6.05.2026, 14:45
Оқылды: 10

Қос ғасыр куәгері

Орал өңірінде екі ғасыр куәсі, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Анастасия Федоровна Чегнахаева 105 жасқа толды. Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келген ғасырдан асқан ғұмыр иесінің мерейтойын атап өтті.

DSC03611

Осы айтулы күнге орай Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев соғыс ардагері Анастасия Чегнахаеваны құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Өңір басшысы өз сөзінде аға буын ерлігі ұлт жадындағы мәңгі құндылық екенін атап  өтті.

Сіздің ғасырға жуық ғұмырыңыз – ел тарихымен біте қайнасқан тағдыр. Майдандағы ерлік ізі мен бейбіт замандағы табандылық үлгісі – бүгінгі өмірдің берік іргетасы. Біз сіздерге қашанда қарыздармыз. Жастар сіздің және замандастарыңыздың өмір жолынан үлгі алып, Отанға қызмет етудің шынайы мәнін түсінуі тиіс. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді облыс әкімі.

Салтанатты кездесуде ғасыр жасаған кейуананың өмір жолы мен ел үшін сіңірген еңбегі ерекше ілтипатпен аталып, оған құрмет көрсетілді. Мерейтой иесіне естелік сыйлықтар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды.

Анастасия Чегнахаева 1921 жылдың 1 мамырында Орынбор облысы Тепловский (қазіргі Первомайский) ауданындағы Шапталов совхозында дүниеге келген. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан қорғау жолында аянбай еңбек етіп, тылдағы табандылығымен Жеңісті

жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі. Бүгінде оның тағылымға толы ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін өнеге мектебіне айналып отыр.

2024 жылдың 14 қазанынан бастап ардагер Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. 105-ке келсе де әжей тың. Жағдайы бірқалыпты, өздігінен жүріп-тұрып, орталық ішіндегі қоғамдық шараларға да белсенді қатысады.

Айта кетейік, Анастасия әжеміз былтыр 104 жасқа толған кезде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған арнайы медаль табысталған болатын. Кейуананың өнегелі өмір жолы – елдік пен ерліктің өлшемі.

 

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале