4.04.2021, 11:47
Оқылды: 388

БҚО музейінде күйші Дина Нұрпейісованың камзолы сақтаулы

 Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толып отыр.

f-ED5qGoDLo

БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі саналатын «Рухани жаңғыру» музейінде жоспарға сай халық композиторы, күйші Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай «Ұлы даланың ұлы күйшісі» атты «ZOOM» платформасы арқылы мәдени шара өтті . Онлайн шараға «Рухани жаңғыру» музейі мен Жаңақала ауданындағы Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейінің қызметкерлері Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің мұғалімдері мен оқушылары, Жаңақала ауданындағы Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің ұстазы қатысты.

Дина Нұрпейісованың Бақтылы Кердері руынан Өтеген деген азаматпен отау құрып , бірнеше бала сүйген. Бақтылының кіші ұлы Ниетқали Өтегенов Жаңақала ауданының Жаңаталап деган елдімекенінде тұрды. Шамамен XIX ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Дина Нұрпейісованың сахнада талай рет жұрт алдына шыққанда киген күрең бархыттан тiгiлген, жиектері зерленген, камзолын музейге тапсырғанда осы Ниетқали аға болатын. Бүгінгі күні ол музей қорындағы ең құнды жәдігерлердің бірі осы камзолы.

Нұрпейісова Дина Кенжеқызы 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген. Әкесі Кенже еркесін домбыра үнімен әлдилесе, анасы Жәниха қызын бесік жырымен тербеткен. Дүние дидарын ашқан сәттен бастап домбыра үніне құлақ құрышын қандырып өскен дарынды Дина бес жасында әкесінің домбырада тартқан күй саздарын пернелерге дұрыс түсіруге әуестене бастайды. Батыстан шыққан домбырашы қызды атақты Құрманғазы Сағырбайұлының іздеп келуі де тегін емес еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын күйші Құрманғазы Дина қыздың домбыра тартысына тәнті болып, бірнеше күй тартыстарына қатысуына ықпал еткен көрінеді.Дәулескер күйші, композитор өзінің өмір сүрген жылдарында бірнеше додаларға қатысып жүлделі орындардан көрінген. Жетпіс бес жасында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқауға қатысып өзінің осал күйші емес екендігін көрсетті. Сол додада екі мың қатысушының арасынан тоғыз өнерпаз таңдап алынады. Аталмыш сайыста Дина әжеміз бірінші орынды қанжығасына байлайды. Одан кейін Орта Азияның бес Республикасынан қатысқан өнерпаздардың арасынан топ жарып шығады. Ол кезде Дина Нұрпейісова 83 жаста екен. Дәулеткерей, Мүсірәлі, Түркеш, Ұзақ секілді атақты күйшілердің күйлерін нақышына келтіре орындап, айналасындағыларды тәнті етеді. Жалпы күй тарту мен күйді түсіну екеуі екі бөлек дүние. Күй тартқан адамның бойында ерекше сезім мен тебіреніс ұштасқанда ғана тым жақсы дүние туылары хақ. Ал күйді түсіну ішкі түйсікпен сезінері сөзсіз. Қазақ даласында Дина әжеміз секілді дәулескер күйшілер аз болмаған. Әр қайсысы өз заманының зары мен мұңын, қалаберді қуанышы мен шаттығын күй арқылы жеткізіп, ұғындырып отырған көрінеді. Бұлда шеберлік. Тыңдап отырған жанның жан дүниесіне еніп күй арқылы аралау тек шебер күйшілердің қолынан келеді. Міне, Дина Нұрпейісованың шеберлігі мен сезімталдығыда осында жатыр. Өзінің тыңдарманын еріксіз өзіне қарата білген күйші әжеміздің қалдырған ізі мәңгілік. Дина әжеміздің "Қарақасқа ат", "Бұлбұл", "Жігер", "Байжұма" сынды күйлері кеңінен танымал болып ел жадында жақсы сақталды.

Жұлдыз Меңдіғұлова,

"Рухани жаңғыру"  музейінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале