Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік көмектің атаулылығын арттыру қажеттігін атап өтті.

Фото: istockphoto.com
«Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адам капиталын дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты басымдықтар болуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік реформаларды терең талдаудың негізінде және азаматтардың жағдайын ескере отырып, барынша ойластырып жүргізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын пилоттық режимде кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет.
Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін отбасылардың нақты жағдайын барынша есепке алу үшін цифрлық жүйелерді интеграциялауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ пилоттық жоба мен Отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін енгізу жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету қажет.
Барлық деңгейдегі әкімдерге халық арасында әлеуметтік саясаттың жаңа тәсілдерін енгізу бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастыру тапсырылды.
Еңбек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз етуі тиіс.