Смартфон тек белгіленген уақытта қолдануға рұқсат етіледі. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға смартфон пайдалануға қойылған тыйымның алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сурет: сайт архивінен
" Қорғаныс министрінің осындай бұйрығы бар. Қарулы күштердің режимдік нысандарынан тыс жерде смартфон қолдануға рұқсат етілді. Бұл рұқсат мерзімді қызметтегі барлық сарбаздарға қатысты", – деді вице-министр Сенатта өткен брифингте.
Айтуынша, смартфон қолдануға барлық әскер түрлері мен құрамаларында, барлық жерде рұқсат етілген.
"Бірақ ата-аналар ұлдарына кез келген уақытта смартфон арқылы хабарласа алмайды, яғни белгіленген уақыт бар. Себебі сарбаз кез келген уақытта жауап бере алмайды: ол атыс жаттығуында, оқу-жаттығуда болуы мүмкін және тағы басқа жағдайлар болады. Әскери бөлім командирі нақты уақытты белгілейді, сол кезде сарбаздар телефон пайдалана алады. Бұл ақпарат алдын ала жеткізіледі", - деп жауап берді Асқар Мұстабеков.
Еске салайық, бұған дейін министр сарбаздарға телефон қолдануға қатысты бұйрыққа қол қойған болатын.