31.10.2023, 9:30
Оқылды: 24

Мейірім мерекесі аталып өтті

«Meruet_Grand_hall» мейрамханасында әлеуметтік сала қызметкерлерінің төл мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

da513b7d-c715-414c-ae4f-fe137bb0e806

Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлерінің төл мерекесі ретінде атап өтіліп жүр. Соңғы жылдары бұл саланы дамытуға бірқатар ресурс бағытталған. Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту – ол елдің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Әлеуметтік қызметкерлер қоғамдық ортаға адамгершілігімен, жанашырлығымен, шыдамдылығымен үлгі болуда.

Салтанатты іс-шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Сіздер күн сайын қамкөңіл жандардың игілігі үшін еңбек етіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға көмек көрсетіп келесіздер. Күнделікті жұмыстарыңызда өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың жарық дүниеге деген құштарлығын арттырып, шынайы қолдау көрсетесіздер. Қамкөңіл жандарға жүректеріңізден сәуле таратып, жанына шуақ сыйлайсыздар! Бұл бағытта сіздердің өлшеусіз еңбегіңіз көпке үлгі боларлықтай, – деп сөзін сабақтаған Бақытжан Хаберұлы әлеуметтік қорғау саласындағы саланың бірқатар қызметкерін марапаттады.

Бұл күні жылдар бойы қажырлы еңбегімен танылған әлеуметтік саланың біраз қызметкеріне құрмет көрсетілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Кемел Садбеков пен Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Светлана Вагапова «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгiсiн кеудесіне тақты. Сондай-ақ сала мамандары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасын, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің, облыс әкімінің алғысхатын  иеленді.

– Бүгінде облыста халықты әлеуметтік қорғау саласында 3 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде. Бұл – арнайы әлеуметтік қызмет түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді қамтитын үлкен әскер. Біз өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеміз. Сондықтан әлеуметтік салада кездейсоқ адам қызмет ете алмайды. Өйткені біздің жұмысымыз ерекше сезімталдықты, шыдамдылықты, жанашырлықты, мейірімділікті, өз ісіне адалдықты талап етеді. Әлеумет­тік салада түрлі мамандар (педагог, есепші, психолог, медицина қызметкерлері) еңбек етеді. Бірақ олардың бәрін біріктіретін – жүректің жылуы, мейірім, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова.

Салтанатты кеште жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік саладағы үздік мекемелер, «Үздік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы», «Үздік мансап орталығы», «Үздік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» анықталып, ҚР Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күніне орай ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік қызметкер» байқауына белсене қатысып, үздік атанған әлеуметтік қызметкерлерге түрлі дәрежедегі дипломдар табысталды.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале