18.04.2023, 17:15
Оқылды: 711

БҚО-да полиция қызметкерлеріне арнап салынып жатқан көп қабатты үйге қатысты шу шықты

БҚО-да полиция қызметкерлеріне арнап салынып жатқан көп қабатты үйге қатысты шу шықты. Бұл туралы әлеуметтік желіде «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің өкілі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ахметжан жазды. Біз қоғам белсендісімен кездесіп, ақпаратты нақтыладық.

6b9ee3b6-852e-44af-80ba-bb81c97c05d0
- Анықталғандай, Омега зауыты ауданында полиция өкілдеріне арналған 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бауыржан Ахметжан «Бұл тұрғын үйдің дәл жанынан темір жол өтіп жатыр. Бұл біріншіден тұрғындар мен балалар үшін өте қауіпті, яғни қауіпсіздік талабы сақталмағанын ескеруге болады. Екіншіден, құрылыстың жүріп жатқанына екі жыл болды. Ал олар құрылысқа рұқсатты тек осы жақын арада алған. Бұл да заң бұзушылық, - дейді Бауыржан Ахметжан.
Бұдан бөлек қоғам белсендісі өзінің facebook парақшасында:

«Міне, 9 қабатты 132 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл полиция қызметкерлеріне арнап салынып жатырған үй. Үйдің құрылысын «АТЖ2» құрылыс фирмасы жүргізіп жатыр. Полиция департаменті бұл үйлерді арзандатылған бағамен полиция өкілдеріне береміз деді. Менде сұрақ, полиция өкілдері өздеріне арнап осы жерде үй салынып жатқанын біледі ме, екіншіден үйден 15 метр жерден темір жол өтіп жатыр, үшіншіден, осы үйді «Крыша кз» сайты арқылы сатуға шығарып қойған, сонда бұл үй полиция өкілдеріне сатылады ма, әлде басқа адамдарға сатылады ма деген заңды сұрақ туындайды», - деген видео жазба қалдырды.

Біз БҚО Сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысына хабарласып, осы үйге қатысты ақпарат сұраттық.
Басқарма басшысы осы көп қабатты тұрғын үйдің құрылысымен айналысып жатқан «АТЖ2» құрылыс компаниясына 2022 жылдың қарашасында жоспардан тыс тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді.
- Жоспардан тыс тексеру барысында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда: жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу; құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру; құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама жібермей құрылыс жүргізу.
Анықталған бұзушылықтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Басқарма «АТЖ2» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді, - деді басқарма басшысы Мәди Отаров.
Айта кетейік, бұл үйдің құрылысы екі жылдан бері жүріп жатыр.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале