4.05.2020, 15:57
Оқылды: 364

Коронавирус «саясат» емес, кесапат!

Дүние жүзінде коронавирус індетінің таралу қарқыны бәсеңдемей отыр. Мамырдың 3-і күнгі статистика мәліметіне сүйенсек, әлемде 3,5 миллионнан астам адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Ауыр індеттен 345 мың адам көз жұмыпты. Тәуелсіздік алғалы бері көптеген елде адам өмірін қиып кететін мұндай зобалаңдарды БАҚ арқылы ғана естіп, біліп отыратын Қазақстан халқы наурыз айында кеселмен бетпе-бет кездесті. Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 4 мыңға жуықтады. Қазақстан дәрігерлері мыңнан аса адамды дертінен сауықтырғанымен, 27 науқасты ажалдан арашалап қала алмады.

537A1F23-8F61-4F2A-A6B0-87199DE50AC9

«Бес көз» дабыл қақты

Қытайдан бастап өршіген алапат дерт адамзат баласын алаңдатып отыр. Коронавирус Еуропаға нағыз тажал болып барды. Испания мен Италия халқы ауыр сүзектен тұрғандай енді ғана бас көтеріп жатыр. COVID-19 инфекциясының таралуы салдарынан Испанияда 245 мыңнан астам адам ауырды, 25 мың адам қайтыс болды. Италия мен Украинада індет салдарынан көз жұмғандар саны 28 мыңнан асып кетті. Яғни біздің елдегі бір аудан жұртымен шамалас адам өмірімен қош айтысты деген сөз. Франция мен Германияда 165 мыңнан астам адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Сән үлгілерінің отаны саналатын елде 28 мыңдай тұрғын көз жұмса, Германия дәрігерлері 6,8 мың науқасты ажалдан арашалай алмапты. Сарапшы мамандар халқының көптігіне қарамастан, коронавируспен күресте Берлин оң нәтижеге қол жеткізді деп санайды. Оған неміс халқының темірдей тәртіпке берік екені ықпал еткені анық. «Қыстың қамын жаз ойлаған» Берлиндегі вирусология институтының мамандары қаңтар айының ортасында вирусты анықтайтын тестті дайындап үлгерген. Германия қазіргі уақытта аптасына 500 мың тестілеу жүргізуге қауқарлы.

Коронавирус індеті алпауыт мемлекеттердің іргесін шайқап, ұлтарақтай жері бар елдерді бір уыс қылып отыр. Елу штатта бірдей төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болған АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай елі туралы хабар естісе, кірпідей жиырылатын халге жетті. Бұған дейін алпауыт Америка елі мұншалықты деңгейде дабыл қағу жөнінде шешім қабылдамаған. Оған қоса, «Бес көз» барлау альянсындағы АҚШ, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Канада, Австралияның арнаулы қызметтері Қытайдың зертханадағы құпия мәліметтерді жасырып қалғанын, ұлттық денсаулық сақтау комитеті желтоқсанның 3-і күні коронавирус сынамаларын жоюға бұйрық бергенін мәлімдеп отыр. «Литер» сайтының хабарлауынша,  2013 жылы доктор Ши Чжэнли жетекшілігімен Ухань университетінің вирусологтары Юньнан провинциясындағы үңгірдегі сүйір тұмсық жарқанаттар нәжісін зерттеген. Одан алынған сынама үлгілері арқылы SARS-CoV-2 вирусына 96,2%-ға ұқсас коронавирус инфекциясы бары анықталған. 2015 жылы Қытай ғалымдары Солтүстік Каролина университетімен бірлесіп, жаңа вирустың жарқанаттан адамға жұғатынына көз жеткізген деп дабыл қағып отыр «Бес көз» барлау альянсы.

 Франция тас-түйін

АҚШ президенті Дональд Трапм Уханьдағы зертханада вирустың қолдан жасалғаны мәлім болса, қол қусырып отырмайтынын айтып, Қытайға бірнеше мәрте ескерткен. Қазіргі уақытта АҚШ-та 1 млн. 163 мыңнан астам адам COVID-19 зардабын тартуда. Індет 65,5 мың америкалықтың ажалына себепкер болды. Бүгінге дейін 173 мың адам сауығып үлгеріпті. Сәуір айының соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Адамдарға коронавирус инфекциясы адамдарға жарқанаттардан жұқты, Қытайдың  кінәсі жоқ» деген мәлімдеме жасады. Бірақ Бейжіңді сынаушылар қатары көбейіп келеді. Қытайда 82 мың адам вирус жұқтырса, 77,7 мыңы сауығып үлгерген. Көрші ел ем үшін қандай дәрі-дәрмек қолданғанын құпия ұстауда. АҚШ қазіргі уақытта індетке қарсы сынақтан өтіп жатқан, Эбола безгегін емдеуге пайдаланылған ремдесивир дәрісін ресми қолдануға рұқсат етті.

559A2BBB-8BAB-4140-B3E2-1743A8BA051D

Коронавирус енгелі, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан  Еуропа енді-енді еңсе тіктемек. 148 мың адамды сауықтырған Испания жеті аптадан кейін ғана карантин талабын жұмсартпаққа шешім қабылдады. 26 наурыздан бері үйде отырған тұрғындардың сыртқа шығып, сергіп келуіне, балалардың көшеде ойнауына рұқсат берді. Италияда 80 мыңға жуық науқас қалыпты өмірге оралған соң, тұрғындарға 4 мамырдан бастап туысқандарына баруға рұқсат етті. Зауыт-фабрикалар  мен құрылыс алаңдарын ашуға дайындалуда. Франция соңғы тәулікте науқастардың тіркелуі азайғанын хабарлады. Бірақ Франция билігі төтенше жағдайды 24 шілдеге дейін ұзартуға шешім қабылдап отыр. Жер аумағы біздің елдегі облыстың ширегіне жетер-жетпес Босния мен Герцеговина 24 сәуір күні коменданттық сағатты алып тастады. Бірақ бір апта өтпей, қатаң шешімді қайта бекітуге мәжбүр болды. Себебі 29 сәуірде бір күнде 93 адамның COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды.

 Швеция шыдай ма?

Бір қызығы, 10 миллион адам тұратын Швеция карантин режіміне көшпеген – бірден-бір ел. Бұл елде коронавирус жұқтырған науқас туралы дерек 15 ақпанда тіркелді. Көпшілік жиналатын орынға 50 адамға дейін келіп отыруға шек қойды. ЖОО студенттері мен жоғары сынып оқушылары онлайн оқуға көшті. Бастауыш және орта білім алатын балалар оқуын жалғастыры. Балабақша қызметі тоқтамады. Тұрғындар сақтық шараларын ұстануға өздері жауапты болды. Мамыр айының басында Швецияда 23 мыңға жуық адам індет жұқтырғаны анықталып отыр. Коронавирус кесірінен 2,6 мың адам о дүниелік болды. Бас мемлекеттік эпидемиолог Андерс Тегнелл елде індеттің таралуы төмендеп келе жатқанымен, вирустың қауіпті екенін билік әуел бастан мойындамай, сақтық шараларын күшейтпегеніне өкінетінін айтты. Әсіресе, коронавиурстың жаңа түрі қарияларды қаусатып тастаған.

E1BE0846-CAA2-4C62-AD00-BEE5EE3FFE3A

Коронавируспен күресте 56 мың тұрғыны бар Гренландия ғана жеңімпаз саналып отыр. Әлемдегі ең үлкен аралда 11 науқас қана тіркеліп, бәрі емделіп тұрған. Қазақ халқымен түбі бір саналатын Түркияда 126 600 адам коронавирус кеселіне шалдыққан. Елде 3 300 адам қайтыс болғанымен, науқастардың тең жартысы сауығып тұрған. Түркия барлық өңірде қатаң сақтық шараларын күшейтіп, әр апта сайын коменданттық сағат белгілеп отыр. Алғашында індетті «тұмау ғана» деп қабылдаған Иран жұртынан 97 мың адам COVID-19 вирусын жұқтырған. 6,6 мың науқас шейіт болған.  Денсаулық сақтау министрі Реза Шанесаз күзде індет тағы бас көтеруі мүмкін екенін жасырмады. BBC халықаралық агенттігінің хабарлауынша, алкогольдік ішімдік уыты індет бетін қайтарады дегенге сеніп, сәуір айының басында ел іші дүрбелең болған. Соның салдарынан спирт құрамдас ішімдіктен  3 мың ирандық уланып, 600 кісі қайтыс болған.

 Белорустар әскери шеру өткізбек

Орта Азия аймағында Түркіменстан «коронавирус» сөзін атауға тыйым салды. Түркіменстан билігі «коронавирустан сырқаттанғандар мүлдем жоқ» деп сендіріп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей сарапшыларын Түркіменстан мен Тәжікстандағы эпидемиологиялық ахуалды зерттеуді өтініп отыр. Бұған дейін томаға-тұйық отырған Тәжікстан сәуір айы соңында 15 адамға қатысты «COVID-19 инфекциясы» диагнозы нақтыланғанын растады. Мамырдың екісінде сырқаттар саны 76-ға жетіп, екі тұрғын қайтыс болды. Көршілес Өзбекстанда 2,1 мыңнан астам науқас тіркелді. Қырғызстанда 800-ге жуық адам індетке шалдығып, 500-ден астам адам дертінен айыққан.

20102423-F922-49FB-875E-ED98DFC4466A

Белоруссияда 16 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған, 99 науқас көз жұмған. Бұған дейін коронавирусты елең қылмайтынын айтып, дүйім ел көзіне түскен Белоруссия президенті Александар Лукашенко Жеңіс күніне арналған әскери шеруді өткізетінін мәлімдеді. Сарапшылар мамыр айының соңында осы «ақ орыстар» арасында індет кеңінен таралады деп болжап отыр.

 Ресейде рекордтық көрсеткіш

Күні кеше Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин видеобайланыс арқылы РФ президенті Владимир Путинге коронавирус инфекциясын жұқтырғанын, жұмыс орнынан оқшауланатынын мәлімдеді. Мамырдың 2-сі күнгі мәлімет бойынша, Ресейде COVID-19 кеселіне шалдыққан 9,6 мың адам анықталды. Науқастардың 47%-ында ауру белгілері байқалмаған. Ресейде ковидқа қатысты күнбе-күнгі көрсеткіш рекордтық қарқынмен өсуде. Мамырдың 3-інде 10 600 адамның инфекция жұқтырғаны – соның дәлелі. Федерация аумағында індет жұқтырғандар саны 135 мыңға жуықтады. 16,6 мың науқас көз жұмды.

6D3ED3B3-8E5F-4901-BE35-2E8FBC49B178

Мәскеудегі науқастар саны 5900-ден асып кеткен. Самара облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 86, Саратовта 50, Волгорадта 42, Растовта 72, Орынборда 28, Уляновта 38, Астраханда 76 жағдайы тіркелген. Мамырдың 4-і күнгі таңдағы мәлімет бойынша, Қазақстанның Батыс Қазақстан облысында 186 науқас тіркелді. Олардың басым көпшілігі – Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеген, ем-дом іздеген немесе оқуға барған азаматтар. Көршілес Ақтөбе облысында 160, Атырауда 184 адам сырқат екені анықталды. Қазақстан эпидемиологтары індеттің таралуының шегі мамыр айының алғашқы жартысында тіркеледі, жағдай тұрақталғанның өзінде науқастар саны 5 мыңнан асатынын болжаған. Миллиондаған адам ағзасына мутациялық өзгеріспен бейімделіп, жер бетін жайлап жатқан COVID-19 инфекциясы түбегейлі жойылмайды, адамзатпен бірге өмір сүрмек. Көптеген ел жаз айларында бәсеңсігенімен, пандемия күз айларында қайта өрші мүмкін екенін шек келтірмейді. Оған дейін вирусологтар коронавирустың жаңа түріне қарсы дәрі-дәрмек дайындап алуы тиіс.

 Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале