ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ұлттық әдебиетті қолдау, оқырман қатарын арттыру және отандық кітап индустриясын дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Фото: istockphoto.com
Бұл бастама Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында қолға алынып отыр.
Ынтымақтастық аясында ұйымдастырылатын республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына биыл бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланған. Қатысушылар ұсынылған тізімдегі қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарманың ішінен таңдау жасап, 15 кітапқа дейін оқи алады, осылайша оқылым санын 15 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар меморандум шеңберінде кітап оқуды дәріптеуге, отандық қаламгерлер мен баспаларды қолдауға бағытталған форумдар, фестивальдер, көрмелер және өзге де мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі.