21.01.2023, 14:07
Оқылды: 259

Кәсіпкерлерге қысым көрсетілген


Жуырда «Атамекен» өнер ордасында облыстағы бизнес өкілдері мен мемлекеттік бақылау құрылымдары басшыларының басын қосқан жиын өтті. Онда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі талқыланды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

D6893A64-5A57-47E6-9B9B-04EDD2A9DE42

Жиналысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев жүргізді. Модератор кәсіпкерлік нысандарын мемлекеттік құрылымдардың заңсыз араласуынан қорғау шаралары туралы айтты. «Жыл сайын кәсіпкерлерден пара талап еткен лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер тіркеледі. Мәселен, былтыр кәсіпкерден 40 миллион теңге көлемінде пара алған Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері, 134 миллион теңге пара алған жергілікті атқарушы құрылымның бөлім басшысы сотталды. Кәсіпкерден 30 миллион теңгеден астам қаражат алған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Бұл  мысалдар кәсіпкерлердің ісіне араласуға тыйым салынғанына қарамастан, бақылаушы құрылымдардың тарапынан қысымның жалғасып жатқанын көрсетеді. Халқымызда «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Қоғам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерге үнсіз қарап отыра берсе, ел экономикасы құлдырайды. Сондықтан проблемалық мәселелерді ашық айтуға және жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа жол беретін құқықтық актілерді талқылауға шақырамын», – деді Нұрлан Сұлтанұлы.

79914C8E-FF31-4BCD-AF76-638ADC2FE7DA

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашқалиев бизнестің дамуына кедергі келтіретін барлық іс-шараға ерекше назар аударылатынын айтты. Бизнеске қаржылай қолдау көрсету саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, мониторинг мемлекеттік гранттарды бөлу жөніндегі конкурстық комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігінің төмендігін көрсеткен. Сондай-ақ мемлекеттік гранттарды бөлетін конкурстық рәсімдердің ашық өтпейтіні белгілі болған. Кәсіпкерлердің көпшілігінің мемлекеттік грант беруден бас тарту себебінің дәлелді жауабын ала алмайтынын немесе оны шағымдану мерзімі өтіп кеткенде қолға тиетінін анықтаған.  Гранттарды беру барысындағы таңдау тәсілінің лауазымды тұлғалар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай жасайтынын айтты.

Былтыр Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 170-ке жуық өтініш түскен. Олар негізінен мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, субсидия немесе несие алуға, сауда-саттыққа, кедендік, тарифтік реттеуге, салық дауларына қатысты жазылған. Өтініштердің 98-і оң шешіліпті. Аталмыш палатының директоры Нұржан Мақсотовтың баяндауынша кәсіпкерлердің мүліктік құқықтарын қорғау барысында 500 млн теңгеге жуық қаражат бизнеске кері қайтарылған. 2022 жылы кәсіпкерлер мамандандырылған әкімшілік сотқа мемлекеттік құрылымдардың әкімшілік шешімдері мен әрекеттеріне қатысты 300-ден астам талап арыз берген. Жыл соңында бизнес өкілдеріне қатысты 27 әкімшілік кедергі анықталыпты.

БҚО қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Ляна Тұрсынова мектеп тағамдарының бағасы арзан болғандықтан, қиындықтар бар екенін айтты. Бұған  бюджеттен бөлінетін қаражаттың аздығы себеп дейді. «Бүгінде ыстық тамақтың құны – небәрі 352 теңге. Ал ел бойынша оның бағасы орташа есеппен ҚҚС-ны қоса есептегенде – 616 теңге. Азық-түлік бағасының шарықтап өсуіне байланысты бір жылдан бері  бекітілген бағаға толыққанды тамақтандыруды ұйымдастыра алмай отырмыз. Облыстық білім басқармасы 2022 жылдың төртінші тоқсанында оқушыларды тамақтандыру қызметіне жұмсалған 500 млн теңгеден астам қаражат бойынша өзара есеп айырысқан жоқ. Соған қарамастан кәсіпкерлік нысандары өздерінің міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Алайда олар сол үшін екінші деңгейлі банктерден 15 млн теңгеден астам несие алуға мәжбүр болды», – деді. Енді осы мәселе бойынша кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратурадан көмек сұрауға тура келетінін айтты. «Уланов» ШҚ жетекшісі Елена Уланова қаланы көгалдандыру  бағытындағы түйіткілдерге тоқталды.

– Жергілікті атқарушы құрылымдар жеке бизнес инвестицияларды тартуға және бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға мүдделі. Десе де, бұл салада сыбайлас жемқорлық мәселесі айтылып келеді. Бұл біздің қоғамның және мемлекттің негізгі түйткілі болып отыр. Сондықтан қоғамдық бақылау,  азаматтық бастамалар мен тұрғындардың белсенділігінің арқасында аталмыш мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Әр адам ар-ұжданы алдында адал болып, заң талаптарына бағынса, күрмеулі мәселе де болмайды. Мемлекеттік құрылымдар бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайын. Осындай ашық алаңда барлық мәселе айтылып, талқыланып тұруы қажет, – деді жиынды қорытындылаған Бақытжан Хаберұлы.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале