rail-news.kz порталының хабарлауынша, Қытай Орталық Азия аймағымен көлік байланысын нығайту мақсатында Түрікменстанға тікелей қатынайтын жаңа жүк теміржол бағытын іске қосты.

Фото: rail-news.kz
Алғашқы пойыз Цинхай провинциясының Синин қаласынан Түрікменстанның Балқан уәлаятына қарай жолға шықты. Электротехникалық өнімдер, автобөлшектер, киім-кешек және өзге де тұтыну тауарлары тиелген 55 контейнерден тұратын құрам қытай-қазақ шекарасындағы «Қорғас – Алтынкөл» өткелі арқылы өтіп, бұдан әрі Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы діттеген жеріне жетеді. Бұл бағыт бойынша тауар жеткізу уақыты шамамен 14-15 тәулікті құрайды.
Жаңа логистикалық сервистің ашылуы Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасының қарқынды дамуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәселен, Тәжікстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың алғашқы бес айында 1,4 миллиард долларға жеткен. Бұл ретте Қазақстан Қытайдың өңірдегі басты серіктесі ретіндегі орнын сақтап қалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық рекордтық көрсеткішке — 48,7 миллиард долларға жетсе, биылғы бес айда тауар айналымы тағы 27 пайызға өсіп, 22 миллиард долларды құрады. Мамандардың болжамына сүйенсек, 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 50 миллиард доллардан асып жығылуы мүмкін.
Түрікменстанға ашылған жаңа теміржол желісі Қытайдың халықаралық жүк тасымалы мүмкіндігін арттырып, Бейжіңнің Орталық Азиямен арадағы көлік дәліздерін дамытуға бағытталған стратегиялық курсын айқын көрсетеді.