ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтерлер мен үйлердің жалдау ақысының 50 пайызын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы жұмыс істеп тұр, ал қалған 50 пайызын алушы өз қаражатынан төлейді.

Бағдарлама операторы — «Отбасы банкі» АҚ. Жалпы 2022 жылдан бері қазақстандық 45 514 отбасы субсидия алған. Оның ішінде 34 246 алушымен жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылған: 20 424 отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйге ие болса, қағида талаптарын сақтамаған 13 822 отбасымен шарт бұзылды. Бүгінде субсидия алушылардың нақты саны 11 268 отбасын құрап отыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәубек Керімбаев бұл мемлекеттік көмекке I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар үміткер бола алатынын айтты.
Ол үшін отбасының әрбір мүшесінің соңғы 6 айдағы жиынтық табысы күнкөріс минимумының 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс әрі әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы шарт. Өтінім «Отбасы банкі» АҚ ресми сайты арқылы беріліп, пәтер иесінің келісімі ЭЦҚ арқылы расталған соң, «Отбасы банкі», субсидия алушы және жалға беруші арасында үшжақты шарт жасалады.