18:31
Оқылды: 805

БҚО-да 20 жасар сарбаз 10 күнде жындыханадан бір шыққан

20 жасар Арманбек Қайроштың туыстары Ақтөбе облысынан Орал қаласына арнайы келген. Олар әскерге кетті деген ұлдарын жындыханадан көріп, естерінен танып отыр. Бүгін жас сарбаздың туыстары бір топ журналистпен 5517 әскери бөлімінің алдында жолықты.

Колледжден әскерге

Арманбек Қайрош осы жылдың маусым айында колледжді аяқтап, дипломын алған. Дәл сол диплом алу рәсімінен кейін Арманбекті әскерге алып кетіпті. «Арманбек жетім бала. Әкесі қайтыс болды, шешесі басқа адамға күйеуге тиіп кетті. Дипломын қолына алғаны сол еді, әскерге шақыртты. Біз ештеңе істей алмай қалдық. Ол негізі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде әскерге барудан босатылуы керек еді, бірақ соған қарамастан кете барды», - дейді сарбазды қамқорлығына алған Тойбазар Аманбаев.

разборка

Ротадан жындыханаға

Арманбек Қайрош 30 шілде күні ант қабылдапты. Сол күні туыстары оны іздеп келген. Бала сап-сау болған. Әскерге жарамды деген қағазы бар, кәдімгі есі дұрыс сарбаз «ҚР Қауіпсіздігі үшін қызмет етемін» деп ант қабылдаған. Кейін оларды ротаға бөлген. Ротада екі аптадай болған сарбаз жындыханадан бір-ақ шыққан.

командир 3

«Иә, мен ант қабылдауда болдым. Ант қабылдаудан кейін сарбаздар роталарға бөлінеді. Содан кейін біз екі аптаның ішінде оларды әскери қызметке дайындаймыз. Қару ұстауды, сапқа тұруды үйреніп бастайды. Ереже барлығына бірдей. Сол кезде ол өзін дұрыс ұстамады. Дөрекі сөйледі. Жағдайы өте әлсіз болды, өзіме қол жұмсаймын деуге дейін барды. Мен мынадай қызметке жарамаймын, мен қару ұстамаймын, мен ананы істемеймін, мен мынаны істемеймін деп қарсы сөйледі. 9 тамыз күні бала өте мазасыз күй кешіп, өзінен-өзі сөйлеп кетті. Біз оны әкеліп тексердік. Денесінде ешқандай таяқ іздері болмады. Бұдан соң психикалық диспансерге жатқыздық», - дейді әскери бөлімнің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров.

Журналистер осы жерде командирге «Әскерге жарамды болып келген баланың психикасына аяқ астынан не болып қалды?» деп сұрақ қойдық. Бірақ командирдің «оны психикалық диспансердегілерден сұраңдар» деген атүсті жауабына қанағаттана алмадық.

ағасы

«Бала 9-ы күні психодиспансерге түскен. Бүгін 25 тамыз. 17 күн ішінде не хабар жоқ, үйге қоңырау шалып, хабарын да бермеген. WhatsApp-тағы байланыс чаты да тып-тыныш. Амал жоқ, біз осы жақтағы таныстарды жіберуге мәжбүр болдық. Арманбек ауруханада жатыр, бір жеті болды деп өткен түні ғана естідік. Хабар жеткен бойда жолға шықтық. Дәрігерлер «Бізге түскен кездегі жағдайын көрсеңіздер, қазір аздап есін жинады. Әкелді де мал сияқты лақтырып кетті, ешкім жағдайын сұрап келген жоқ. Ешкімі жоқ, жетім бала деп ойладық» деп отыр. Сап-сау бала қалай ауруханаға түседі?» - деп қынжылады сарбаздың Руслан есімді ағасы.

Сарбаздың туыстарына бауырларының жындыханаға түскені туралы неге айтылмағаны түсініксіз.

апасы

Әскери бөлім баланың жағдайы туралы неге уақытында хабарламады?

«16 күн бұрын сіздерге біздің Айнұр Халелова есімді психолог хабарлап айтты. Бірақ мен оны сізге қазір дәлелдеп бере алмаймын. Психолог еңбек демалысында. Мен оның кімге, қашан қоңырау шалғанын білмеймін. Бірақ әскери бөлімнен ата-анасына ескертілді» деп отыр әскери бөлімдегілер.

Ал, сарбаздың туыстары болса әкесіне де, ағаларына да әскери бөлімнен ешқандай хабар жетпегенін айтып азар да безер.

Қараптан-қарап адам ақыл-естен айырыла ма?

Осылайша маусым айында әскерге алынған сарбаз 9 тамыз күні жындыханаға жатқызылған. Мақсат - баланы психиатрдың кеңесіне жіберу, бақылауда ұстау болған. Бірақ сарбаздың әпкесі өз інісін мүлде танымай отырғанын айтады.

«30 шілде күні ештеңесі жоқ еді ғой. Он күн ішінде оған не істедіңіздер? Қазіргі жағдайын барып көріңіздер, аузынан су ағып отыр. Адамды 10 күннің ішінде осындай жағдайға қалай әкелуге болады? Біз сіздерге дені сау баланы тапсырдық қой?» деп енірегенде етегі жасқа толады әпкесі Назеркенің.

Ал баланы қамқорлығына алған әкесі болса ештеңенің байыбына бармай қамығулы.

туыстары

«Балам маған мені бұл жерден алып кет, мұнда ылғи жағдайлары ауыр науқастар жатыр. Маған ем қонбайды, мені тыныш жерге апарып емдеңдер деп жалынды. Ана жерде небір адамдар жүр, көріп денем түршікті», - деп қынжылады сарбаздың әкесі.

«Ұлым бала күнінде аттан құлап, миы шайқалған. Жарақат алған кезде оны есепке қойды. Бірақ соңғы жылдары есептен шығарылды. Ұрған, төбелескен, жабылып сабаған деп ойлаймын. Айдың-күннің аманында неге ақылынан ауысады? Әңгіме сонда ғой. 4 жыл оқыды, ақылы бүтін болды. Грантпен бітірді, стипендиясын алып жүрді. Адам жайдан-жай есінен ауыса ма.....?» деп қапаланады сарбаздың әкесі Тойбазар Аманбаев.

«Сіз неге маған «қыршаңқы» сұрақ қоясыз?»

Кездесуде әскердегі төбелес туралы да сөз қозғалды. Сарбаздың туыстары баламыз таяқ жеген дегеннен танбай отыр. Олар Арманбек Қайрошты сабап тастаған, соны жасыру үшін осы күнге дейін үйге хабар жібермей отырған болуы керек деген жорамалдарын жасырмады.

Бала: «Таяқ жедім, егер Шалқардың баласы келіп құтқармағанда өліп кететін едім» депті әпкесіне. Сарбазды іздеп келген туыстарының сауалына бөлім командирі Ақадилов «Сіз осындай қыршаңқы сұрақты неге қоясыз?» деп дүрсе қоя берді.

Әскери командир «Сіздер ұрды деп отырсыздар, баланы емханаға әкелген кезде мен де болдым, әскери полиция да болды. Таяқ жеген болса оның денесінде соққы іздері болуы керек қой. Таяқ жегенін дәлелдеңіз, кім ұрыпты? Нақты сол адамның фамилиясын айтыңыз», - деді.

командир

Араға біраз уақыт салып, баланын таяқ жегенін дәлелдеу қиынға соғатын болар. Тіпті оның қалай «жынды» болып кеткені де белгісіз. Ол сұраққа да нақты жауап жоқ. Басты мәселе баланың ендігі тағдыры не болатындығында.

Ол туралы командир Ақадилов: «Ол бір-екі айда ауруханадан шығады. Содан кейін комиссия егер сарбаз әскерге жарамды десе қалады, жарамаса еліне қайтарамыз» деп қысқа жауап берді.

Әскерге кетті деген ұлдарын жындыханадан тапқан туыстары енді қайда барарларын білмей дал. Ақыл-есі бүтін бала қалай аяқ асты ауырып кетеді деп таң қалады.

Бәрімізді ойландырып тұрғаны осы...

Жанат Көшкінбай

Суретке түсірген: Гүлмира Сәрсенғалиева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале