11.07.2022, 16:44
Оқылды: 255

Қос бағдарламаның бюджеттері ұлғаяды

Бұл туралы кеше облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды. Жиында халықты жұмыспен қамту және өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселелер қаралды.  

64711F05-5507-4AB7-95CC-BC7D99347473

Басқосуда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Тоғызбаева күн тәртібіндегі  мәселе бойынша баяндама жасады. Баяндамаға сүйенсек, биылғы жылдың I тоқсанындағы статистика құрылымдарының мәліметіне сәйкес облыс бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 337,7 мың адам болса, оның ішінде 320,8 мың адам жұмыспен қамтылған, 16,8 мыңы жұмыссыздар санатында. Сонда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 5%-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды құрап отыр. Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздардың саны  – 12 мың 700 адам. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың есепті кезеңіндегі (2021 жылы – 15,4 жұмыссыз) көрсеткішпен салыстырғанда 22,0%-ға төмен.

8 мың 400 адам жұмыспен қамтылуда

– Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз азаматтардың 47,9%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, 26,7%-ы жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алуға рәсімделген, 11,8%-ы мемлекеттік тарапынан берілетін грант алуға үміткер, 12,7%-ы әр түрлі себептермен жұмысқа тартылмай қалған. Жұмыссыздықпен күрес бағытында бірқатар шара іске асырылуда. Біріншіден, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 19 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 8 мың 400 адам әр түрлі шараларға жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 519, қоғамдық жұмыстарға 3 695, жастар практикасына 211, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 49, жұмыс берушілер мәлімдеген бос жұмыс орындарына 3 мың 700 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар 27 азаматқа берілді және қысқа мерзімді оқытуға 27 жұмыссыз жолданды, – деді С. Тоғызбаева.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтары арқылы түрлі шараларға жолдама алған 8 мың 400 адамның 25%-ын жастар (2,1 мың  адам), 11%-ын аз қамтылған отбасылар (900 адам), 10%-ын мүгедектігі бар жандар (800 адам), 13,0%-ын көп балалы отбасылар (11 мың адам) құрайды. Облыс бойынша  31 еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыссыздықты азайтуды көздейтін шараларға 485 жұмыс беруші қатысқан. Осындай жәрмеңкелер көмегімен 1673 адам жұмысқа орналасты.

930C1BC1-52F0-47CE-93BC-7B46CEBB67BC

156 жоба, 1 мыңнан астам жұмыс орны

Жұмыспен қамтудың екінші маңызды бағытының бірі – өңірлік жұмыспен қамту картасы. Биыл бес Ұлттық жоба аясында 158 жобаны «жандандыру» жоспарланып, осы жобалар негізінде барлығы 6 мыңнан астам жаңа  жұмыс  орнын ашу  көзделген. Оның  ішінде 1 мың 600-і тұрақты, 4 мың жарымы уақытша жұмыс орны болып табылады. «Барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және Орал қаласы мен аудан әкімдіктері «Электронды еңбек биржасы» ақпараттық жүйесіне бос жұмыс орындары жайындағы мәліметтерді орналастыру  туралы мердігерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіп, кездесулер өткізулері қажет. Есепті кезеңге «Интеграциялық карта» аутоматтандырылған ақпараттық жүйесінде «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 5023 жұмыс орнының 4673-і құрылды.  «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 738 жұмыс орнының 128-і құрылды. «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 49 жұмыс орнының бесеуі  құрылса, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобасы мен «Тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында  жұмыс орындарын құру тапсырмасы мүлдем орындалмаған. Биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында құрылыс, жол жөндеу және ауыл шаруашылығы  салаларында 156 жобаны іске асыру арқылы 1 мыңнан астам сапалы жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Есепті кезеңде электронды еңбек биржасы ақпараттық жүйесіне 705 бос жұмыс орны туралы деректер енгізілген, бұл жылдық жоспардың 66,9%-ын құрайды. Қазіргі кезде Өңірлік карта аясында 132 адам жұмысқа орналасты»,  – деді баяндамашы.

6C25A8A6-83A7-4AA6-8EBC-C983E803D1D9

Шетелден жұмысшы тарту төмендеді

Басқосуда мәлім болғандай, жыл сайынғы шетелден жұмыс күшін тарту үшін бекітілетін тиісті квота және кәсіпорындарға берілетін рұқсаттар саны төмендеп келеді. Мысалы, 2019 жылы бекітілген квота саны 3 361-ді құраса,  нақты берілген рұқсат cаны 1 380 ғана немесе небәрі 41%. 2020 жылы бектілген квотаның 47%-ы ғана немесе рұқсат саны 1108, 2021 жылы рұқсат саны 949 болды. Сонымен қатар жиында облыс әкімінің ІІІ және IV санаттар бойынша шетел жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар санын азайту туралы нақты тапсырмасына сәйкес аталған санаттар бойынша соңғы үш жылда берілген рұқсаттар динамикасының төмендегені айтылды.  «ІІІ санат бойынша 2019 жылы 443 рұқсат, 2020 жылы 329,  2021 жылы 235 рұқсат берілген. Сонымен бірге IV санат бойынша да соңғы жылдары айтарлықтай нәтиже байқалады. 2019 жылы небәрі 58 рұқсат берілсе,  2021 жылы бұл көрсеткіш 0-ге дейін төмендеді. Кәсіпорындар  ІІІ санат бойынша шетелден инженер, механик және техник мамандарын тартуда. IV санат бойынша кәсіпорындарға алтыншы, жетінші дәрежелі электр дәнекерлеуші жұмысшы мамандарын тартуға рұқсаттар берілген»,  – деді Салтанат Тоғызбаева.

Жұмысқа еңбек биржасынан алу керек

Тұрақты жұмыс орындарын ашудың өзекті мәселе екенін айтқан облыс әкімі тиісті құрылымдарға тапсырма берді.

– Орал қаласы мен аудандар әкімдерінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарының төмен деңгейде екенін атап өтемін. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға тек бір басқарма жауапты деп қарамауымыз керек. Қала, аудан әкімдеріне инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, салық түсімдерін арттыру керек екенін айтқан болатынмын. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауылдардағы ағайынның тұрмыстық жағдайы жақсаратынын баршаңыз жақсы білесіздер. Сондықтан аудан әкімдері осы жобаны іске асыруда белсенділік танытулары керек, – деді Ғали Есқалиев. Өңір басшысы Ұлттық жобаларды «жандандыру» мақсатында жасақталған Өңірлік жұмыспен қамту картасында белгіленген  шаралардың толық жүзеге асырылуын облыс әкімінің орынбасарларына - А. Өтеғұловқа,  Т. Меңдіғалиевке, Б. Нарымбетовке бақылауға алуды тапсырды.  Орал қаласы мен аудандардың әкімдеріне, облыстық басқармаларға жаңа жұмыс орындарын құру, ұйымдастыру мақсатында құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлердің «Электронды еңбек биржасы» ақпараттық жүйесінде міндетті түрде тіркелуін және қызметкерлердің міндетті зейнетақы қоры аударымдарының төленуін қатаң бақылауға алу жүктелді.

Екі бағдарламаның насихаты кемшін

 –  Өңірімізде құрылыспен немесе күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын барлық мердігер бюджеттік  не  коммерциялық жоба болсын, жобаның түріне қарамастан, жұмысшыларды «Еnbek.kz» сайты   арқылы еңбек биржасынан алуға міндетті. Сонда жұмысшылардың ресми түрде не қолма-қол ақшаға жұмыс істеп жүргендерін көре аламыз.  Кейбір жобалардың бас мердігерлері басқа облыстардан келген компаниялар, сондықтан олар өз өңірлерінен жұмысшыларын алып келеді. Жергілікті жұмыссыз тұрғындар бұл мердігерлердің жобаларында бос жұмыс орындары бар-жоғын көре алмай отыр. Сондықтан вакансиялардың барлығы enbek.kz сайтында көрсетіліп, жұмысшылар еңбек биржасы арқылы жұмысқа қабылдануы тиіс.  Орал қаласы, Бөрлі, Қаратөбе, Жәнібек аудандары Ұлттық жобалар бойынша биржа арқылы бірде-бір жұмыс орнын ашқан жоқ, –  деді облыс әкімі. Сондай-ақ Ғали Есқалиев «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 211 жас жұмыспен қамтылғанын, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 49 адам тартылғанын айта келе, көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін айтты.

– Кәсіпкерлеріміздің көпшілігі жұмыспен қамту жобаларынан бейхабар. Бұл  жақсы көмек қой. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша бір жарым жыл ішінде бюджеттен айына 90 мың теңге қосымша жалақысын төлеп тұрамыз. Егер жас адамның өмірінде бұл алғашқы жұмыс орны болса, мемлекет тарапынан осындай қолдау-көмек көрсетіледі. «Жастар практикасы» бойынша қызметке барған жастарға бір жыл бойы айына 90 мың теңге төлейміз. Кәсіпкерлердің көбісі осы бағдарламаларды білмейді, – деген өңір басшысы аталмыш басқарма басшылығына осы екі бағдарлама туралы ақпараттарды әлеуметтік желілерде тартауды тапсырды.  Келесі жылға осы  бағдарламалардың бюджеттерін ұлғайтуды тапсырып, соған дайындықты ертерек бастау қажеттігін қаперге салды.  Сонымен қатар «Жастар  практикасы» бағдарламасы бойынша жастардың тәжірибе жинауы үшін қаншасы қызметке уақытша орналасқаны ғана емес,  қаншасының сол қызметте тұрақты қалғанына талдау жасап, баяндауды аталмыш басқарма басшылығына тапсырды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале