27.02.2022, 9:40
Оқылды: 216

Мәңгілік тақырыпқа диалог

 «Үзілістің» бүгінгі қонағы –  педагогика ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті педагогика және психология кафедрасының профессоры, қалалық мәслихат депутаты Светлана Меңдіғалиқызы Бахишева.

WhatsApp Image 2022-02-27 at 09.05.23

Дариға Ғазезқызы:

– Светлана Меңдіғалиқызы, әр адамның ғұмыр жолы бір-бір кітап десек, сенің ғұмыр кітабың білім, ғылым, тәлім-тәрбиемен бірге өрілген деуге болады.  О баста өзіңнің де халықтық педагогика бастауынан қаныға сіміріп, ұлттық негізде қалыптасқан адам екенің әр қадамыңнан, әр ісіңнен білініп тұрады. Ғалым, ұстаз, қайраткер Светлананың өскен ұя, жүрген ортасы туралы  білгісі келетіндер аз  болмас  деп ойлаймын.

Светлана Меңдіғалиқызқы:

– Рақмет, Дариға апа.  Өзіңіз сияқты адамгершілік академиясы – ауыл атты алтын бесікте өсіп жетілген, ата-мен әженің бауырында еркелеп өскен қызбын мен де.  Әке-шешеміз қарттардың көзінше маңымызға жоламай, мейірімдерін үнсіз ғана сездіріп өсірген.

Атамның ескіше оқуы бар, әжептәуір сауатты адам болды. Көп жерлерде болған,  дүние көрген адам еді. Қайда шықса да, толтырып кітап алып келетін. Жыр, қисса, дастандардың не бір түрі  болатын біздің үйде. Соның бәрін біздерге сарнатып  оқытып қоятын.  Өздері көтермелеп, «Әп,  бәрекелде!», «Апырмай!», «Еу, дүние!» деп, тамсанып тыңдайтын кеп. Сондағылары бізді оқуға ынталандыру, қазіргіше айтқанда, мотивация  екен ғой, енді ойласам.

Анам өлең жазатын. Кітаптарды, оның ішінде  поэмаларды көп оқитын. Менің де соларды оқып шығуымды қадағалайтын. Мақал-мәтелдердің мәнісін саралап түсіндіріп, сөз сырына үңілуді үйден-ақ  үйретіп шығарған. Өскен ұям осындай болды менің.  Өнген, жүрген ортам – білім, ғылым жолында еңбек еткен ғибратты орта болғанына шүкіршілік қылам.  Адами  құндылықтарды қадір тұтатын көзқарас осылайша қалыптасқан  шығар.

Дариға Ғазезқызы:

– «Білім негізі – тәрбиеден» деген тұжырымға өзіңнің еңбек жолың да дәлел бола алады екен, қарап отырсам. Қа­зір бір қарасаң, білім ошақтарында  тәрбие жұмыстары қайнап жатқан сияқты. Мектеп толған іс-шара, оның сыртында қаншама  қосымша тәрбие орталықтары,  түрлі ақылы үйірме, секция жұмыс істеп тұр. Солардың екпініне қарағанда, қоғамның келбеті ендігі жарқырап кетуі керек еді. Сабақтан босай сала топ-тобымен  мектептен тыс тәрбие беретін   арнаулы орындарға жүгірген балалардың, тіпті,  бала болып ойнауға уақыты да қалмайтындай. Қала берді, интернет қарап,  телефон шұқылаумен, «өзімен-өзі өсіп шыққан»  кісікиік  ұрпақ қандай қоғам құрар екен?  Нені аңдамай қалдық?

Қай тұстың топсасы босап кетті? Неліктен тәрбиеліліктен көрі тәрбиесіздікті,  өресіздікті,  қатыгездікті, әпербақан менменшілдік пен тайыздықты жиі кездестірудеміз?

Светлана Меңдіғалиқызқы:

 – Иә, бұл сұрақ тек білім саласы қауымын ғана емес, жалпы есі бар адамның барлығын да ойландырады деп есептеймін. Соның ішінде қоғамдағы келеңсіздіктерді,  әлеуметтік желілерде қаптаған жайсыз көріністер мен сауатсыздықты, дөкірлікті көргенде педагог ретінде түңіліп  кете  жаздайтыным  бар.

Қай жерден мүлт кеттік? Оны саралап, сараптап отыратын, ұстаздықтың қазанында қайнап шыққан, қоғам үшін жауапкершілікті өз қалауымен арқалап алатын және батыл үн қататын пассионар тұлғалар бар ма ардагерлер  қатарында?  Болса,  оларға құлақ түруге, беталысты оңға бұруға  ниет бар ма  кейінгілерімізде? Қайда барамыз?

«Жаңа Қазақстан»  құруға жол бастаған  Президентіміз Қасым-Жомарт  Кемелұлының іс-қимылын қолдауға дайынбыз ба, әлде не болса, соны сөз қылғанға мәз болып, жан-жаққа тартып жүре береміз бе? Мені осы жағы ойландырады. Ұрпақтың тәрбиелі болмағы – ұстаздан,  қоғамның өркениетті болмағы – өзімізден екенін айтып жатудың өзі артық. Білгіштіктің үдегені сонша, бір-бірімізді тыңдаудан да қалып бара жатқан сияқтымыз.

Осының бәрі, ең әуелі, отбасы құндылықтарының әлсіреуінен бе деп ойлаймын. Осы бір адами қасиеттің биік тұғыры  аласарып,  ұлттық ажарымыз күңгірттеніп кеткендей.

Ата-әже институты, ағайын-бауыр,  нағашы-жиен,  өзіңіз кітап қылып шығарған абысындар институты қайда?  Қайырымдылықтың, мейірімділіктің,  сыйласа-қадірлесе білудің қайнар көзі осынау қарым-қатынастарда еді ғой. Әркімнің ойы қара басының қамынан аспайтын шолақ өреге, қарау пиғылға, тайыз деңгейге, күншілдікке қашан  ұрындық?  Қайтіп шығамыз бұл тұйықтан?  Міне, педагогтер қауымының да, ата-аналар қауымының да бас қатыруға тиісті, өзекті мәселесі осы болса керек тап бүгінгі таңда.

Ата-ана  «Баламның тамағы тоқ, көйлегі көк болсын, ешкімнен кем қалмасын,  қолында телефоны болсын»  деген материалдық қажеттілікті бірінші қояды көбіне. Қала берді, не де болса оқытып, қолына диплом ұстату. Бәрінің оқытатыны экономист,  юрист,  шет тілі мамандықтары және кәсіп болатын, ұрпағына, әулетіне нәсіп болатын мамандықтарды алуға  ниет  жоқтың  қасы.

Мектепті «3» деген бағамен әзер  бітірген баланың «жоғары білім» алып шығуы оңайдың оңайы болып кетті... Сондай  «мамандар» білім, ішкі істер және басқа да салаларды жайлап алғасын, арғы жағын біле беріңіз. Отбасы ұстанымын айтып  отырғаным  сол.

Бағыт-бағдар үйдегі тәрбиеден басталады. Ол анық. Меніңше, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тегін айтылған сөз емес.

Еуропа елдеріндегідей  «бизнес ашсам, мейрамхана салсам, қымбат көлік алсам» деген арманның жетегінде кетті кейінгі жастар.  Ал дүнияуи құлқын құрсауына түскен сол прагматикалық елдердің адами бейнесін қарасаңыз, жаныңыз шошиды. 15 жасқа толған баласын пәтер жалдап, бөлек шығару да,  оның одан арғы өміріне еш қайғырмау да,  қартайған әке-шешесін приютқа тапсырып жіберу де солардан шықты. Бізге де жұға бастады. Бөлек шығармағанмен,  баласының қайда, кіммен,  немен шұғылданып жүргенін білмейтін, білгісі де келмейтін ата-аналар аз емес. Қарттар үйлері де  сұранысқа ие.

Мүмкін, тіпті мынау интернетке шұқшиған  заманда шетелдің осынау тірлігін көріп-білген, өз ұлттық тәрбиесінен кенде қалған кей жастарымыз  Еуропаның сол  салтын  қалыпты нәрсе деп қабылдап  та жүрген шығар? Ондай қате қадам, шалыс жолға, бөгде түсінікке  тосқауыл қоятын иммунитетті қайдан аламыз, баланың ұясы – отбасы дұрыс тәрбие беруде кеш қалған болса?

«Мүлт кетудің басы отбасы жағдайларынан басталды ма?»  деп пайымдайтыным сол.

Дариға Ғазезқызы:

– Келісемін. Тектілік пен тексіздіктің, көргенділік пен көргенсіздіктің ара жігін ажырата білуді санасына құйып тастауды меңгерсек қайсы, жас буынның. Саны бар да, сапасы жоқ,  сыртқы пішінін түгелдеп,  есеп үшін көрініске өткен  жансыз тәрбие шараларынан не пайда? Балаға тәрбие бермек түгілі, айналасын азан-қазан жасап, шулатып, дау қуып жүретін мұғалімдерді де, әріптеске әлімжеттік жасайтын мектеп директорларын да әлеуметтік желілерден  көзіміз шалып қалып жатады.  Оның бәрін оқушылар да оқып, біліп отырады. Содан кейін ол мектепте өткен шарадан қандай қайтарым болуы мүмкін? Мұғалімнің, мектептің беделін көтеру жалақыны көбейтумен шешілмейтіні белгілі болды. Енді не істемек керек? Қатардағы мұғалімнен бастап, бірнеше мектептің директоры, мұғалімдер білімін жетілдіру институтының проректоры, университет проректоры, білім сапасын тексеру департаментінің басшысы, Білім және ғылым министрлігінің  жоғары білім беру департаментінің басшысы, педколледж директоры деген лауазымды қызметтерді абыроймен атқара жүріп, осынау маңызды саланың жұмыс ырғағына да,  сапасына да кесірін тигізетін алуан түрлі  келеңсіздіктерден арылу, болдырмау жолдарын тапқан жоқсың ба? Осы тақырыптарда талқылау, талдау,  семинар сияқты бір нәрселер жасап тұруға болмас па еді?

«Түйені жел шайқаса,  ешкіні көктен ізде» дегендей, мектепте озбырлық пен дүрдараздықты, мұғалімнің түрлі-түрлі  мінездерін көріп өскен баланы қатыгез болдың,  жауыздық жасадың деп кінәлау  қаншалықты  орынды?

Светлана Меңдіғалиқызқы:

– Айтатыны жоқ... Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзінде  үлкен мән жатыр.  Әлемнің ең дамыған 46 елінің ғалымдары  ОСР (экономикалық  ынтымақтастық және даму ұйымы) мүшелері болып бірлесіп, әлемдік білім беру ісіне сараптама жасапты. «2030 жылға дейін күтілетін  нәтиже, яғни мақсат  қандай?»  деген сұраққа жауап іздеген екен. Басқаша айтқанда,  адамзатқа білім саласынан әсіресе не қажет екеніне жан-жақты зерттеу жүргізген.

Сонда білімділік деңгей ең төменде, яғни базалық білім ретінде ғана тұр, ал ең жоғарғы орында – тәрбие мен адами құндылық дағдысы қойылған. Демек,  баланы білімді қылу – ұлы істің кішкентай бір бөлігі ғана,  бастысы – тәрбие беру,  адами құндылық дағдыларын игерту екен. Неліктен? Қазіргі қоғамды қараңызшы, қанша стресс бар: интернеттің, әлеуметтік желінің «факті» мен «фейкін» сүзгіден өткізіп отырмаса, ақпараттық зияны қаншама, тіпті түрлі аурулар, есірткілік, энергетикалық, жасанды «желіктіргіштер», түрлі бағыттағы «үгіт-насихатшылар» қаншама. Ал соның барлығы қарғадай кезінен баланың шақшадай басын шарадай қылады, жас балада соған қарсы тұра алатын тек қана мықты тәрбие өзегі мен тұрақты мінез-құлқы ғана деген пікірге келді замана педагогтері.

Ал  біздің білім саласындағы бағыт ше? Мұғалім пә­нін үйретумен ғана шектеледі,  жоғарғы оқу орындары  пән мұғалімдерін (тәлім-тәрбие бере алушыны емес) дайындайды,  мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары  тағы да сол пәнді оқыту тәсілдерін әрі қарай дамытумен ғана шұғылданады.

Тәрбие беру туралы әңгіме жоқ. Білім тәрбиеге, мейірімділікке, адамдыққа негіз болуы тиіс.

Тіпті, Білім және ғылым министрлігінің «Тәрбие концепциясының» өзін қайта қарау керек пе деп ойлаймын. Қай бағытты негізге алып, неге сүйеніп жазылды екен ол тұжырымдама,  батыстың ережелеріне ме, әлде өзіміздің ұлттық, адами құндылықтарымызға ма?

Айналып келгенде, барлығы ұлттық идеологияға келіп тіреледі.

Қазіргі «идеология» бетімен кетіп, адамдардың  қалай да бірін-бірі жоққа шығаруына ұласқандай. Өзара дүрдараздық, озбырлық, жауыздық, мектепішілік бітпес дау,  оны шешуге немесе басуға құлықсыз білім басшылары т. б. келеңсіздіктерден бізді тәрбиелілік, тәрбиелілік, тағы да тәрбиелілік қана  құтқара алады.

Қоғамның беталысы адами құндылыққа мығым болғанда ғана түзеледі деп ойлаймын. Оның ішінде білім саласы да бар.

Дариға Ғазезқызы:

– Айтып кетсе, таусылмас әңгіме тиегін ағытып, аз-кем пікірлескенде толғағы пісіп тұрған біраз мәселені қозғадық. Мәңгілік тақырып – ұрпақ тәрбиесінің қыр-сыры қанша тарқатсаң,  сонша тарқатыла беретін ауқымды мәселе ғой.

Аға буын, ардагер педагог хақында айтарымыз көп, әрине.  Оның бәрін газеттің бір парағына сыйғызып беру мүмкін емес.

Үзіп-жұлмай, тұрақты түрде ашық әңгімеге тартып отырса, үлкендерді тыңдағаннан зиян болмасы анық. Бірақ... күніне бір жаңалық ойлап тауып, кешегіні бүгінгі, бүгінгіні кешегі түсінбейтін жағдайға жеткен қазіргі жағдайда  дағдарып та қалатын тұстар бар.

Бір нәрсе анық: тәрбиесіз білім – тұл.  Бұл – бұлтаруға болмайтын догма.

Әзірге оқығанға ой салып, қолға алғанға дем берсе, бұл диалогтың өз мақсатына жеткені.

Қалғанын жетелі оқырманның еншісіне қалдырдық...

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале