2.03.2023, 10:15
Оқылды: 106

Құндыз десе, Құндыз-ау! Білікті басшы, дарабоз меценат туралы бір үзік сыр

Бұл қазақта небір марқасқа азаматтар бар ғой. Олар айналасына сырнайлатып-кернейлетпей-ақ жан жадыратар жақсы істердің басы-қасында жүреді. Атын жарнамалап, атағын шығару үшін емес, атқарған ісі мен тындырған жұмысы халықтың қажетіне жарасын, елдің игілігіне айналсын деген ниеттерін басшылыққа алады.

Мен бүгін солардың бірі – Құндыз Шамақұлы Нупов туралы, оның 70 жасқа толар сәтінде қолға қалам алдым. Ол КАТЭК инновациялық жобалау-зерттеу компаниясының президенті қызметін  атқарады. Ендеше, құлақ сал, құрметті оқырман.

737F9304-A141-4381-A365-4BA03E8FA3F4

Құндыз Ресей жерінде туған. Алайда атакүлдігі – қазіргі Бөкей ордасы ауданы. Әкесінің руы – Ноғай қазақ, шешесі Шеркеш руынан. Оның 70-ке дейінгі жүріп өткен өмір жолы, бүгінгі жеткен абырой биігі, қолы жеткен табыстары, алған асулары, әсіресе біздің қазақ жастарына, кейінгі ұрпаққа үлгі болардай. Құндыз Шамақұлы – 70 жыл ғұмырының тең жартысында газ саласын дамытуға атсалысқан кәсіби білікті маман, экономика ғылымының  кандидаты.

Алла Тағала: «Сен адам баласына күнде бір жақсылық жасай алмауың мүмкін, оны мен кешіремін, тек ешкімге жамандық жасама» деген екен. Ал біздің Құндыз Шамақұлын өзгелерден ерекшелеп тұратын да осы жақсылық жасауға жанын сала кірісетін қасиеті. «Адамды бай қылатын дүние-мүлкі мен ақшасы емес, қардай аппақ пейілі мен адал көңілі» дейтін де қазағымыз. Біздің қазақ халқында дәрежесі өсіп, кенеттен байып кеткен қандастарымыздың кеудесін көтеріп, әрең сөйлесетіндері қаншама?! Олар туралы «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылы жоқтығы, адамның кеудесін көтергені – ақылы жоқтығы» дейді. Енді кейіпкеріміздің ата-анасы хақында бірер сөз.

Адам тағдырын туған жері, өскен ортасы құрайтыны белгілі.  Құндыздың әкесі Шамақ Қабдірешұлы қасиетті құм Нарында, дәлірек айтсақ, Ноғай қазақтар мекен еткен Жәнібек ауданында 1926 жылы дүниеге келген. 30-шы жылдардағы нәубет қазақ халқына орасан зор қасірет әкелді. «Елім-ай!» деп жер ауған қазақтың тағдырын Нуповтар әулеті де бастан өткеріп, көршілес Ресейдің Астрахан облысына қоныс аударады. Кейін Волгоград пен Саратов облыстарының колхоз-совхоздарында тұрады. Содан соң Тамбов облысына, кейін Пенза облысына қоныс аударған. Елден-елге көшкен сол бір аласапыран жылдары сәбилерін мәпелеп отырған аналары өмірден өтеді. Аналарының орнын жоқтатпауға тырысқан Қабдіреш әке балалардың білім алуына мұрындық болды. Әулеттің тұңғышы – Шамақтың туған ағасы Шәндір Балаковтағы ұшқыштар училищесін тәмамдайды. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталады. Қанқасап айқастың алғашқы айларында жас ұшқыш, лейтенант Шәндір Нупов жаумен сұрапыл шайқаста қаза табады. Әулеттің үлкені болып қалған 17 жасар Шамақ 1943 жылы өз еркімен сұрапыл соғысқа аттанады. Пулеметші, сержант бозбала жігіт Бірінші Белорусь майданында қалың жаумен кездескен ұрыстарға қатысады. Содан аты аңызға айналған «Катюшаның» жүргізушісі болып, Жеңісті Берлинде қарсы алды. Берлин төрінде Жеңіс жалауын желбіреткен сарбаздар сапында Шамақ аға Рейхстагтың қабырғасына өзінің аты-жөнін жазып қалдырған. Шамақ Нуповтың сол қолтаңбасының суреті кейін маршал Г. Жуковтың «Воспоминания и размышления» кітабына енген. Соғысқа аттанғаннан кейін 7 жыл өткенде жас жігіт елге аман-есен оралады. Қазақстанға қайтадан қоныс аударғанша Пенза облысының «Гремяченский» совхозында 14 жыл тынымсыз еңбек етті. Қой фермасының бригадирі, кейін бөлімше басқарушысы да болды. Жігерлі жұмыстары мен қол жеткізген табыстары үшін 1965 жылы «Волга» автомобиліне ие болған. Бұл сол бір заманда  ормандай орыстың ортасында қазақтың  қайсар азаматының абыройы мен беделінің қандай асқақ, қандай биік болғанын көрсетсе керек.

Дегенмен Ресейде қазақтар қанша жақсы тұрғанымен, туған жер мен елді қатты сағынатын. Шаруашылығы шалқып тұрса да, астында су жаңа «Волга», бүкіл жағдайлары шешіліп жатса да, елдің аты – ел ғой. Оның үстіне, тума-туыс та 20 жанұя болып, 1965 жылы Қазақстанға жаппай көшіп кетті. Қалған 4-5 жанұяға енді бұрынғыдан да қатты сағыныш кірді. Құндыз сол жылдардағы балалық  шағын  былайша  әңгімелейді:

– Әлі күнге дейін көз алдымызда. Үйден шыға келсек, есік алдында көкпеңбек көк кілемдей көкке аяғың тиеді. Балалар осы көкорай шалғында жалаң аяқ, жалаң бас жүгіретінбіз. Сайдың етегінде басқа балалар секілді жуа, сарымсақ пен құлпынай теріп жейтінбіз. Даланың жазығында өскен табиғи құлпынайдың дәмі әлі күнге дейін аузымыздан кетпейді. Күзге дайындық ерте басталады.

Әр үйде жертөле болатын. Сол жертөлені толтырып, келесі жазға жететіндей картоп, сәбіз, үлкен ағаш бөшкеге қырыққабат, қызанақ, қарбыз, қияр тұздайтын. Міндетті түрде қазақтар қысқа әзірлеген соғымын сойып алатын, көбіне семіз жылқы болатын.

Туған жерден алыста болсақ та, біз қазақ халқының салт-дәстүрін сақтадық. Әке-шешеміз тек қана қазақ тілінде сөйлейтін, біздерге де үйде орысша сөйлеуге рұқсат бермейтін. Үлкендеріміз міндетті түрде ораза ұстайтын, Наурыз мейрамын атап өтетін. Біз патефон арқылы ескі қазақ өлеңдері мен қазақтың күйлерін тыңдайтынбыз, елімізді көрсек, қандастарымыздың ортасында болсақ деп армандайтынбыз. Қазақстанда тұрмасақ та, елге барсақ деген ой тек қана үлкендердің емес, біздің де жүрегіміздің түбінде жатты. Ресейде бізді көп төмендететін, бізді ренжітті деп айта алмаймын, бірақ біздің орыс емес екенімізді олар ескеретін. Біздің көпшілігіміз орыстардан кем болмау үшін өте жақсы оқыдық, соның арқасында олардың арасында өзімізді бір саты жоғары ұстадық.

Біздің жанұяда 3 ер бала, 3 қыз болды. Мен өте алғыр болған соң болар, мені тума-туысқандардың барлығы жақсы көретін. Ауылға фотограф келсе, тума-туысқандар алдына мені алып, менімен суретке түсуге тырысатын. Мен жан-жануарларды жақсы көретінмін. Бала кезімнен велосипедті, мотоциклді жақсы жүргізуге үйрендім, соған байланысты әкем «Волга» машинасын маған ғана сеніп  беретін.

*  *  *

Нуповтар жанұясы Қазақстанға 1973 жылы көшіп келді. Бұған дейінгі елге кеткен тума-туысқандар бұрынғы Камен, қазіргі Тасқала ауданына келген болатын. Ол кезде Құндыз онжылдық мектебін бітіріп, әскер қатарында болып, міндетін атқарып келген. Ол әке-шешесіне көмектесу мақсатында «Степной» кеңшарында еңбек  етті.

Құндыз сол жылы Саратов қаласындағы политехникалық институтқа экономика и организация автодорожного транспорта деген мамандық бойынша оқуға түседі. Институтта бес жыл бойы беске оқып, Лениндік стипендиат атанды. Осы оқу орнында мың студент оқитын, солардың бесеуі ғана көсем атындағы стипендияны алған. Солардың біреуі – Құндыз. Кәсіподақ комитетінің басшысы, студенттердің құрылыс отрядының командирі болып табыс та тапқан. Ол басқа студенттер сияқты үйден ақша сұрамайтын, керісінше, жанұясына ақша жіберіп тұрған.

1979 жылы Құндыз институтты қызыл дипломмен бітірген соң, Одақтық министрліктің жолдамасымен Қазақстанның Орал қаласына жұмысқа келді. Оны №2592 ең ірі автобазаға диспетчерлік жұмысқа жіберді және жатақханадан бір бөлме берді. Бұл жұмыста ол өзінің алғырлығы мен білімділігін көрсетіп, бірден басшылардың көзіне түсті. Жас маманның іскерлігін байқаған көлік басқармасының басшылары оны «Трансагентствоның» директоры етіп тағайындады. Жаңа басшы жұмысқа  құлшына  кіріседі.  Тағы бір айта кететіні, Құндыз  дос жинай білді. Оның достарының ішінде басшы да, қосшы да, академик те, ақын да, жазушы да, белгілі актерлер де, медиктер де, мұнайшы да бар.

Құндыз 1984 жылы совет және партия құрылымдарына жұмысқа ауысты. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық автокөлік басқармасында партком хатшысы, одан Алматыға жоғары партия мектебіне оқуға  жіберілді.

Жоғары партия мектебін бітірген жас коммунистті сол кездегі обкомның бірінші хатшысы М. Ықсанов қалада жаңадан ашылған Промышленный аудандық атқару комите-іне төрағалық қызметке жіберді. Жас төраға бұл жұмыста өзін көрсете білді. Арада жылдар өткенде облыстың жаңа басшысы Нәжімеден Есқалиев жанып тұрған жас жігітті жаңадан ашылып, бүкіл дүниежүзіне белгілі бола бастаған, «Қарашығанақ» кені бар, өндірісі қайнаған Бөрлі ауданына атқару комитетінің төрағалығына ұсынып, ол балама сайлауда жеңіп шықты.

1991 жылы «Қазақгазпром» холдингі құрылып, оны Есет Әзербаев басқарды. Ол қолынан іс келетін, білімді жастарды қызметке шақырды, солардың ішінде Қ. Нупов та бар еді. Бұл Құндыз үшін жаңа сала болатын, сондықтан Есет Рабатұлын ұятқа қалдырмауға тырысты. Ол кісіні өзінің ұстазы ретінде қатты сыйлады, әкесіндей жақсы көрді, шаң тигізбеді. Газ саласы институтына сырттай оқуға түсті. Бұл жұмысында да Құндыз Шамақұлы өзін жарқырай  көрсетті.  

Бір ыңғайы келгенде мен Құндызды қазақтың арда ақыны Қадыр Мырза Әлимен  таныстырдым. Оған мен еш өкінбеймін, қайта мақтанамын. Екеуі қатты дос болып кетті. Қадыр Мырза Әли бірде:

«Ұнатпайтын қасыңды,

Жалқау менен масылды.

Өзі еңбеккер Құндызға

Иемін мен басымды!» деп жазған болатын. Құндыз – сөздің емес, істің адамы. Ол Қадыр қайтыс болғанда қазаның бүкіл шаруасын атқарып, зор қызмет көрсетті.  Кейін ақынның он сегіз томдық кітабына демеуші  болып,  20 млн теңгеге кітабын шығаруға атсалысты. Соңынан  «Қадыр атындағы  қорды» ашқанын да айта  кетуіміз  керек. Біздің облыстық ардагерлер ұйымына да әжептәуір қаржы  аударып  көмектесті.

Құндыз Нуповтың айта берсе, мұндай сауапты істері көп-ақ. Тағы айтсам, өз қалтасынан қаржы шығарып, Жәнібек ауданында Мұстахим Ықсанов, Орал қаласында  Есет Әзербаевтың  кеудемүсінін  қойғызды.

Иә, бұл азамат туралы таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Мен шерткен осынау қысқа ғана мөлтек сырда оның шынайы азаматтық бейнесінің бір қырын көрсете алдым деп ойлаймын. Ол – ел, халық десе, еміреніп тұратын қасиеті. Ал ондай ақ ниеттің иесі Жасаған иенің мейірімінен құр қалмайды. Мен Құндызға көрер қызығың, елге тигізер шапағатың таусылмасын дегім келеді.

Мақсот Берген,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале