2.10.2026, 19:00
Оқылды: 5

Қазақстандық оқушылардың жерсерігі алғаш рет SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшты

Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметі хабарлайды. 

IMG_20261002_184012

Фото: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметі

2026 жылғы 1 қазанда Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube пикоспутнигі Илон Маск құрған SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен ғарышқа жол тартты. Зымыран Калифорниядағы АҚШ Ғарыш күштерінің Ванденберг базасынан ұшырылды.

NIS PocketQube-тың орбитаға шығуы бірнеше жылға жалғасқан білім беру және инженерлік жұмыстың нәтижесін көрсетті. Жобаға Қазақстан мен шетелден оқушылар, педагогтер және ғарыш саласының мамандары атсалысты.

Бұл бастама оқушыларға ғарыш миссиясына тікелей араласуға мүмкіндік береді. Олар шағын спутникті ұшыруға дайындау жұмыстарымен танысып, ұшырылым барысын бақылайды және кейін орбитадан келетін телеметриялық мәліметтерді қабылдайды.

Айта кетейік, жоба 2019 жылы оқушыларға ғарыш технологияларын тек теориялық тұрғыда меңгеріп қана қоймай, нақты ғарыш құрылғысымен жұмыс істеуге жағдай жасау идеясынан бастау алды. 2020 жылы бастама жаңа кезеңге өтіп, мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылды. Сол жылы 7-10-сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» мамандандырылған курсы енгізілді.

IMG_20261002_184023

NIS PocketQube – PocketQube форматындағы аса шағын спутник. Оның көлемі небәрі 5×5×5 сантиметр, ал салмағы 250 грамм. Шағын көлеміне қарамастан, спутник басқару, электрмен жабдықтау және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған.

NIS PocketQube спутнигін жасау жолында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы еңбектенді. Олардың бірқатары бүгінде NIS түлектері.

Шәкірттер спутниктің 3D моделін жасап, құрылғылардың ішкі орналасуын есептеді, электронды платалар мен SMD-компоненттерді жинақтады. Бұдан бөлек, микроконтроллерлерді бағдарламалап, Python арқылы деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірледі және аппаратты жердегі сынақтарға дайындау жұмыстарына қатысты.

Бірнеше жыл ішінде команда шағын ғарыш аппаратын жасаудың барлық дерлік кезеңінен өтті: алғашқы сызбалар мен прототиптерді әзірлеуден бастап, сынақ жүргізіп, ұшырылатын үлгіні ғарышқа дайындауға дейінгі жұмыстарды атқарды. 2022 жылғы желтоқсанда NIS PocketQube Ұлттық ғарыш орталығының базасында жерүсті термовакуумдық және механикалық сынақтардан өтті.

Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі халықаралық ынтымақтастық болды. Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен грек компаниясымен бірлесіп, спутниктің ұшу үлгісін соңғы кезеңге дайындау, қажетті тексерулерден өткізу және оны UARX компаниясының ұшыру контейнеріне орнату жұмыстары жүргізілді.

Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Ғалам» ЖШС мамандары да атсалысты. Бірлескен жобаға Оралбек Бидайбеков пен Манар Досова жетекшілік етті. Білім беру бағдарламасын әзірлеуге және жобаның инженерлік бағытына Арман Сыздықов, Қанат Саханов және Қазбек Бақтыбеков қатысты.

IMG_20261002_184001

Спутниктен алынатын мәліметтерді оқушылардың физика, астрономия, бағдарламалау және инженерлік бағыттардағы зерттеу жобаларында пайдалану жоспарланып отыр. Ақпаратты қабылдап, өңдеу үшін жерүсті кешені орнатылады. Оның көмегімен спутниктік деректер Қазақстанның барлық мектеп оқушыларына қолжетімді болады.

Осылайша, NIS Space ғарыш зертханасы оқушылардың ғарыш инженериясы мен заманауи технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларын шыңдайтын алаңға айналды. Зертхана аясында инженер-конструктор, электроника және борттық бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушісі, спутниктік байланыс, робототехника және деректерді талдау маманына қажетті құзыреттер қалыптасады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале