25.07.2023, 10:00
Оқылды: 86

Қамбаң дәнге толсын, диқан!  

 

Жиын-терім басталды

«Алтын дән» деп айдар таққан тағы бір егіс науқаны басталды. Жалпы өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 429 мың гектарды құраса, дәнді дақылдар көлемі – 306 мың га. Мұның ішінде бидайдың үлесі – 214 мың га (70%). Майлы дақылдарға келсек, күнбағыс – 47 мың га, мақсары – 65 мың га және өзге дақылдар – 1,2 мың га. Бұған қоса 9,6 мың га жерге картоп, көкөніс пен бақша салынды.

дала

Иә, биылғы жиын-терім жұмыстарының басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Әзірше соңғы күндердегі жауын-шашын да орақ қарқынын баяулатып тұр. Қазір облыс бойынша 19,9 мың гектардай күздік дәнді дақыл  алқабы орылып, гектарына 13,0 центнер өнімділікпен 25,8 мың тоннаға жуық дән бастырылды.

– Диқаншылар егіс науқанына біркелкі тиянақты әзірлікпен кірісті. Биыл егін орағы мен күзгі-далалық жұмыстарға 18 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Облысқа жеткізуші оператор болып «Нэфтек» ЖШС анықталды. Шаруаларға берілетін дизель отынының бағасы литріне – 259 теңге. Күнілгергі арнайы келісімшартқа сай қажетті жанармайды ала бастады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашев.

Енді жаңа өнімді сақтау жайына келсек, облыста арнайы лицензия алған 8 астық қабылдау кәсіпорны бар. Бұлар негізінен Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласы аумағында орналасқан. Аталған кәсіпорындардың жалпы сыйымдылығы – 586 мың тонна. Бұл биылғы жиналатын өнімді толығымен қабылдай алады.

Өңірде өсімдік зиянкестерімен күрес те назардан тыс қалмаған. Егінді де, шабындық пен жайылымды да келіп қалса, жайпап өтетін шегіртке деген тажал бар ғой. Осы бағытта жоспарлы 118 мың гектар жердің қазір 52,5 мың гектары химиялық өңдеуден өткен. Оның шығыны республикалық бюджет есебінен өтеліпті. Ал саяқ шегірткелерге қарсы 58 мың га өңделсе, енді қалғаны — 7,8 мың га. Жұмыс жалғасып жатыр. Айтпақшы, шаруалар сатып алған тыңайтқыштарға, пестицидтерге және тұқымға арналған субсидиялар мақұлданған өтінімдер бойынша қаржыландырылуда. Бүгінгі күні осыған бөлінген 847 млн теңгенің 37%-ы, яғни 314 млн теңгесі тиісті адамдарға төленіпті.

Жаз – шаруа айы. Әсіресе пішеншілер мен диқандар үшін ең бір мазасыз шақ. Аталмыш науқанның маңыздылығын терең түсінген басшының да, қосшының да һәм шаруаның да қазіргі іс-қимылы табиғат-ана бұйыртқан несібеден құр қалмау екенін аңғартады. Қамбаңыз дәнге толсын, диқан, дейміз біз.

Шығым төмен, сапа жоғары

Бәйтеректік диқандар 48,3 мың гектар шамасындағы күздік егісті оруды бастағанымен, жауын-шашынға байланысты бір аптадай кідіріс болды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, күздік бидай шығымы орта есеппен гектарына 15,4 центнерден айналуда. Мысалы, біз ат басын бұрған Махамбет ауылдық округіндегі «Шонайбеков» шаруа қожалығында гектардың орташа түсімі – 15-17 центнер. Қожалық басшысы Жүсіп Шонайбековтің сөзінше, мұнда егістік алқапқа жаңбыр әртүрлі тиген. Жалпы бұл қожалық 375 гектарға күздік бидай, 500 гектарға арпа, 1,5 мың гектарға жазғы бидай егіпті. Мұның сыртында 2 мың гектардай сорго мен судан шөбі бар. Ал енді «Алтын болашақ» шаруа қожалығы күздік бидайдың гектарынан 30 центнерден өнім жинауда. Олар күздікті 1 мың гектарға ексе, жаздық бидай – 600, арпа – 700 гектар. Одан бөлек 1 мың гектарға сафлор салған. Егін жинау науқанына әзірге 15 адам, 3 комбайн және 2 «КамАЗ» автокөлігі қатысуда.

Байтерек

Тағы бір шаруашылық - «Мүсірепов» шаруа қожалығындағы жағдай мүлдем басқаша. Бұл жердегі күздік бидайдың түсімі гектарына 10 центнерден аспауда. Қожалық жетекшісі Ерболат Нұрболатов күзгі жаңбырдың алқапқа жөнді тимеуінен жағдай осындай болып тұрғанын жеткізді. Мұндағы дән себілген 7 мың гектарға жуық алқаптың төрттен бірі күздікке тиесілі болса, қалғандары – жазғы бидай, арпа және сафлор.

Аудан әкімі Марат Тоқжанов таяуда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Бәйтеректе «Алтын дән» науқаны жақсы басталды, диқандардың көңіл күйі де көтеріңкі. Егін шығымы былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанымен, есесіне биыл астықтың сапасы әлдеқайда жоғары» деп жазды.

Екпе шөптің «көкжиегі» кеңейді

Өткен аптада Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Аралтөбе, Талдыбұлақ және Алғабас ауылдық округтерін аралап, биылғы егістің жай-күйімен танысты. Шаруалар күздік бидайды оруға әзір екендерін, тек масақ пен қауыздың жауын ылғалынан сәл кебуін күтіп отырғандарын айтты. Ауданда 5 шаруашылық еккен күздік бидайдың алқабы – 2655 га. Қазір комбайндар дән теңізіне түспекке дайын тұр. Күздік бидай – жиын-теріннің алғашқы өнімі, диқанның алғашқы несібесі екені баршаға аян.

– Жалпы ауданда 36 шаруашылық 22 050 га алқапқа дән сіңірсе, майлы дақылдың көлемі – 9379 гектар, дәнді дақылдар – 10793 гектар.  Ал қалған 1878 гектар жер екпе шөпке тиесілі десек, оның 868 гектарын судан шөбі құрайды. Осы жылы екпе шөп алқабы 1010 гектарға артты, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаев.

 Иә, егін - малға азық, мал – жанға азық. Іске сәт, сырымдық диқандар! 

Жаңа  техникаларға  жеңілдік  бар

Берік Сейітқазиев,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының механизация, мемлекеттік техникалық инспекция және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы:

– Қандай шаруаның болмасын басын қайыру үшін бүгінде заманауи техникалар керек. Соңғы жылдары біздің облысымызда да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникамен қамтылуы, соның ішінде отандық кәсіпорындар өндірген өнімдерді сатып алуы жыл санап артып келеді. Тек кейінгі кезде өңіріміздегі машина-трактор паркінің 12,5%-ға ұлғаюы бұған айқын дәлел. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы 4%, 2021 жылы 4,5%, 2022 жылы 4%-ға өсті. Мұны қаржы көзімен есептесек, 35 млрд теңгеге 3754 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Соның 2725-іне (24 млрд теңге) лизинг арқылы қол жетті.

Сөз реті келгенде айта кетелік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы келген жаңа техникалар шығынының бір бөлігін мемлекеттік бағдарлама аясында  субсидиялауға болады. Яғни шетелдік техникалардың 25%-ға, отандық өнімнің 30%-ға дейінгі төлемақысы өтеледі. Осы жылдың өзінде «КазАгроҚаржы» АҚ-дан лизингпен 376 техника алынып отыр. Сол қатарда 2 бірлік «Xerion» маркалы трактор, 1 «Case IH Patriot» атты өздігінен жүретін бүріккіш және 1 «Trion 650» комбайны бар.

Сонымен, биылғы маусымда науқандық жұмыстарға 4955 трактор, 940 астық жинайтын комбайн және өзге де ауыл шаруашылығы техникалары қатыспақ. Солардың бірқатары дала төсіндегі дүбірлі еңбекке араласып кетсе, кейбірі «бұйрық» күтіп әзір тұр.

Әзіргі болжам – 16-17 ц/га

Алтынбек Бексейітов,

Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бөрлі ауданы бойынша биыл 8,2 мың гектарға дәнді дақылдар, 13,86 мың гектарға майлы дақылдар және 4,2 мың гектарға мал азықтық дақылдар, барлығы 66 540 гектар егіс егіліп, белгіленген жоспар 100%-ға орындалды. Бау-бақша жайына тоқталсақ, картоп – 145 гектар, көкөніс – 140 гектар,  бақша – 25 гектар. Айта кетелік, былтыр дәнді дақылдардың орташа түсімі –  12,7 ц/га, майлы дақылдар 7 ц/га болса, 2240 тонна картоп (160 ц/га), 2288 тонна көкөніс (165 ц/га) және 437 тонна бақша (175 ц/га) өнімі жиналды.

дала

Осы жылғы тұқыммен қамтылуға келсек, қажеттілік жаздық дәнді дақылдардан 1665 тоннаға (180%), майлы дақылдардан 275 тоннаға (108%), мал азықтық дақылдардан 66 тоннаға (100%) және картоптан 435 тоннаға (100%) орындалды. Сонымен бірге көктемгі-далалық жұмыстарға 550,4 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сосын, әңгіме егіс жайлы болған соң биылғы жылдың өнімі үшін 1920 гектар күздік бидай және 1070 гектар күздік қара бидай егілгенін айта кеткенім артық болмас. Қазіргі күні сол егістіктің 830 гектары (28%) жақсы, 2160 гектары (72%) қанағаттанарлық жағдайда. Жасыратыны жоқ, өткен жыл соңындағы қара суық егінге едәуір салқынын тигізіп кетті. Әзіргі болжам – күздік дәнді дақылдардан 4-5 ц/га, ал жаздық дақылдардан 16-17 ц/га өнім алынар деген үміт бар. Бүгінгі күні күздік ору басталғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс қарқыны  әлі баяу.

 

Күн қабағын ашса...

Самиғолла Шүкіров,

Тасқала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ауданда былтырғы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 42 595 гектарды құрады. Соның 17 065 гектары дәнді дақылдар болса, майлы дақылдар көлемі – 17 020 гектар. Астық дақылдарының орташа өнімділігі – 19,8 цен/га, ал жаздық дәнді дақылдардың түсімі 15,4 цен/га болды. Мемлекеттік қолдау аясында егін шаруашылығын дамыту үшін шаруашылықтарға 49,3 млн теңге субсидия  берілді.

дала

Биыл 78 ауыл шаруашылығы құрылымы егіс жұмыстарымен айналысуға өтініш беріп, егістің жалпы көлемі 49 015 гектарға жетті, өсім – 115,5%. Осы жерде ескерте кетер бір жағдай, былтырғы егілген күздік дақылдар – 6610 га, одан бұрынғы кезеңдегі екпе шөп алқабы – 4 000 га. Бұдан бөлек биыл жоспарлы 13 700 га орнына 23 492 га (170,7%) дәнді дақылдар егіліп отыр. Оның ішінде жаздық бидай, арпа, тары және дәндік құмай (сорго) бар. Мұның сыртында 13 300 гектарға күнбағыс, мақсары, зығыр егілсе, 260 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары салынды.

дала

Міне, «дала кемелері» алқапқа аттанғалы он күннің жүзі ауды. Барлық орылған 955 гектар жердегі күздік бидай түсімі – 10,5 ц/га, қара бидайдың орташа өнімділігі – 9,0 ц/га. Күн қабағын ашса, алтын дән жолындағы еңбек ырғағы қалыпқа түсер еді.

 

Егіс көлемі ұлғаюда

Рүстем Еслямов,

Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биылғы егіс көлеміне келсек, дәнді дақылдар – 5000 гектарды (күздік бидай – 2325 гектар, күздік қара бидай – 445 гектар, жаздық бидай – 230 гектар, арпа – 500 гектар, тары – 500 гектар, дәнді құмай – 1000 гектар), майлы дақылдар – 5000 гектарды (мақсары – 4500 гектар, күнбағыс – 500 гектар) және мал азықтық егіс 1800 гектарды (біржылдық шөп – 200 гектар, көп жылдық шөп – 1600 гектар) құрап отыр. Бұдан бөлек 100 гектар картоп, 50 гектар көкөніс, 50 гектар бақша дақылдары бар. Өткен жылдары себілген 22 500 гектар көпжылдық шөппен аудандағы жалпы егіс көлемі 34 500 гектарға жетті.

дала

Сонымен, ауылдық округ әкімдерімен және шаруа құрылымдары жетекшілерімен бірлесе жүргізілген жұмыс нәтижесінде көктемде 5307 гектарға дәнді дақылдар (соның ішінде жаздық бидай – 1692 гектар, арпа – 1737 гектар, тары – 764 гектар, дәнді құмай – 1114 гектар) себіліп, белгіленген жоспар 238%-ға орындалды. Ал майлы дақылдар мен күнбағыстың егіс көлемі 4493 гектармен (89,9%) аяқталды. Мұның негізгі себебі – былтыр мақсары өніміне сұраныс болмады. Осы ретте 225 гектар күздік бидай есептен шығарылғанын да айта кетелік. Қысқасы, шаруа құрылымдары (50) биылғы көктемгі егіс көлемін 13 833 гектарға (149,8%) жеткізсе, бұл жоспардағыдан 4603 гектарға артық.

дала

«Егіннің жайын еккен білер» дегендей, ауданымызда өздерінің еселі еңбектерімен көпке танылып жүрген «Жаңа Жер» (А. Талдыбаев), «Жарас» (М. Тасмағамбетов), «Дән»  (Қ. Құсмағамбетов), «Жігер» (А. Садықова) секілді шаруа қожалықтары мен «Амангелді Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (А. Нұғманов) қатары да жыл санап артып келеді. Жалпы салыстырмалы түрде алсақ, былтыр дәнді дақылдар алқабы 2 мың 584 гектар болса, майлы дақылдардан өзгеріс жоқ.

Егін салған қос қожалық

Кейінгі кезде Жәнібек ауданында да жекелеген кейбір шаруалар егіс салып, өздеріне қажетті дақылды туған  топырағында өсіріп көруге бел буып отыр. Осы мақсатта Қамысты ауылдық округіндегі «Елнұр» және Жақсыбай ауылындағы «Байсал» шаруа қожалықтары өз жұмыстарын бастап кетті. Алғашқысы 200 гектар жерге арпа ексе, екіншісі 110 гектар алқапқа ақбидай дәнін сепкен. Екеуі де бұл бастамаларын алда да жалғастыруға ниетті.

– Біздің өңірде бұл іс тым кенжелеп қалғаны жасырын емес. Әрине, оның да өзіндік себеп-салдары бар шығар. Биыл біздің егістің орташа түсімі 8 центнерден айналып, 120 тоннадай өнім жинап алдық. Айтпақшы, былтыр 100 гектарға арпа егілсе, осы жылы оны екі есеге ұлғайттық. Алда да ой-жоспарлар көп, оны өз уақытында көрерміз, – дейді «Елнұр» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Даумов.

 

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале