9.01.2020, 15:18
Оқылды: 46

Кемеңгер тұлғаның атын тағы бір асқақтататын күн жетті

Абай – ана, Абай – дара қазақта! Бұл біз ес біліп, қара таныған кезден бері санамызға сына болып қағылған қағида. Ал ұлы ойшыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында есімі ел есінде қайта жаңғырып, мемлекет көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстарының  қолға алынуы заңдылық.

Мұның мәні мен маңызын, тарихы мен тағылымын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев күні кешегі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында тайға таңба басқандай, талдап, таразылап түсіндіріп берді. Шындығына келсек, Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Қай заманда да оның мол мұрасы қазақ ұлтының ертеңіне қызмет ете берері хақ. Өйткені, ол - бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Әрі бүгінгі үлкен-кіші елді, ұлтты Абайша сүюді үйрену керек. Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлының аталмыш мақаласындағы: «Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?»деген сұрақ туындайды» деген жолдар исі қазақ баласын бей-жәй қалдырмасы хақ. Ендеше, күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлаған әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлғамыздың атын тағы бір асқақтататын күн жетті.

Несін жасырайын, мен өзім кеңестік идеологияның бел ортасында жүрген адам болғаныммен, Абай шығармалары төрімізден түскен жоқ. Әсіресе, ақынның қара сөздерін жатана-жастана оқыдық, содан өзімізге тәлім-тәрбие алдық. Әрі М.Әуезовтың «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесін өзімізше танып білдік. Әлгінде айтқан ақынның қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, терең философиялық тұжырым. Ондағы айтылған жәйлар қазіргі күнімен де үндесіп жатқандай. Сондықтан ұлы ақынды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Президентімізше айтсақ, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.

Иә, Абай шығармаларына арқау болмаған тақырып кемде-кем. Оның бәрін жіктеп-жіліктеп жату мүмкін емес, тек әр қазақ соны өз пайдасына жарата білсе болғаны да. Өйткені, Абай барда қазақ, қазақ барда Абай мәңгі өлмейді.

Чарлез Қойшыбаев

Бөкей Ордасы

ауданының құрметті азаматы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале