23.11.2023, 10:00
Оқылды: 107

БҚО-да жаңа жедел жәрдем көліктері берілді

Орал қаласындағы Жеңіс алаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың көлік жүргізушілеріне  21 санитарлық автокөліктің кілтін табыс етті.

IMG_8672

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы жақсы болса, қоғамның орнықты дамитынын баяндап, медицина саласында қордаланған мәселелерді шешуге аса мән берген болатын. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жылдан-жылға көбеюде. Биыл облыс бойынша осы салаға 91 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге артты. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлердегі тұрғындарға алғашқы санитарлық көмек көрсету, сапалы қызмет ұсыну мақсатында  12 медициналық нысанның құрылысы басталды. Соның алтауы халық игілігіне тапсырылды. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2023 жылы денсаулық сақтау басқармасына 261 медициналық құрал-жабдық сатып алуға қаржы бөлінді. Бүгінде 200-ге жуығы сатып алынды. Ал 2024 жылы облыстың медициналық мекемелері үшін «ҚПО б.в.» компаниясының қаражаты есебінен 25,3 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Мұның барлығы – денсаулық сақтау саласының сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар. Қазіргі кезде облыстағы медициналық санитарлық автокөліктердің 80 пайызы тозған. Медициналық автокөлікке деген қажеттілік – 154 бірлік. Медициналық мекемелердегі автокөліктерді жаңарту үшін биыл облыстық бюджеттен 1 миллиард 712 миллион теңге бөлінді. Бұл ақшаға 81 санитарлық автокөлік сатып алынды. Бүгін 21 кө­ліктің кілтін табыс етеміз. Қалған көліктер жыл соңына дейін жеткізіліп, тиісті мекемелерге таратылады, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

IMG_8683

Өңір басшысы бұл көліктер қала мен аудан-ауылдардағы сала мамандарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге сеп болады деп атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттің қаржысына алынған, әрқайсысының құны 20 миллион теңгеден асатын көліктерді күтіп ұстау қажеттігін де еске салды. Салтанатты іс-шарада денсаулық сақтау саласының ардагері Бақтығали Ахметов су жаңа «темір тұлпарларға мінетін» медицина мамандарының елдің алғысына бөлене берулерін тіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановтың айтуынша, әр ауданға 4 автокөліктен бөлініп берілмек.

IMG_8735

Салтанатты іс-шарада Ақжайық және Жәнібек аудандық ауруханаларына – төрт-төрттен, Тасқала аудандық ауруханасына – үш, №1, 3 және 5 қалалық емханаларға – екі-екіден, ал №4 және №2 қалалық емханаларға, облыстық психикалық денсаулық орталығына және қалалық көпбейінді ауруханаға бір-бір автокөліктен берілді.

Ясипа Рабаева,

Фотоға түсріген: Мади Салық

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале