1.03.2023, 19:45
Оқылды: 288

Киік санын реттеу мәселесі халықаралық деңгейдегі кеңесте талқыланды

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде өңірдегі киік мәселесін талқылау тақырыбында өткен екі күндік халықаралық кеңес қорытындыланды. Онлайн байланыс арқылы өткен келелі басқосуға жергілікті мамандармен қатар халықаралық сарапшылар, қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау туралы Бонн конвенциясының өкілдері қатысты.

778BE043-D6EB-4461-B6E0-3D6AA87566AD

– Екі күнге созылған кеңесте негізі көптеген маңызды мәселелер талқыға салынды. Басқосуда киіктің жиі көшуі, ақбөкендерден жері зардап шеккен ауылдағы шаруаларға өтемақы төлеу, киік мүйіздері мен өнімдерін кәдеге жарату, сол арқылы өңірімізге пайда әкелу турасында түрлі пікірлер айтылды. Бүгінгі таңда мамандардың мәліметінше, біздің облыс көлеміндегі ақбөкендердің саны 1 миллион 200 мыңнан асқан. Егер киік саны жылына 40%-ға өсетінін ескерсек, біздің болжам бойынша, 2024 жылы олардың саны 2,5 миллионды құрамақ. Бүгінгі кеңесте мамандар болып сол ақбөкендердің санын қалай реттеу жайын талқыладық. Түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Олардың қатарында киікті оңтүстік аудандардан басқа аумаққа көшіру туралы ұсыныстар да болды. Ол мүлдем қате пікір деп ойлаймын. Себебі ақбөкен мал емес, айдауға көнетін. Батыс Қазақстан облысы бұрыннан ақбөкендер көп мекендейтін өңір. Бірақ соңғы кездегі қуаңшылыққа байланысты ашық су көздері едәуір кеміп кетті. Сол себепті мал баққан шаруалар ақбөкендердің көбеюіне қарсы шығуда.

Атырау, Ақтөбе облыстарымен шектесетін аймақтарда су тапшы болған соң киіктер соңғы жылдарда Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарына, сондай-ақ Ақжайық ауданының кей жерлеріне қарай ойысты. Осыған байланысты былтыр киік басын сақтау мен санын шектеу туралы құзырлы министрліктермен, басқармалармен, ғалымдармен бірігіп ортақ тұжырымдама да жасадық. Ол қазіргі таңда зерделенуде.

Аталған мәселені шешудің бір-ақ жолы – сол тұжырымдаманы бекіту болып тұр. Кеңеске қатысқан Швеция, Германия елдерінің мамандары да өз ұсыныстарын айтты. Бірақ ол елдердің аумағы да, киік саны да біздің өңірмен салыстырғанда тым аз. Сондықтан оларға жеңілдеу. Киік санын реттеу үшін кезінде болған мекемелерді қайта құруға тура келеді, - дейді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров.

BF6F79D8-1732-458A-A940-0C7DC1E9AD5F

Маманның айтуынша, кеңесте киік санын реттеу туралы да біраз пікірлер айтылған. Оның ішінде ақбөкендер санын ату жолымен азайту немесе тор құрып, аулап, сою арқылы реттеу туралы ұсыныстар да талқыға салынған. Ол үшін арнайы құрылғылар алып, мамандармен қамту керек екен.

– Киік санын реттеу біздің облыста шешімін таппай тұрған күрделі мәселенің бірі. Соңғы жылдары бұл түйткіл шиеленісе түсіп, министр де өңірге келіп, оларға бірқатар ұсыныс-пікірлерімізді жеткізгенбіз. Біздің өңірге шақталған ақбөкендердің саны 500 мыңның шамасы болса, бүгінде олардың қарасы миллионнан асып кетті. Бұрын киіктер Жаңақала, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тайпақ аудандарындағы құмды мекендеген еді. Әрі қарай Атыраудың аумағына жайылатын. Ол кездері аталған аумақтарда су көзі мол болатын. Өзен-көлдер мен каналдардағы су малға да киікке де еркін жететін. Сол кездегі ақбөкендердің жалпы саны 300-500 мыңның аралығында болды.

7CEC568A-143E-4F4B-B770-AFDE1AF74817

Соңғы жылдары жайын судың тапшылығы сезіліп, өзен-көлдерге су түспеген соң көптеген көлтабандар, жыралар кеуіп кетті. Ішерге су таппаған киік амалсыз оңтүстік аудандарға ойысты. Сол ақбөкендердің санын реттеу туралы ұсыныстарын білу мақсатында біздің Үкімет шетелдік мамандардан ақыл-кеңес сұрады. Олардың тәжірибесі біздің кең аумаққа келіңкіремейтінін жеткізгендей болдық. Себебі біздің елдегі киік популяциялары әркелкі. Бір жерлерде киік санын өсіру керек болса, біздерде санын реттеу керек болып тұр. Сол себепті бүгін қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау туралы Бонн конвенциясының өкілдерімен кеңес өтті.

Енді осы кеңесте айтылған ұсыныстар жинақталып, шетелдік мамандар мамыр айында Астанаға келмекші. Сол жерде қайта бас қосып, нақты шешімдер қабылданады деп есептеймін, - деді келелі кеңеске қатысқан «Жайық Пресс» ЖШС директоры Табылғали Сапаров.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале