16.06.2021, 9:15
Оқылды: 214

БҚО-да ковид қайтадан көбеюде

Осы аптада өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың қатары қайта көбейе бастаған. Қоғамдық көліктерде адамдардың көбі тұмшасыз жүр. Тұрғындардан тұмша киюді талап етпеген жолаушы тасымалдаушы компанияларға енді субсидия берілмейді. Бұл туралы облысы әкімі Ғали Есқалиевпен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

2

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтың айтуынша, 12 маусымда қытайлық «CoronaVac» вакцинасының 8000 дозасы жеткізілген.

Соңғы кездері түрғындардың вакцина алу қарқыны да төмендеген. Мәселен, сәуір айында күніне 3000-дай тұрғын вакцина алған болса, қазіргі күнде күніне 1000 адам, сенбі-жексенбі күндері 400-дей тұрғын вакцина алады екен.

– Күн сайын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орта есеппен 31-32 науқас емдеуге жатқызылады. Коронавирустың құрбаны болған тұрғындарымыз аз емес. Мәселен, қаңтар айында – 28, наурыз айында – 30, мамырайында – 56, маусым айында – 14 адам аталмыш инфекциядан көз жұмды. КВИ ауруынан кейін науқастардың көбінде артерия тромбозы, өкпе зақымдануы (фиброз) байқалады. Сондықтан тұрғындарды карантиндік шараларды сақтап, босаңсымауға шақырамын, - деді Арман Қалибеков.

5

БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, соңғы аптада өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуі байқалады. Мәселен, 1-7 маусым аралығында өңірде 634 инфекция жұқтырса,  8-14 маусым аралығында 712 адам ауруға шалдыққан. Өсім 11% құрайды. Көршілес Ресейдің аймақтарында covid-19 жағдайларының көбеюі байқалады.

8

Қала әкімі Абат Шыныбековтың берген мәліметі бойынша, жыл басынан бері карантинді бұзудың 187 фактісі анықталып, 6 млн. теңгеден астам сомаға 123 хаттама жасалған.

- Соңғы кездері тұрғындар карантиндік талаптарға қарамастан үйлену тойларын өткізе бастады. Деркөл кентіндегі "Әмина", Зашаған кентіндегі  «Марсель», «Айзат», Жұлдыз шағынауданындағы «Наурыз» мейрамханасы бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді. Шектеу шараларын бірнеше рет бұзған «Кімге 30» кафесі бойынша материалдар сотқа жіберілді. Кафенің иесіне айыппұл салынып, кафенің қызметі тоқтатылды, - деді Абат Шыныбеков.

3

Қала әкімінің айтуынша, қоғамдық көліктерде қала тұрғындарының басым бөлігі тұмшасыз жүретін болған. Жүргізушілер мен кондукторлар тұрғындардан тұмша режімін талап етпейді, - деп атап өтті шаһар басшысы.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.

7

– Тұрғындарымыздың көпшілігі коронавирус инфекциясымен ауырсам да, емделіп шығамын ғой деп ойлайды. Бірақ сарапшылар бұл аурудың зардабы бірнеше жылға созылатынын айтуда. Әлі толық зерттелмегендіктен оңалту шаралары да науқастардың бәріне бірдей келе бермейді. Әр науқастың денсаулығын ескеріп, жеке қарауға тура келеді. Біз эпидемия кезінде өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барынша босаңсымай, өзімізді және жақындарымызды қорғауымыз қажет. Ол үшін таза ауада көбірек болып, дене жаттығуларын жасап, үнемі тұмша киіп, сақтанып жүргеніміз жөн, - деді облыс әкімі.

6

Облыс әкімі тұмша режімін сақтамай, тұрғындар өміріне қауіп төндірген жолаушы тасымалдаушыларға субсидия берілмейтіндігін айтты. Сондай-ақ вакцинаның ІІ компонентін ала алмай жүрген тұрғындар шағымы да облыс басшысының назарынан тыс қалмады. Бұл мәселені кезек күттірмей, шұғыл шешуді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қалибековке тапсырды.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале