31.01.2023, 9:01
Оқылды: 9400

Цифрлық аутизмнің алғашқы белгілері қандай?

Бүгінде ұялы телефоны жоқ адамды елестету қиын. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін түрлі гаджеттерді қолданады. Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша хат жазысып, хабар алысқан жақсы, әрине. Бірақ гаджеттердің зиянды жағы да барын ұмытпайық. Әсіресе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы кезде әр екінші сәбидің сандық  (цифрлық) аутизмге шалдыға бастағанын айтып, дабыл қағуда. Цифрлық аутизм деген қандай дерт? Оның алғашқы белгілері қалай болады? Сырқаттың алдын алу үшін не істеу қажет?

638079ff32d0d006397361

Фото дереккөзі: azattyq-ruhy.kz

«Атын атап шақырсаңыз да, тіл қатпайды»

Қазір балабақшадағы бүлдіршіндердің арасында көзілдірік киетіндер көбейді.  Көз жанарының кемуіне душар ететін басты екі себеп болса, соның бірі – тұқымқуалаушылық, екіншісі – смартфондар. Үйде телефон көп қарайтын бөбектерді балабақшадағы тәрбиешілер бірден байқайды екен. Өйткені оларға жаттығу жасатқанда, есте сақтауы, ойлау қабілеті, ортаға бейімделу үрдісі баяу жүріп, зейіні тұрақсыз болатын көрінеді. Сөздік қоры аз немесе мүлдем сөйлей алмауы мүмкін. Тіпті кейбірі түскі тамақ ішкен соң ұйықтап жатқанда, интернет ойындардың, мультфильмдердің қорқынышты кейіпкерлері-нің есімдерін атап, шошып оянатын көрінеді. Айналасындағы жайттарға назар аудармайды және есімін атап шақырса да елемей, естімегендей  отыра береді екен. Түнгі сағат 00:00 не 01.00-ге дейін ұйықтамай телефон қараған бүлдіршін балабақшаға келгенде дел-сал күйде отырады. Бұл туралы бізге Орал қалалық №1 «Айгөлек» балабақшасының психологі Мөлдір Ибраева айтты.

– Балалардың телефонға әуес болуының бірден-бір себебі – ата-анасымен қарым-қатынастың жоқтығы. Балабақшадағы, мектеп жасындағы перзентінің смартфонға тәуелділігін тежеу үшін әр ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесуді әдетке айналдыруы керек. «Бүгін не істедің?» «Балабақшада, мектепте қандай жаңалықтар болды?» деген сұрақтар қойып, баланы сөзге тарту қажет. Сәби дүниеге келгенде айналасында болып жатқан жайттарға назар аударады. Қоршаған ортаға қызығушылық танытып, көріп, біліп, үйренуге тырысады. Дамиды. Бала бес жасқа толғанша телефонды мүлдем беруге болмайды. Егер қолына телефон ұстатып, мультфильм көрсете берсеңіз, біртіндеп адамдармен қарым-қатынасқа түсуді доғарып, әлеуметтік ортаны, қоғамды қажет етпейді. Тіпті ата-анасы атын атап шақырып жатқанда да, естімегендей отыра береді. Сөйлескен кезде адамға тура қарамайды. Яғни сандық аутизмнің пайда болуының басты себебі – ересектер тарапынан гаджетке шектеудің болмауынан. Бөбекке екі-үш жасынан бастап интернеттегі мультфильмдерді көрсетіп, өзімен-өзін отырғызып қойса, ол міндетті түрде бұл дертке шалдығады. Бүлдіршіндердің ой-қабілеті дамуы үшін физикалық түрде көп қимылдауы, ойнауы қажет.  Әсіресе, үйде жасына сай түрлі ойындар ойнатып, ермексазбен жұмыстандырыңыз. Ермексаз арқылы қол моторикасын дамытасыз. Балаңызбен ортақ хобби табуға тырысыңыз. Қызықты кітаптарды дауыстап оқып, үстел ойындарын ойнаңыз. Сыртта бірге ойнайтын достар табуға көмектесіңіз. Үй жануарын асыраңыз да, оны күтіп-баптауды, тамақтандыруды өзіне жүктеңіз, бұл әдіс смартфонды ұмытуға  көмектеседі. Таза ауада серуендетіп, сурет салдырып, ұйықтар алдында ертегі айтуға кеңес беремін, – деді ол.

Смартфондар балалардың көзін қыли етеді

Осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда ғалымдар зерттеу жүргізіп, смартфондарды пайдалану балалардың көзінің қыли болуына әсер ететінін анықтады. Нақтырақ айтсақ, мамандар 7-16 жас аралығындағы балаларды іріктеп, оларға күн сайын 4-тен 8 сағатқа дейін смартфон пайдалануға мүмкіндік берген. Балалар гаджетті 20-30 см қашықтықта ұстау міндетті болған. Тәжірибе барысында көптеген баланың көзі қылилана бастаған. Қатысушылардың көздері смартфонды екі ай пайдаланбаған кезде ғана жазылыпты. Осылайша ғалымдар смартфоннан электромагниттік сәулелену мөлшері көп бөлінетіндігі және оның көзге зиянын дәлелдеді. Сондай-ақ олар атааналарға баланың көзі қылилана бастағанын байқаса, бірден дәрігерге көрінуге кеңес берді. Себебі кейбір көз аурулары жүктемені азайтса да, жазылмауы мүмкін. Яғни смартфон қылилықтан бөлек, көз жанарының өзге де дерттеріне шалдықтыратынын айтқан.

– Бүлдіршіндердің әлеуметтік желіге тәуелділігіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа диагноз қойып отыр. Бұл – балалар мен ересектер арасында жиі кездесетін цифрлық аутизм, цифрлық тәуелділік. Сәбидің кеш сөйлеуі, есімін атағанда мән бермеуі, олардың сүйікті ісінің болмауы және балалармен тіл табысып, ойнай  алмауы, қатыгезденуі – балалардағы дерттің алғашқы белгісі. Мұндай белгілері бар бөбектерге  невропотологтың, логопедтің, дефектологтың көмегі қажет. Негізі, мектеп жасындағы балаларға тәулігіне 15-30 минуттан артық телефон ұстатуға болмайды, – деді Орал қалалық №5 емхананың терапевті  Жаннұр  Өтепқалиева.

«Жылына 3000-ға жуық бала жүйке жүйесі дертіне шалдығады»

Смартфонға телміру  денсаулыққа қауіпті екенін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков те айтты. Оның мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Психологиялық (психикалық) дамудың жалпы бұзылыстары (аутизм спектрінің бұзылыстары)» клиникалық хаттамасына сәйкес, аутизм: балалар аутизмі, атипті аутизм (тілі кеш шығады, ашуланшақ, агрессивті мінезді жиі көрсетеді), ақыл-ой кемістігі мен стереотиптік қозғалыстармен үйлесетін гиперактивті бұзылыстар және Аспергер синдромы (логикалық ойлау қабілеті дамиды, сөйлей алады, бірақ адамдармен байланысқа түсуі қиын) деп бөлінеді екен. Яғни аутизм – кішкентай балалардың ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсуде қиындық тудыратын психикалық ауытқу. Бір сөзбен айтқанда, психикалық дамудың бұзылысы. Балада аутизм белгілері бар екенін анықтауда дәрігерлердің өзіндік нормативтері бар.

Біріншісі, бала көзбе-көз сөйлесуден қашқақтайды. Тіпті сөйлескісі келмейді немесе тек бірнеше сөздерді тоқтаусыз қайталайды. Екіншісі, шектеулі қызығушылықтары болады. Мысалы, бала ойыншықпен тұтастай ойнамай, тек оның бір мүшесімен (қолы, аяғы, басы) ғана ойнайды. Ал жасөспірімдер тек бір сабаққа немесе жалғыз тақырыпқа ғана құмарта қызығуы мүмкін, мәселен, математика немесе сандық белгілерге. Аутизмнің алғашқы белгілері болса, баланы кешіктірмей тексеріп, емдеу терапиясын бастаған дұрыс.

Себебі терапияны сәби кезінде бастаса, ем-домның нәтижесі жақсы болады.

–  Цифрлық аутизмге тоқталсақ, елімізде бұл дерттің кодталуы тіркелген жоқ, сәйкесінше бұл диагноз балаларға қойылмайды. Былтыр облыс бойынша әр түрлі диагноз  қойылған 24674 бала диспансерлік есепке алынды. Оның 2787-сі (2020 жылы 2804) көз ауруларына шалдыққан. Ал «Миопия» диагнозы 2020 жылы 1474 балаға қойылса, былтыр 1482 бүлдіршін тіркеліп,  емханада емделді. Сондай-ақ өткен жылы өңірімізде  жүйке жүйесі дертіне шалдыққан 2688 бала (2020 жылы 2684) диспансерлік есепке алынды. Осы орайда айта кетсек, психикасы әлі қалыптаспаған бөбектерге теледидар мен интернеттегі ойындарды көрсетпеген абзал. Youtube  желісін ашсаңыз, балаларға арналған қысқа роликтік мультфильмдерде адам өлтіру, сабау, зорлық-зомбылық секілді зұлымдық іс-әрекеттер көрсетіледі. Мұндай көріністер баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, бойына агрессия, күйзеліс, үрей туындатады. Сондай-ақ қазір ересектер де қолдарынан телефон тастамай, күнінің жартысын интернет қараумен өткізеді. Ең бірінші, смартфон көзге зиян. Көру қабілетін жақсарту үшін А, В, С, Е  тобындағы дәрумендердің пайдасы мол. А дәрумені итмұрын, аскөк, майлы балық, сүзбе, сүт, сары май,  қара өрік, қызыл сәбіз бен бауырда болады. В дәрумені бұршақ тұқымдастарда, жаңғақта, сүт, ет өнімдерінде және жұмыртқа мен балықта бар. С дәрумені цитрустарда, жеміс-жидектерде, жасыл алмада, қырыққабатта, болгар бұрышында кездеседі, – деді  Арман  Талғатұлы.

ХХІ ғасырдың жаңа синдромдары

 «Сұрап алған аурудың емі табылмас» демекші, әлемде гаджеттерді күнұзаққа пайдалану бірқатар «цифрлық» ауруға душар ететіні айтылуда.

Біріншісі, НОМОФОБИЯ (no-mobile-phone phobia) – ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Номофоб адам гаджетінің қуаты біте бастағанда немесе оны бір жерде ұмыт қалдырғанда өте мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қатері туындаған жағдайда жүрегі қатты соғып, тынысы тарылып, ашуға бой алдырады. Зерттеушілер аталған синдромды «XXI ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған.

Екіншісі, ФАББИНГ (phonesnubbing) – әріптестермен, достармен кездесу кезінде телефоннан бас алмау. Яғни фаббер сөйлесу, әңгімелесу кезінде жанындағы адамға емес, қолындағы гаджетіне ғана назар аударады. Осылайша, қоғамдық ортадан алыстайды.

ФОМО (FoMO – felling missing out) – маңызды  нәрсені өткізіп аламын деп қорқу.

Бұл сөз 2013 жылы термин ретінде ресми түрде тіркеліп, Оксфорд сөздігіне енген. Бұл психологиялық дертке шалдыққандар әлеуметтік желідегі адамдардың  жылы лебізі мен жағымды пікіріне мұқтаж.  Яғни  оқырмандар әдемі сөздер жазбаса, жарияланымдары қаралым жинамаса, ол адамның көңіл күйі түсіп, күйзеліске ұшырайды.

Өзіне, өміріне көңілі толмай, әрқашан өзгелерге қызығумен, өзін олармен салыстырумен өтеді. Әлеуметтік желіде ешкім назар аудармаса, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен. Сондай-ақ соңғы жылдары САНДЫҚ ДЕТОКСИКАЦИЯ (Digital detox) деген термин енгізілді. Бұл – цифрлық технологиядан белгілі бір уақыт аралығында саналы түрде бас тарту. Аталмыш ұғымның ақпарат кеңістігінде пайда болғанына аз уақыт болған жоқ. Ағзаны зиянды шлак, токсиндерден тазарту үшін «детоксикация» жасалатын болса, ми мен жүйке жүйені де қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де детокс әдісін жүргізуге болады екен. Аталған тәсіл тәулік бойы (24/7) цифрлық құрылғыдан бас алмайтын, одан бір сәт көз жазып қалса, мазасыз күй кешетін жандарға арналған. Олар үшін қазір онлайн қосымшалар мен түрлі детокс курстар пайда болуда. Туризм терминіне де «Мереке-мейрамдағы сандық детоксикация» («Digital Detox Holidays») деген жаңа саяхат түрі қосылған. Бұл тур кезінде жолаушылар wi-fi орнатылмаған қонақүйлерге орналастырылады. Тіпті саяхат кезінде телефондарды жинап алу мәселесі де қарастырылған. Осылайша, саяхатшылар виртуалды әлемнен алыстап, табиғат аясында тыныс алады. Саяхаттың мақсаты – адамдарды цифрлық құрылғыларсыз қарым-қатынас құруға үйрету, оған деген тәуелділіктен арылтуға көмектесу.

Бүгінде кей тұрғын сандық аутизм дертіне шалдықпас үшін смартфондағы App Store, Play Market қосымшасынан арнайы таймерді көшіріп алуда. Бұл тетік сіздің интернетте қанша уақыт отырғаныңызды бақылап, ескертіп отырады.

Әйгілі британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашатын. Оларды ұнатпайтын. Болашақта смартфонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ. Яғни  болашақта адам баласы «Смартфонмен күресте» жеңе ме, жеңіле ме деген сұрақ тұр», – деген екен. Ендеше, ұл-қызыңыздың болашағын бүгіннен бастап ойлап, телефонға телміріп, дертті болудан  ада  қылғаныңыз  абзал.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале