23.11.2021, 10:10
Оқылды: 129

Мәнерлеп оқып жарысты

Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғырым!» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауға облыс мектептеріндегі 4-8-сынып оқушылары қатысты.

60

Жас ұрпақты ұлтжандылық сезімге тәрбиелеуге, ұлы мерекенің қадір-қасиетін ұлықтауға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оқушылардың білімге, кітапқа деген құштарлығын арттыруға бағытталған жарыс жоғары деңгейде өтті.

Байқауға қатысуға 15 қарашаға дейін 221 оқушы өтініш білдірген. Соның 44-і іріктеуден өтіп, финалда өнер көрсетті. 4-5-сынып оқушылары Отан, туған жер, 6-7-сынып оқушылары тәуелсіздік жетістіктері, желтоқсан оқиғасы, танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері тақырыбындағы өлеңдерді, 8-сынып оқушылары Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасын жатқа оқыды.

Қатысушылардың тақырыпты ашуына, мәнерлеп оқу ерекшелігіне, дикция тазалығына баса назар аударылды. Өлең оқуға 3 минут уақыт берілді. Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Жарасқан Әбдіраш, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Есенғали Раушанов, Ғайса-Ғали Сейтақ, Ертай Бимұқанов, Ақберен Елгезек, Әлібек Шегебай өлеңдері көп оқылды.

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты ұстазы, магистр Бақтыгүл Ерғалиева, Құрманғазы атындағы саз колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Ажар Каменова қатысушылардың өнеріне баға беріп, жеңімпаздарды анықтады.

Жас айырмашылықтары бойынша Санжар Саматов (№47 мектеп, 4-5-сынып), Айсұлу Қобылан (М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі, 6-сынып), Сансызбай Джафар (№41 мектеп-лицейі, 7-сынып), Мақсат Ғапаров (№20  мектеп, 8-сынып) бас жүлдеге ие болды.

Нұрайна Мәлік (А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясы, 4-сынып), Аманжан Манатау (№47 мектеп, 5-сынып), Әсем Ережеп (№41 мектеп-лицейі, 6-сынып), Айбарыс Миразат (М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі, 7-сынып) 1-орынның биігінен көрінді. Жеңімпаздар дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

– Мектеп оқушылары, ұстаздар байқауға қатысуда белсенділік танытты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры, қалалық білім бөлімі бізге қолдау көрсетті. Оқушыларға ел тарихынан сыр шертетін құнды кітаптарды сыйға тарттық. Балалар байқауға ерекше дайындалған. Жарасқан Әбдіраштың өлеңін оқыған оқушы ақын ағасына еліктеп, шаш үлгісін де ақынға ұқсатып қойыпты. Қатысушылардың бәрі осы байқауда поэзиялық, прозалық шығармалар арқылы тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғынды деген ойдамыз. Балалар кеудесін рухты жырға толтырып, керемет әсерге бөленді, – деді Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы, «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлназ Хамзина.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале