9.06.2022, 12:00
Оқылды: 130

Бөлім басшысы жауабын берді 

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орал қаласы филиалының өкілі Бауыржан Ахметжан goszakup.gov.kz порталына мониторинг жүргізіп, БҚО спорт басқармасы мен Орал қалалық спорт бөлімінің заңбұзушылық жасағанын хабарлады.

IMG-20220609-WA0018

Оның мәліметі бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Мамыт» ЖК  «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 39-бабы 3-тармағы 3-тармақшасы бойынша 200 спорттық киім тігуге тапсырыс беріп, оны 7,8 млн теңгеге сатып алу туралы шарт жасасқан. Ал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі «BLS GROUP» ЖШС-дан 2,2 млн теңгеге 75 костюм сатып алған. «Әділдік жолының» өкілі өнім берушінің тауарға қатысты айрықша авторлық құқы жоқ, оған gosreestr.kazpatent.kz сайты дәлел деп санайды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бойынша бренд тауарларды сатуға айрықша құқы жоқ өнім берушілермен мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілі арқылы шарт жасауға болмайды. Бауыржан Зәкиұлының мәліметінше, мемлекеттік ішкі аудит департаменті аталған мекемелердің заңсыз шарт жасағанын растаған. Қоғам белсендісі енді екі басшыға әкімшілік айыппұл салынатынын хабарлаған. Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев осыған байланысты мән-жайды түсіндіріп, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– «Әділдік жолының» таққан айыбымен келіспеймін. Бұған қатысты әкімшілік сот шешімі шыққан жоқ. Мемлекеттік ішкі аудит департаменті шақыртып, акт құжатына қол қойдырту керек. Департамент мамандары әлі тексеріс жүргізбеді. Менің заң талабын бұзғанымды сот қана шешеді. «BLS GROUP» – өзіндік сән үлгісімен ересектер мен балаларға киім тігетін отандық өндіруші. Осы ЖШС олимпиада, универсиада және чемпионаттарға арнап еліміздің спортшыларын жабдықтаумен айналысады. Компания спорттық киімдер тігуге байланысты халықаралық лицензия алған. «BLS GROUP-тың» сапалы өнім дайындауға авторлық құқығы бар. Дәлел ретінде отандық компанияның құжаттар пакеті қолымда бар. Айта кетейін, мамыр айында Батыс Қазақстан облысының VII Халық спорты ойындарында жалпыкомандалық есепте жаңа спорттық киім-кешекпен жабдықталған Орал қаласының командасы бірінші орын алып, Қостанай қаласында өтетін республикалық спартакиадаға жолдаманы жеңіп алдық, – деді Артур Шерғалиев.

IMG-20220609-WA0019

Брифинг кезінде «BLS GROUP» заңгері компания құжаты түгел екенін, мемлекеттік сатып алу заң аясында жүргізілгенін хабарлады және онлайн-байланыс арқылы киім тігу цехын көрсетті. Бұл даудың нүктесін сот құрылымы ғана қоймақ.

Нұртай Алтайұлы, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале