15.01.2021, 10:55
Оқылды: 235

Денсаулықтың 7 қағидаты

Адамдардың дені бағалай бермейтін екі құндылық бар. Оның бірі – уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Шыны керек, көбіміз денсаулықтың қадірін біле бермейміз. “Қолда барда алтынның қадірі жоқ” демекші, адамдар басына дерт жамағанда ғана денсаулықтың, өмірдің құнын ұғынады. Сондықтан әуел бастан бардың бағасын білудің маңызы зор.

 ден

Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, денсаулықтың 53-55%-ы салауатты өмір салтына тәуелді екен. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екендігін ұғынуға болады. Сондықтан денсаулықты жақсартудың жеті қағидатын айтайын.

Дене белсенділігі

Дене белсенділігі – бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты. Ол өмірлік маңызды дене мүшелерінің қызметін жақсартады. Қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру ағзаның өсуі мен дамуына белсенді ықпал етеді, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады.

Ағзаны шынықтыру

Әр түрлі аурулардың алдын алу үшін ағзаны үнемі шынықтыру қажет. Шынығудың арқасында ағза қоршаған ортадағы температураның күрт өзгеруіне бейімделеді және ағзаның иммунитеті жұқпалы ауруларға күресе алатындай болады. Шынықтыру ем-шараларын таңдау кезінде адамның жасы, денсаулығы, шынығуға бейімделу дәрежесі және т.б. жеке ерекшеліктерін ескерген абзал.

Дұрыс тамақтану

Денсаулықты сақтауда уақытымен және дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Жүріп бара жатқанда, кітап оқып отырғанда немесе теледидар алдында тамақтануға болмайды. Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды қабылдауды шектеген жөн. Тамақты аса көп жеуге, ұйықтар алдында тамақтануға болмайды. Тағам сапалы, экологиялық таза болуы тиіс. Төрт мезгіл тамақтануды сақтай отырып, белгілі бір сағатта ас қабылдаған дұрыс. Спортпен айналысқаннан кейін, ауыр жұмыстардан соң, ағза қатты тоңғаннан кейін, сонымен қатар сезімге қатты әсер ететін жағдайлардан соң бірден тамақтанбаңыз. Мұндай жағдайлардан кейін ағза ас қорыту сөлін шығаруға дайын болмайды. Ең болмаса жарты сағаттық үзіліс жасаңыз. Тамақтануды әрдайым шикі көкөністерден, жеміс-жидектерден бастау керек. Оларды тұтас күйінде немесе салат жасап жеңіз.

Аш қарынға желінген көкөністер мен жеміс-жидектер ас қорыту бездерінің, асқазан-ішек жолдарының моторика жұмысын жақсартады, ішек микрофлорасының қалпына келуіне ықпал етеді. Әсіресе алма, әр түрлі (ақ, түрлі-түсті брокколи) қырыққабат түрлері, сәбіз, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш пайдалы болады. Капустаны ашытып та пайдалануға болады. Бұл ұзақ сақтау үшін дайындаған кезде өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтпайтын аз ғана тағамдардың бірі болып табылады. Шикі көкөністер мен жеміс-жидектерді пісіріп, өңделген тағамдармен қатар пайдаланбау керек. Мұндай жағдайда бұл тағамдар ішектің ішіндегі шіру мен быршу процестеріне ықпал етеді.

Тағамдар мен сусындарды өте суық және өте ыстық күйінде тұтынбаңыз. Суық және ыстық тағамдарды қатарластыра жеу зиян. Тамақтанып болған соң, дереу жұмысқа кіріспеңіз, аздап демалыңыз. Бірақ жатпаңыз және ұйықтамаңыз. Баяу адымдап жүрген жақсы. Үзіліс жұмыс жеңіл болған жағдайда 15 минуттан кем емес және ауыр дене жұмысы болса, жарты сағаттан кем демалыс болмауы тиіс. Ал спортпен шұғылданған кезде тамақтану мен жаттығуға кірісу арасындағы үзіліс бір сағаттай  болған жөн.

Көкөністер мен жемістерді жиі  тұтыныңыз. Күніне кем дегенде 5 бөлік немесе 400 грамм жеміс пен көкөніс жеу жұқпалы емес аурулардың (қант  диабеті, жүрек ауруы, обырдың) қаупін азайтады және  ағзадағы  жасұнықтардың тиісті мөлшерде  болуын қамтамасыз етеді. Жемістер, көкөністер, бұршақ тұқымдастар (мысалы, үрме бұршақ), жаңғақтар және  астық тұқымдастар (мысалы, ақталмаған жүгері, тары, сұлы, бидай, тазартылмаған күріш) пайдалы тағамға жатады. Жемістер мен көкөністерді тұтынуды әдетке айналдыру қажет.

Жеке бас гигиенасы

 Жеке гигиена – салауатты өмір салтының негізі, сондықтан инфекциялық емес аурулардың алдын алуда жетекші рөл атқарады. Ол үшін денені, киімді, іш киімдерді, үй-жайды таза ұстап, сонымен қатар тамақ әзірлегенде санитарлық талаптарды жіті қадағалау керек.

Шылым шекпеңіз

Темекі шегу адамның орташа өмір сүру жасын 5-7 жылға қысқартады. Темекіні тұтыну – созылмалы  аурулардың, соның ішінде онкологиялық, өкпе, жүрек-қан тамырлары, ишемиялық жүрек ауруларын дамытатын негізгі қауіпті факторлардың бірі. Сондай-ақ шылым шегу артериялық қан қысымының көтерілуін, қан тамырлардың тарылуын және тромбтың пайда болуына әкеліп соғады. Алкогольді ішімдіктерді тұтынуды шектеңіз. Алкоголь өнімдерін шамадан тыс тұтыну адамдардың  денсаулығына ғана емес, жалпы қоғамға да залал келтіреді. Ішімдік жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, несеп шығару жүйесі ауруларына душар етеді. Оны тұтынудың салдарынан құлап, сүйекті сындыру, бас сүйек-мидың зақымдануы мүмкін. Сондай-ақ “ащы суды” шамадан тыс ішу өлім-жітімге соқтыратынын да жасырын емес.

Күйзелістің алдын алыңыз, сабырлы болыңыз

Басыңызға қандай іс түссе де, сабырлы болыңыз. Кез келген жағдайда «Уақыт – емші» екенін естен шығармаңыз. Көңіл күйіңіздің көтеріңкі жүруін қадағалаңыз. Көңіл құлазытар сәттерді еске алмаңыз. Ақыл-ой және физикалық жұмысты белсенді демалыспен алмастырыңыз. Белсенді демалыңыз: саяхаттаңыз, театрға, киноға барыңыз, кітап оқыңыз, жаттығу жасаңыз, серуендеңіз, велосипед тебіңіз.

Қарым-қатынас жасау дағдылары

Коммуникативтік қарым-қатынас жасау – адам өмірінің негізі. Дос-құрбыларыңызбен тілдесіңіз, ақыл-кеңесін тыңдаңыз. Уайымыңызбен жалғыз қалмаңыз.

Осы қарапайым ережелерді сақтаған кезде сіз өзіңізді жеңіл сезініп, көңіл-күйіңіздің жақсарғанына куә боласыз, сондай-ақ дене салмағыңызды бақылауда ұстай аласыз.

Ләззат Қожагелдина,

Орал қалалық №5 емхана жанындағы салауатты өмір салты орталығының маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале