11.05.2021, 8:34
Оқылды: 146

Қасымның Оралдағы өмірі

Арқалы ақын Қасымның тіршіліктің небір ғаламат талқысы мен тезінде өткен қым-қуыт ғұмыры қиыннан қиыстырылып, көпшіліктің қызығып, сүйсіне оқитын деректі детектив іспеттес. 176ACA9B-389D-494F-9FC5-55E0297E074D

 Қасымның тағдырлы жолында екі тұлғаны айналып өте алмайтынымыз тарихи шындық. Екеудің бірі – Құрамысов Ізмұқан Мұқашұлы, ел ішіндегі сөзге сай Қасым ақынның жары Сақыпжамалдың жездесі-мыс. Қасымды балдызына тең көрмей, Сақыпжамалдың маңайына жолатпаған деседі Орал жұрты. Бұл – «ауыз әдебиеті», ал тарихи деректерге келетін болсақ, Сақыпжамалды Құрамысовтың балдызы қылар нақты, дәлелді ақпарат қазіргі таңда табылмай отыр. БҚО мұрағатында Ізмұқан Құрамысовтың машинкаға басып шығарылған екі беттік өмірбаянымен таныстық. Өмірбаян іздері терілген қағаздың сапасы нашар болған соң, жазуы көне сүрлеудей көмескі тартқан. Қазіргі заманғы техниканы пайдаланып, көшірме жасауға тіпті келмейді, фотоға түсіруге де мүмкін емес, оқуға да қиын. Әйтеуір, көз жанарымыздың нұры қайтпаған, әрбір әрпін өткізіп алмайық  деп ескі қағазды күн көзіне қарата тапжылмай отырып оқып шығып, дәптерімізге тізіп тастадық. Орысша жазылған екен, баяндау стилі өзіне-өзі есеп беріп отырғандай, бір жағынан өткен өмірінің өкініші, екінші жағынан ерік-жігері, қайрат-қуаты құрыштан құйылғандай әсер қалдырады. Оралдық ғалым, ақын, жазушы, журналистерге Құрамысов Ізмұқанның өзі баян еткен өмір сырын арнайы зерттесеңіздер, ештеңеден ұтылмайсыздар дер едім. Мұрағат деректерінде Ізмұқан Құрамысов Ақтөбе облысының Томарөткелдің Тұзтөбесінде туып-өскен, бесік құдалықпен атастырылған қосағы да өз ауылынан. Кейін басқа біреуге үйленбесе, жұбайы Павлодар жақтың адамы емес. Құрамысовтың отбасы туралы ақпаратты оның 1938 жылғы «халық жауы» деп айыпталған ісінен табуға болар. Ол үшін Алматыдағы мемлекеттік мұрағатқа ат басын тіреу керек. Ізмұқан Құрамысов – зерттеуге тұрарлық тұлға. Оның ақын Қасым Аманжоловқа тікелей байланысты Оралдағы қызметі жайында сәл кейінірек арнайы тоқталармыз. Әзірге ақын тағдырындағы екінші адамның кім екеніндігіне көшелік.

Ақынның жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарындағы сыншысы – академик Серік Қирабаев. Академиктің Қасым Аманжоловтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қыран қанатты ақын» мақаласында өзінің ақынға қатысты сын мақаласын 1951 жылы арнайы тапсырыспен жазғанын ашық айтқан. Біз бұл ақпаратты Оралдағы Жұбан кітапханасы қорынан алынған «Егемен Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 13 шілдеде жарыққа шыққан санынан таптық. Серік Қирабаевқа тапсырыс берген «органдар», сол кездің лексикасы бойынша барлық саяси күш қолдану ұйымдары. 1951 жылы диктатор Сталин әлі тірі, бүкіл басқару мен бақылау тетігі большевиктер  партиясының қолында. Қирабаевтың жазып отырған «органдары» жаңа ғана институт бітірген ақын Қасымға қарсы сын мақаланы жазуға тапсырысты қандай жолмен бергеніне келетін болсақ, «Әдебиет және искусство» журналы Жазушылар одағының жанында құрылғанын есте ұстау қажет. Жазушылар одағын 1943-1952 жылдары Сәбит Мұқанов басқарды. Журналда Қирабаевтың (Қыйрабаев) мақаласы шыққан соң, оған Жазушылар одағының жабық партия жиналысында баяндама жасауға тапсырыс беріп, сыншының «ақынмен бетпе-бет келуге тайсақтағанына» қарамай, жиналыста баяндама жасауға көндірген. Жас сыншыны еріксіз қорқытып, көндірерлік күш-қуаты бар бізге беймәлім көпті «органдар» дейді, академик жалпылама атай салған. «Орган» атынан тапсырыс берген кісінің аты-жөнін, лауазымын атамайды, ол жағын аттап өтеді. Білмейді емес, біледі, ұмытып та кеткен жоқ. Әзірше айтуға болмайтын сыр бар. Есімдер атала қалса, шатақ шығып кетпек. Қарапайым қисынға салсақ, «Әдебиет және искусство» журналы Жазушылар одағына қараған соң, одан қаржылық, кадрлық тұрғыдан тәуелді, расында мемлекетке, одақ құрылған кезінен мемлекет бюджетінен қаржыландырылатыны дау тудырмас ресми дерек.  

Мақаланың толық нұсқасын облыстық "Орал өңірі" газетінің 11 мамырдағы  №38 санынан оқи аласыздар.

Марат Азбанбаев,

қасымтанушы, доғарыстағы судья,

Қарағанды қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале