24.05.2017, 15:43
Оқылды: 135

Қалалық үздік оқушылар шеруі өтті

Darin  Оқушылар сарайында «Дарын - 2017» қалалық үздік оқушылар шеруі өтті. Салтанатты шарада облыстық, республикалық сайыстардан түрлі бағыттар бойынша жеңімпаз атанған қала мектептерінің оқушылары  бірнеше аталымдар бойынша марапатталды.

   Шараның ашылуында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мерболат Нұржанов үздік оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.


  • Құрметті дарынды балалар, ата-аналар, ұстаздар! Сіздерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Бүгінгі марапаттау рәсіміне жиналған үздік оқушылардың қатары көбейе берсін. Балаларымыздың сапалы білім алып, емін-еркін спортпен, мәдениетпен айналысуы үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Солардың бірі – оқушылар сарайының бой көтеруі. Бір мекемеде мыңға жуық бала бірнеше үйірмеге қатыса алады. Ендеше, қабілеттеріңіз арта берсін, - деді Мерболат Санғалиұлы.

   Қалалық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратованың мәлімдеуінше, аталмыш шеруге қаланың 48 мектебінен ұсынылған озат оқушылар арасынан ең үздіктері іріктелген.

   Оқушыларды марапаттау үшін ҚР-ның  еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші Жаскелең Ғайсағалиев, «Батыс қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берқалиев, облыстық спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева,  облыстық туризм және экология орталығының директоры Виктор Фомин шараға арнайы қатысты.

   Сонымен «Жылдың үздік оқушысы» аталымын Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушысы Дана Ерғалиқызы алды. Ал «Жас ғалым» аталымының дипломанттары болып  №42 «Ақниет» гимназиясының оқушысы Рамазан Сұлтанов және Мәншүк Мәметова атындағы №27 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ерболат Сайлыбаев танылды. Бұдан бөлек «Білімдар», «Жыл көшбасшысы», «Көркемсөз шебері», «Шебер қолдар», «Алтын дауыс», «Биші өнерпаздар» аталымдары  бойынша өзге де оқушылар марапатталды.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ

«Орал  өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале