18.10.2022, 10:31
Оқылды: 92

Чемпионға үш тұлпар

Спорт ардагерлері сапындағы төрткүл дүниенің еркін күрес шеберлері Болгарияның Пловдив қаласында бас қосып, әлем біріншілігінің жүлделерін сарапқа салды. 

image-12-10-22-10-36-3

3-8 қазан күндері өткен майталман балуандар бәсекесінде еліміздің апайтөстері де бақ сынады. Ұлттық құрама сапында болған Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылының балуаны  Нұрлан Бекжанов тамаша нәтиже көрсетті. 70 келі тартатын спорт ардагерлері бәсекесінің көркін қыздырған жерлесіміз қарсыласының барлығын қоғадай жапырып, әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ол финалдық кездесуде АҚШ-тың ұлттық чемпионы Рис Хамфриді қапы қалдырды.

Айта кетейік, бұл Нұрлан Бекжановтың алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін 2016 жылы Бангкокте өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс еншілесе, сол жылы Будапештте жалауы желбіреген әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Әзірге еліміздегі еркін күрес шеберлері арасында дүниежүзі додасының финалына жеткен қазақ балуаны жоқ.

Жуырда әлемді мойындатқан балуанды жерлестері қарсы алып, құрмет көрсетті. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен кездесуге аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының құрметті президенті Бауыржан Бекайдаров, Нұрлан Бекжановтың анасы мен туыстары, ауыл ақсақалы Бақытжан Азбергенов және ауыл тұрғындары қатысты.

– Нұрлан бауырымызды тек сырымдықтар мақтан тұтпайды. Оның ерлігімен барша қазақ елі мақтанады. Аудандық күрес мектебінің атын алты қырдан асырған балуанымызды үлгі тұтып, артынан талай чемпион ере береді деген сенімдеміз, – деді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Кейін аудан басшысы ел мерейін асырған балуан иығына шапан жауып, ат мінгізді. Сондай-ақ інісінің әлем чемпионы атанғанына разы болған Нұрлан Бекжановтың ағасы  Ербол Бекжанов ағайындары атынан тағы бір ат мінгізсе, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы да әлемді мойындатқан балуанға тұлпар сыйлады. Ал «Қазақ ақбас» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов бозкілем шеберіне 1 миллион теңге тарту етті.

– Спорттағы жетістігімнің бас-аяғы осы емес. Бойда қуат, білекте күш барда бозкілемнен алысқа кете қоймаймын. Құрмет көрсетіп жатқан ел ағаларына, барша жерлесіме алғысым шексіз. Тілеуімді тілеп, тақымын қысып отыратын қазақ елі барда намысты қолдан бермеуге тырысып бағам, – деді Нұрлан  Бекжанов.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале